Қостанайда Қазақстан халқы тілдері күніне арналған «Тіл – рухани қазына» атты мерекелік іс-шара өтті. Биылғы басқосу ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің туғанына 185 жыл толуына және қазақ тіл білімінің негізін қалаған ғалым Ахмет Байтұрсынұлының туған күні қарсаңына орай ұйымдастырылды.
Мерекелік шараны Қостанай облысы әкімдігі мәдениет басқармасының «Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталығы ұйымдастырды.
Биылғы іс-шараның Ыбырай Алтынсариннің 185 жылдығымен қатар аталып өтуінің де өзіндік мәні бар. Қостанай жерінде қазақ даласына білімнің шамын жаққан ұлы ағартушының есімі ерекше құрметпен аталады. Ал Ахмет Байтұрсынұлының туған күні қарсаңы – ана тіліміздің тағдыры мен дамуына ғұмырын арнаған тұлғаның еңбегін тағы бір мәрте еске алуға мүмкіндік береді.

Шара мақсаты — мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге атсалысып жүрген жандарға құрмет көрсету. Сондықтан бүгін біршама азаматтар «Ана тілін дамытуға қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен, ҚР Білім және ғылым министрінің құрмет грамотасымен және алғыс хатымен, облыс әкімінің құрмет грамотасымен, Мәдениет басқармасы басшысының алғыс хатымен және одан да өзге номинациялар бойынша марапатталды.
Қостанай облысы – этностық құрамы алуан өңірлердің бірі. 2025 жылғы 1 қаңтардағы мәлімет бойынша облыста 100-ден астам ұлт пен ұлыс өкілі тұрады. Осындай көпэтносты ортада тіл – адамдарды жақындастыратын, түрлі мәдениет пен дәстүр өкілдерін бір арнаға тоғыстыратын құндылық.

«Тілдарын» орталығы осы бағыттағы жұмыстарды 2007 жылдан бері жүргізіп келеді. Мұнда мемлекеттік және ағылшын тілдері оқытылады. Сонымен бірге жексенбілік курстарда татар, армян, корей және неміс тілдерін үйренуге мүмкіндік жасалған.
— Мемлекеттік тілді меңгеруге ниетті азаматтарға арналған курстардың аясы кеңейіп келеді. Соның ішінде шағын және орта бизнес өкілдеріне арналған қысқа мерзімді бағдарлама бар. 48 сағатқа есептелген 3,5 айлық курс барысында қатысушылардың кәсіби ортада қазақ тілінде еркін сөйлесуіне және іс жүргізу кезінде мемлекеттік тілді қолдануына басымдық беріледі. Біз жұмыста ересек адамдарға ерекше акцент жасаймыз. Қазір тіл үйрену форматы да өзгеріп келеді. Бұрынғыдай тек кітаппен жұмыс істеу немесе жазу емес, бүгінде оқыту форматы мобильді әрі тәжірибеге бағытталған, – дейді «Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталығы басшысының орынбасары Алтын Тәшмағамбетова.
Мемлекеттік тілде еркін сөйлесуге мүмкіндік беретін жобалардың бірі – 2021 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «СөйлеTime» клубы. Мұнда қатысушылар қазақ тілінде еркін диалог құрып, өз ойын жеткізуге машықтанады. Биыл клуб жұмысына «Долголетие» зейнеткерлер ұйымының мүшелері де қатысып, саябақтарға, театрлар мен мұражайларға барып, қазақ тілінде пікір алмасуға мүмкіндік алған.



— Тіл үйрету ісінің сапасы ең алдымен ұстаздың білімі мен кәсіби шеберлігіне байланысты. Сондықтан орталықта оқытушылардың біліктілігін арттыруға да ерекше көңіл бөлінеді. Жыл сайын дәстүрлі түрде «Үздік оқытушы», «Тіл шебері», «Мемлекеттік тіл – тәуелсіздік символы» атты байқаулар ұйымдастырылады. Оның аудандық, қалалық, облыстық және республикалық кезеңдері бар. Бұл сайыстарда Қостанай облысының өкілдері республикада жоғары нәтижелер көрсетіп, осы уақытқа дейін 10 жүлделі орынға ие болды, — дейді «Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталығы басшысының орынбасары Алтын Тәшмағамбетова. — «Тіл – рухани қазына» мерекелік іс-шарасы – осы еңбектің қорытындысын шығарып, тілдің дамуына үлес қосып жүрген азаматтарға құрмет көрсетуге арналған тағылымды басқосу.

Тілге деген құрмет – елге деген құрмет.Ыбырайдың «Кел, балалар, оқылық!» деп білімге бастаған үні мен Ахметтің ана тілін сақтауға арналған ұлы еңбегі бүгінгі ұрпақ үшін де маңызын жоғалтқан жоқ. Оны сақтау, дамыту және кейінгі ұрпаққа жеткізу – баршамызға ортақ парыз.
Ұлту ЖҮЗБАЙ
Суреттер «Тілдарын» орталығынан
