Жоғалудан қалған Жуков. Мемлекет пен кәсіпкер серіктестігі ауылды қалай жандандырды?

Өңірімізде соңғы жылдары картадан жойылып жатқан ауылдардың бары жасырын емес. Алайда, Қостанай ауданындағы 149 жылдық тарихы бар Жуков ауылы бұл тізімге кіру былай тұрсын, керісінше, жаңа серпінмен дамып келеді. «Ауылды жаңғырту» бағдарламасы мен жергілікті инвесторлардың бірлескен жұмысының арқасында бүгінде Жуков заманауи, инфрақұрылымы дамыған және жастар ағылып келетін берекелі мекенге айналды.

Жуковтың жандану сыры: цифрдың ар жағында не тұр?

Ауылдың жағдайын бағалағанда ең алдымен халық санына қараймыз. Бұл тұрғыдан алғанда Жуков ауылының соңғы жылдардағы көрсеткіші көңіл аударуға тұрарлық: 2019 жылы мұнда 220 адам тұрса, қазір тұрғындар саны 321-ге жеткен. Яғни бірнеше жыл ішінде ауыл халқы 101 адамға немесе шамамен 46 пайызға өскен.

Шағын елді мекен үшін бұл жай ғана статистика емес. Өйткені ауылға 101 адамның қосылуы – ондаған отбасының тағдыры, жаңа жұмыс орындарына деген сұраныс, баспанаға, балабақшаға, мектепке қажеттіліктің артуы деген сөз. Ең маңыздысы – бұл өсім ауылда қатар жүріп жатқан экономикалық және әлеуметтік өзгерістермен байланысты.

Жуковтың мысалы бір нәрсені анық көрсетеді: ауылды сақтап қалу үшін тек тұрғындарды ұстап қалу жеткіліксіз. Адамдардың ауылға келуіне және осында қалуына жағдай жасау қажет. Ауылда халық санының өсуі өздігінен келген нәтиже емес. Алты жылдан астам уақыт ауылда жаңа баспана салынып, әлеуметтік нысандар ашылып, инфрақұрылым жаңарған.

Бүгінде онда 95 тұрғын үй бар. Сонымен қатар соңғы жылдары 44 пәтер салынған. Мұндағы қарапайым арифметиканың өзі көп нәрсені аңғартады: ауылдағы қолданыстағы тұрғын үй қорына жаңа пәтерлердің қосылуы – мамандарды тартудың нақты тетігі. Олар жас мамандарға, мектеп мұғалімдеріне және ауылдағы кәсіпорындарға жұмысқа келген мамандарға берілген. Ауыл әкімі Алтынбек Нұртаевтың айтуынша, ендігі мақсат – осы үрдісті жалғастыру. Ауыл басшысы алдағы уақытта тұрғындар санын арттырып, жеке кәсіпкерлікті дамытуды жоспарлап отырғандарын айтады. Демек, Жуков үшін демография жеке мақсат емес. Халықтың көбеюі – ауыл экономикасын кеңейтудің алғышарты.

Инфрақұрылым: жайлылықтан бұрын тұрақтылық

Жуковтағы өзгерістердің екінші маңызды көрсеткіші – инфрақұрылым. Ауылдың барлық көшесі асфальтталған, газ тартылған және көшелер 100 пайыз жарықтандырылған. Үш көрсеткішті бөлек қараудың қажеті жоқ. Себебі олар ауыл тұрғынының күнделікті өмір сапасын анықтайтын базалық жағдайлар.

Бірақ ауылдың өміршеңдігін жол мен газдың өзі қамтамасыз етпейді. Адамның ауылда тұрақтап қалуы үшін әлеуметтік қызметтер де қолжетімді болуы керек. Айталық, тоғыз жылдық мектеп бар, онда 60 оқушы білім алады. Өткен жылы ауыл меценатының қаржысына балабақша салынып, қазіргі кезде екі топта 50 бала тәрбиеленіп жатыр. Мемлекеттік бюджет есебінен фельдшерлік пункт ашылғаны да белгілі.

44 пәтер мәселені шешті ме?

Жаңа тұрғын үй салу – маман тартудың тиімді жолы. Бірақ 44 пәтердің берілуі басқа бір мәселені алға шығарады: ауылға келген маманды үймен қамтамасыз етуге болады, ал оны ұзақ мерзімге ұстап қалу үшін тұрақты жұмыс пен кәсіби өсу мүмкіндігі қажет. Жуковта бұл мәселені кәсіпкерлікпен қатар шешуге тырысып жатыр. Ауылда құс фабрикасы жұмыс істейді, 2025 жылдан бастап мал сою цехы іске қосылған. Егін және мал шаруашылығы дамып келеді. Яғни тұрғын үй мен жұмыс орны бір-бірін толықтырып отыр.

Бұл – ауылды дамытудың маңызды моделі. Егер тек үй салынса, бірақ жұмыс болмаса, жаңа баспана тұрақты демографиялық өсімге әкелмеуі мүмкін. Ал жұмыс бар болғанымен, баспана болмаса, маманды ауылға тарту қиындайды. Жуковтағы жаңа пәтерлердің мәні де осында: баспана экономикалық саясатпен бірге жүргенде ғана нәтиже береді.

321 тұрғынға – 100-ден астам жұмыс орны

Жуковтың экономикалық әлеуетін бағалауда тағы бір нақты дерек бар. Жергілікті кәсіпкер, ауылдың көркеюіне ерен еңбек жасап жүрген меценат Валерий Розумовичтің кәсіпорындарында ауылда 100-ден астам жұмыс орны ашылған. 321 тұрғыны бар ауыл үшін бұл аз көрсеткіш емес. Әрине, жұмыс орындарының барлығы тек ауыл тұрғындарына тиесілі деп айтуға болмайды. Бірақ көрсеткіштің өзі жергілікті бизнестің ауқымын аңғартады.

«RIvan» ЖШС басшысы Иван Розумович осы ауылда он жылдан артық уақыттан бері ауылшарушылығымен айналысып келеді. Ауылдағы кәсіптің қыр-сырын меңгерген маманның сөзінде жан бар.

– Ауылда кәсіпкерліктің өз оң жағы мен кемшілігі бар. Негізгі кемшілігі – логистика. Ал жақсы жағы – ауылда құрылыс қалаға қарағанда арзан және бәсекелестік жоқ. Жер алып, шағын немесе орта кәсіп бастауға болады. Мемлекет қолдайды, – дейді Иван Розумович.

Осы жерде Жуковтың тағы бір ерекшелігі көрінеді: ауыл экономикасы бір ғана кәсіпорынға сүйеніп қалмаған. Мұнда құс шаруашылығы, ет өңдеу, егін және мал шаруашылығы қатар дамып келеді. Бұл – экономикалық тұрақтылық үшін маңызды. Бірақ басты әлсіздігі – кадр тапшылығы. Жұмыс орындарының болуы бір мәселе, сол жұмысқа қажетті адамды табу – екінші мәселе. Жуковта дәл осы кадр тапшылығы сезіліп отыр.

Иван Розумовичтің айтуынша, ауылда бұрын еңбек еткен тәжірибелі мамандардың бір бөлігі қазір зейнет жасына жеткен. Сондықтан жаңа кадр қажет.

Бұл мәселенің демографиямен тікелей байланысы бар. Халық саны өскенімен, ауыл шаруашылығы сияқты салаларға қажетті нақты мамандардың саны автоматты түрде артпайды. Демек, келесі кезеңдегі міндет – жай ғана тұрғын санын көбейту емес, экономикаға қажет еңбек ресурсын қалыптастыру. Осы тұста жергілікті кәсіпкердің мектеп түлектерін ауылға қажетті мамандықтарға өз қаражатына оқытуға дайын болуы маңызды бастама. Егер бұл жүйе жолға қойылса, бүгінгі мектеп оқушысы ертең ауылдың механизаторы, агрономы немесе өндіріс маманы болуы мүмкін.

Асхаттың таңдауы – ауылға деген көзқарастың өзгерісі ме?

Жуковқа келген жас маман Асхат Жүрсіннің оқиғасы осы үдерістің адамдық қырын көрсетеді. Қостанайдың тумасы 15 жыл Астанада тұрған. Соған қарамастан ауылға оралып, «RIvan» ЖШС-де механизатор болып жұмысқа орналасқан.

– Мен ауылға ақша үшін емес, идея үшін келдім. Ауыл көтерілуі керек, – дейді ол.

Бұл сөзді жай ғана патриоттық ұстаным ретінде қабылдауға болады. Бірақ оның алдында нақты жағдайлар тұр: ауылда асфальт бар, газ бар, жарық бар, балабақша бар және жұмыс бар. Яғни Асхаттың ауылға келуіне идеямен қатар өмір сүруге қажетті базалық жағдайлардың болуы да әсер еткен. Сонымен бірге оның бір мәселеге назар аударуы маңызды: Жуков мектебі тек тоғыз сыныптық қана. Бұл – ауылдың келесі демографиялық шегін анықтайтын факторлардың бірі.

Қазір мектепте 60-қа жуық бала оқиды. Егер халық саны әрі қарай өссе, мектептегі бала саны да артады. Бірақ жаңа мектеп немесе жоғары сыныптар мәселесін шешу үшін тиісті көрсеткіш қажет. Сондықтан Жуков үшін 321 тұрғын – соңғы межеден гөрі келесі әлеуметтік шешімдерге бастайтын бастапқы көрсеткіш.

Кәсіпкерлік тек саудамен шектелмейді

Жуковтағы кәсіпкерліктің тағы бір маңызды белгісі – оның қызмет көрсету саласына қарай кеңеюі. Әсия Юсупова жолдасымен бірге алты жылдан бері «Салем» супермаркетін жүргізіп келеді. Негізгі мақсат – ауыл тұрғындарына тауарды қолжетімді ету.

Бұдан бөлек қонақүй-мейрамхана кешені жұмыс істейді, жастар мерекелік және отбасылық шараларды ұйымдастыру қызметтерін ұсынады. Бұл шағын көрінгенімен, ауыл экономикасы үшін маңызды өзгеріс. Өйткені тұрғындардың барлығы бірдей ауыл шаруашылығында жұмыс істемейді. Біреу саудамен, біреу тамақтандырумен, енді бірі қызмет көрсетумен айналыса алады. Экономиканың осылай әртараптануы ауылдың бір ғана саланың жағдайына тәуелділігін азайтады.

«Бір ауыл – бір өнім»: келесі сынақ

Жуков енді ауыл шаруашылығын жеке шаруашылықтар деңгейінен кооперация деңгейіне көтеруді көздеп отыр. «Бір ауыл – бір өнім» бағдарламасы аясында екі тұрғын құжаттарын әзірлеп, «Ауыл аманаты» арқылы жеңілдетілген несие алуға дайындалып жатыр. Бұл әзірге үлкен экономикалық нәтиже емес. Бірақ маңыздысы – ауыл тұрғындарының жеке кәсіпке нақты қадам жасауы. Кооперацияның мәні де осында: бір адамның мүмкіндігі шектеулі болуы мүмкін, ал бірнеше шаруашылық бірігіп, өнім көлемін арттырып, оны өткізуге тиімді жағдай жасай алады. Жуковта бұл бағыттың табысты болуы үшін келесі кезеңде нақты өнім, өткізу нарығы және тұрақты өндіріс көлемі қажет болады.

Жуковтың негізгі капиталы – адам

Жуковтың бүгінгі көрсеткіштерін бір-бірінен бөлек қарау қате болар еді. Аталмыш ауыл үшін келесі кезеңнің міндеті – жаңа нысандар салудан бұрын қалыптасқан экономикалық негізді күшейту. Яғни жаңа кәсіпкерлерді тарту, жергілікті жастарды мамандыққа оқыту, кооперацияны дамыту және тұрғындар санын тұрақты өсіру.

Жуковтың тәжірибесі ауылды сақтап қалудың нақты бір ғана құралы жоқ екенін көрсетеді. Бірақ деректер бір қорытындыға әкеледі: ауылға адамды шақыру үшін алдымен ауылдың өзінде мүмкіндік болуы керек. Ал Жуковта бұл мүмкіндік қалыптаса бастаған. Ендігі мәселе – 321 тұрғынды 400-ге, 400-ді одан әрі көбейту ғана емес. Негізгі мақсат – келген адамды ауылда тұрақтандыру, баласын осында өсіру, кәсібін осында жүргізу. Өйткені ауылдың шынайы өсімі тұрғындар санымен ғана емес, осында болашағын көретін адамдардың санымен өлшенеді.

Ұлту ЖҮЗБАЙ,
суреттерді түсірген Нұржан СМАИЛОВ

РЕКЛАМА

НАШИ ПРОЕКТЫ

Edit Template

ТОО «Газета «Наш Костанай»

Копирование и перепечатка материалов ограничена. С условиями использования материалов сайта «Наш Костанай» можно ознакомиться по ссылке.




контакты

Адрес редакции:
110000 г. Костанай,

пр. Аль-Фараби, 90

Телефон/факс 
8 (7142) 54-27-53.
Email: gazeta@top-news.kz

Яндекс.Метрика




партнеры

tobolinfo-logo-new-1
log3
qm_01

Газета «Наш Костанай» © 1990 – 2026.