События

«Әуе толқынында – Қазақ радиосы» деген қоңыр үн санамызда жатталып қалса керек

Музейде «Қазақ радиосының» 100 жылдығына арналған жылжымалы фото көрме ұйымдастырылды

Бала кезімізде асханада ілініп тұратын ескі радионың құлағын марқұм әжем көп уақыт бұрап отырып, «Қазақ радиосын» тауып алатын. Сондағы радиодан шығатын «Әуе толқынында – қазақ радиосы», «Алматыдан сөйлеп тұрмыз» деген қоңыр үн әлі күнге дейін жадымызда жаңғырып тұр. Міне, сол Алматыдан сөйлеп тұрған «Қазақ радиосына» биыл 100 жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде қазақылықтың исі аңқыған радионың әсем әндеріне тербеліп, қаншама ұрпақ өсті.

Қазақ АКСР Халық комиссарлар Кеңесі 1921 жылдың 29 қыркүйегінде республикалық радиохабарын таратуды құру жөнінде шешім қабылдады. 1921 жылдың қазан айынан бастап Орынбор қаласындағы орталық радиостанция арқылы күн сайын 1600 сөзден тұратын өздері дайындаған радиобюллетеньді республикаға таратуға құқық беріледі. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының бастамасымен Қазақ радиосы Қазақстанның сол кездегі астанасы Орынбордан хабар таратты. Бұл республика әуе толқыны арқылы көпшілікке арналып берілген алғашқы радио хабары еді. 1932 жылы Қазақ радиосына жеке орындаушы ретінде қазақ киносы мен театр өнерінің негізін салушылардың бірі, қазақтың алғашқы «Амангелді» көркем фильмінде басты рөлді сомдаған Елубай Өмірзақов шақырылды.

Бір ғасыр бойы әуе толқынында шарықтаған «Қазақ» радиосы бүгінде көңіл сергітер әндерімен, танымдық тағылымдық жағы мол хабарларымен көпшіліктің жүрегіне жол тауып отыр.

Осы ретте Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Қазақ радиосының» 100 жылдығына арналған «Әуе толқынында – Қазақ радиосы» атты жылжымалы фото көрме дайындалды.

«Қазақ радиосы» журналист мамандарының нағыз ұстаханасы болды десек қателеспеген болармыз. Мұнда Қазақстан журналистерінің үлкен шоғыры Абай Өтегенов, Сәркен Оспанов, Нәзила Баймұратова, Тұрғынбек Шопанов, Қасымхан Ерсарин, Кәкімбек Наржанов, Дінәш Нұрмұхамедов, Александр Каптильный, Гера Кан, Виктор Фогт, Лариса Воронина, Игорь Денисов және басқа да жандар абыройлы қызмет атқарды.

Атап айтар болсақ, «Қазақ радиосының» аңызына айналған Мина Сейітова мен Әнуарбек Байжанбаевтың хабарларын қаншама ұрпақ тыңдап өсті. Қазақ радиосының дамуына Қостанай облысында туып-өскен журналистер мен дикторлар көп үлес қосты. Бір ғасырлық «Қазақ радиосының» даму тарихынан сыр шертетін жылжымалы көрмеде музей қорынан «Қазақ радиосында» қызмет еткен қостанайлық кәсіби тұңғыш диктор Мина Сейітова, Яков Алексенцев, Зияда Бекетова, басшылары Ертай Арысов, Аркадий Исенов, Қуаныш Орманов, ардагерлер Мағзұм Сағымбаев, Хайдолла Тілемісов, Қасымхан Ерсарин, Кәкімбек Наржанов, Тұрғынбек Шопанов, Серікбай Оспанов, Нағашыбай Мұқатов, Ақылбек Шаяхмет, Жанұзақ Аязбеков және басқа да радиожурналистер туралы фотосуреттер мен мәліметтер берілді.

-Қазақ елінің кең байтақ даласында үні сайрап тұрған «Қазақ радиосының» тарихы өте бай. Осы көрмені жасау мақсатында музей қызметкерлері көп ізденді. «Қазақ радиосының» тарихында біздің жерлес қаламгерлердің атқарған еңбегінің зор екеніне көз жеткіздік. Сол радионың бастауында тұрған тұлғалар жайында мәліметтер қарастырған кезімізді кейбіреуінің суреттерін таба алмаған кездеріміз де болды. Бірақ соған қарамастан ұлттық радионың тармағында болған жандарды қолымыздан келгенше фото көрмеге енгізуге тырыстық, – дейді музей қызметкері Назима Оташева.

Күні бүгінге дейін кең байтақ қазақ даласында сайрап тұрған радио ұжымына шығармашылық табыс тілейміз. «Қазақ радиосының» жеткізер жағымды жаңалығы көп болғай.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77