События

«Ыбырай – балалар әдебиетінің атасы» атты танымдық бағдарлама өтті

Шара барысында бүлдіршіндер ұстаздың өлеңдерін жатқа оқып, викториналық сұрақтарға жауап берді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында 2021 жыл – «Балалар әдебиеті жылы» деп жариялаған болатын.

Осы орайда, балалар әдебиетінің атасы Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдығы, Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығымен облыстық Ы.Алтынсарин мемориалдық музейінің 30 жылдығының тұспа-тұс келіп отыр.

Осы атаулы даталарға орайластырып, Ы.Алтынсарин мемориалдық музейінің ұжымы облыстық мәдениет басқармасының «Кітап ауласында» «Ыбырай – балалар әдебиетінің атасы» деп аталған мәдени-танымдық бағдарламасын өткізді.

Іс-шара аясында бүлдіршіндер ұстаз өмірі мен қызметі жайлы ақпарат алып, арнайы ұйымдастырылған жас Ыбырай ұстаздан өсиет тыңдап, ХХ ғасырдың жазба құралы сия сауыттын қолданып көрді.

Сондай-ақ балалар Ыбырай атамыздың шығармашылығы мен өмірбаяны негізінде құрастырылған викториналық сұрақтарға таласа жауап беріп, ұстаздың әңгімелерінің мазмұнын талдады. Өлеңдерін жатқа оқып, ән шырқап, би билеп өздерінің өнерлерін ортаға салды.

-Биыл «Балалар әдебиеті жылы» болғандықтан бүлдіршіндерге Ыбырай атамыздың шығармаларын кеңінен таныстыруды ұйғардық. Ашық аспан астында сән салтанаты келіскен киіз үйдің ішінде балғындар ұлт ұстазының жазған өлеңдерінің, әңгімелерінің түп мағынасына зер салды.

Бала үшін өзі жатқа білетін шығарманың мағынасында дұрыс түсінуі маңызды. Олар ағартушының қай еңбегі болса да, білімді, тәрбиелі, иманды болуға шақыратынын түсінді.

Ұстаздың асқақ арманы ұлтынның сауатын ашу болғанын білді. Білімді жан ғана өмірде өз орнын табатынын пайымдады. Кітапты тек оқып ғана қоймай, онда жазылған ойды, мағынаны көңілге тоқу да маңызды екенін білді. Осыны түсінген бүлдіршіндер болашақта өздері оқыған әр шығарманың мағынасына ерекше зер салатындарын айтты, – дейді музейдің ғылыми қызметкері Шынар Досмағамбетова.

«Кітап – білім бұлағы» дегендей ұлтын білімге жетелеген Ыбырай Алтынсаринді толық танып-білу мүмкін емес шығар. Сонда да жасжеткіншектерге білімнің алғашқы қоңырауы болған қайталанбас тұлға жайында айтып, саналарына сіңіру біздің басты парызымыз болса керек.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77