Біздің Қостанай

Жеке кәсіппен айналысу арманым еді

дейді нәзік жандылардың тырнағын сәндеумен айналысып жүрген Айнұр Омарова

Бүгінде жеке кәсіп ашып, жұмысын дөңгелетіп жүрген жандардың саны күн санап артып келеді. Жеке кәсіпке қорықпай, бар ынта-шынтасымен кірісіп, түбінде сол істің майталманына айналып жатқан қаншама нәзік жандылар да бар. Олардың өз жұмысына аса жауапкершілікпен қарап, жоғары сапада жұмыс жасайтынын айтпасақ та белгілі.

Менің бүгінгі кейіпкерім сұлулықтың символы әйел қауымына маникюр, педикюр және подология қызметін көрсететін студия ашып, көпшіліктің алғысына кенелеп отырған жан Айнұр Омарова.

Айнұр Хабиболлақызы Науырзым ауданы Қайғы ауылында дүниеге келген. Бала кезінде отбасы Шолақсай ауылына көшіп келіп, сонда мектеп бітірген. Мектепті тәмамдаған жас түлек қазақ тілі мен әдебиетіне пәніне жақын болған соң қаламыздағы А.Байтұрсынов атындағы өңірлік мемлекеттік университетінің журналистика мамандығына оқуға түседі. Мұнда 2003-2008 жылдар аралығында білім алып, жоғары білімді дипломға ие болады.

Бірақ оқыған мамандығы бойынша жұмыс істемей жеке кәсіппен айналысуды ұйғарады. Қолы епті, әдемілікке жаны құмар Айнұр Хабиболлақызы қазіргі қыз-келіншектердің үлкен қызығушылығына ие болып отырған маникюр мен педикюр қызметімен айналысуды бастайды. Алғашында қызметке керекті құралдарды сатып алып, туған-туыс, таныстарының тырнақтарын сәндейді. Уақыт өте осы мамандық бойынша тәжірибе жинақтау мақсатында қаламыздың сұлулық салондарының біріне жұмысқа орналасады. Мұнда бір жарым жылдай жұмыс істеп, маникюр мен педикюрдің қыр-сырын толық меңгереді. Адамдармен қарым-қатынас жасауды, көпшілікпен жұмыс істеуді үйренеді.

Сондай-ақ ол үнемі Нұр-Сұлтан қаласына барып, өз саласының білгірлерімен жолығып, тәжірибесін толықтырып отырады. Сән бір орында тұрған ба. Жыл сайын сан өзгеретін тырнақтың үлгісі мен түсі Айнұрды әрдайым ізденіс үстінде жүруге итермелейді. Ол жылда өзгеретін тырнақтың түсі, оған салынатын суреттерді жіті бақылауда ұстайды. Әрдайым сән үлгісінен қалыспай, келушілерге сәнді де әдемі маникюр мен педикюр жасап беруге тырысады.

Осы істі қолға алып істі дөңгелетіп келе жатқанына биыл 5 жылдың жүзі болды. Былтыр мемлекеттік бағдарлама бойынша өзінің жеке кәсібіне қажетті құралдарды сатып алуға 550 мың 600 теңге көлемінде мемлекеттік грантты ұтып алып, бүгінде жеке сұлулық студиясын ашып жұмысын жалғастырып отыр.

Болашақта бұдан да үлкен қаражат бөлінетін мемлекеттік жобаға қатысып, кәсібін кеңейтуді қалайды. Сондай-ақ болашақта тек маникюр және педикюр жасап ғана қоймай, аяқты, тырнақты емдейтін қызметтерді де жүзеге асыру ойында бар.

-Маған келетін нәзік жандылардың ішінде бала кезде тырнақты дұрыс алмағанның салдарынан, тырнағы дұрыс өспеген немесе тырнақтың жан-жағындағы еттердің қабынғаны сияқты әртүрлі кемшіліктері бар жандар келеді. Ондай кездері біз қолымыздан келгенше емдеп, әдемі маникюр, педикюр жасап беруге тырысамыз.

Бірақ бұл толық подология қызметі болып саналмайды. Алдағы уақытта тырнаққа тек маникюр мен педикюр жасап ғана қоймай, аяқты, тырнақты емдейтын қызмет ұсынуды жоспарлап отырмын.

Егер шындығына келсек, боялған тырнақ емес сау тырнақ сұлу көрінеді. Қазіргі таңдан ауру тырнақты бояп маникюр жасап беретін сұлулық салондары өте көп. Бірақ тырнақты сәндеп ғана қоймай, оны емдейтін орындарды табу қиын. Сондықтан болашақта мемлекет тарапыннан жеке кәсіпкерлерге ұсынылатын жобаларға қатысып, осы салаға қаражат ұтып алғым келеді. Әрине, бұл болашақтың еншісінде, – дейді ол.

Айнұр сұлулықты тек сырты жылтырап тұрған зат деп тануға болмайтынын айтады. Маникюр мен педикюр жасалған саусақтың, бәшпайдың тырнақтары сау болуы керек. Сонда ғана ол әдемі де сұлу болып көрінетініне сенімді. Осы мақсатта болашақта қызмет көрсетуді алдына жоспар етіп қойған.

Ол бүгіннің өзінде тұрақты келушілердің тырнақтарын сәндеумен қатар емдеуменде айналысуды бастап кеткенін айтады. Содан болар, оған бір келген кісі тұрақты келуші болып қалады.

-Маған тырнақтарына сәнді маникюр, педикюр жасату үшін келетіндер тұрақты адамдар. Күніне алдын ала жазылу бойынша 5 адамға дейін келеді. Олардың барлығы жасаған маникюр, педикюрімнің сапасына көңілдері толып, алғыстарын білдіріп жатады, – дейді сұлулықтың хас шебері Айнұр Хабиболлақызы.

Бүгінде Мансұр есімді ұлына тілімді тәрбие беріп, күнделікті табысына қанағат етіп отырған маманның кезінде осы жеке кәсіппен айналысып, өз алдына жұмыс істеуіне қайын енесі Ботагөз Жанәбілқызы қолдау көрсеткен екен. Ол «өзіңнің жеке кәсібіңді ашсаң, мен әрдайым қолдаймын. Қазір қолынан келген жұмыспен айналысып кәсібін дөңгелетіп отырған жандар көп» деп қорықпай осы кәсіпті қолға алуына мұрындық болыпты.

Қазір сол кездерді есіне алып, уақытында ақыл-кеңесін беріп, қаржылай да қолдаған осы мейірімді жанға шексіз риза екенін айтады.

Қай істі де бас тау қиын, бастағасын тастау қиын емес пе. Айнұр Хабиболлақызы бастаған ісін жарты жолда тастамайтын қайсар жандардың бірі. Оның болашаққа деген талабы да таудай биік. Біз де оның кәсібіне толағай табыс тілеп, әрдайым сәттілік серік болсын дейміз.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА
Суретті түсірген Әбіл ДОСЖАНОВ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77