Кейінгі жылдары қаладағы триатлон-парк аумағында ауқымды абаттандыру және инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жүргізіліп келеді. Жалпы құны шамамен 5 миллиард теңге болатын жобалардың нәтижесінде парк заманауи демалыс және спорт аймағына айналды.
Қала әкімі Марат Жүндібаев парк аумағында арнайы болып, жүзеге асып жатқан жарқын жобалармен танысып қайтты.
– Бүгінде мұнда тұрғындардың жайлы демалысы үшін барлық жағдай жасалған. Атап айтқанда, спорт және балалар алаңдары салынып, жарықтандыру, бейнебақылау, дыбыстау және автоматты суару жүйелері орнатылған. Сонымен қатар, рокарийлер жасалып, шамамен 17 мың шаршы метр көгал төселді. Парк аумағына 2 мыңнан астам ағаш отырғызылып, жасыл желек көлемі айтарлықтай артты, – деді шаһар басшысы.
Ендігі жұмыстар коммерциялық және қызметтік үй-жайлар қарастырылған кіреберіс құрылысының аяқталуы, сондай-ақ суару жүйесін толық іске қосу. Парк аумағындағы қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпті сақтау мәселесі де ерекше назарда. Жауапты мекемелерге жүгіру және веложолдарды ретке келтіру, арнайы жолақ сызу және ескерту белгілерін орнату жөнінде тапсырмалар берілді. Қазіргі таңда бұл жолдарды спортшылармен қатар кішкентай балалары бар отбасылар да пайдаланады. Мұндай жағдайда қауіпсіздік талаптарын күшейту маңызды болып отыр.

Сонымен қатар, демалушыларға қолайсыздық тудыратын автокөлік прокаты мен түрлі аттракциондарды парк аумағында орналастыруға жол бермеу қажеттігі айтылды. Бұл шаралар тұрғындардың қауіпсіз әрі жайлы демалуына мүмкіндік береді. Көктем мезгілінде ерекше көрікке енген. Өткен жылы мұнда 10 мың қызғалдақ баданасы отырғызылып, бүгінде алқызыл гүлдер жайқалып тұр. Тұрғындар мен қала қонақтары үшін арнайы фотозона ұйымдастырылған.
Көктемгі гүлдену кезеңінде триатлон-парк табиғат аясында серуендеп, демалуға арналған ең әсем орындардың біріне айналып отыр. Қала тұрғындары мен қонақтары паркке келіп, ерекше атмосфера мен көктем көркін тамашалай алады.
Сералы Мырзабай
Фотосуреттер қала әкімінің парақшасынан
және «Наш Костанай» газетінің мұрағатынан алынды
