Қандастың құтты қонысы. Атажұртын аңсап келген ағайындардың бүгінгі тұрмысы қандай?

Тарихи Отанына оралу – бір сәттік шешім емес. Оның артында тұтас отбасының тағдыры, балалардың болашағы, баспана мен жұмыс іздеген ұзақ жолы тұрады. Ал елге жеткеннен кейінгі ең үлкен сынақ – сол жерде тұрақтап қалу.

Қостанай ауданында соңғы үш жылда 29 отбасы, 103 адам қоныстанған. Олардың кейбірі баспаналы болып, еңбекке араласып үлгерді. Әсіресе биыл бес отбасы көшіп келген Константиновка ауылының мысалы көңіл аудартады. Бірақ қандастардың келуі ауылдың демографиялық және экономикалық тынысына қаншалықты әсер етті? Көшіп келгендердің барлығы тұрақты тіршілік қалыптастыра алды ма?

Туған жердің топырағын аңсап, ата-бабасының кіндік қаны тамған тарихи Отанына оралуды армандайтын жандар аз емес. Алайда елге оралудың өзі бір бөлек те, жаңа ортаға бейімделіп, аяққа тұру – мүлде басқа мәселе. Өйткені көшіп келген отбасыға ең алдымен баспана, тұрақты жұмыс, балалардың білімі мен күнделікті тұрмысқа қажетті жағдай керек. Осылардың бірі ақсаса, тарихи Отанына оралған адамның жаңа мекенге тамыр жаюы да қиындайды.

Статистикаға сүйенсек…

Қостанай ауданына 2024-2026 жылдар аралығында Өзбекстан, Ресей Федерациясы және Түрікменстаннан барлығы 29 отбасы, 103 адам көшіп келген.

— 2024 жылы 16 отбасыдан 68 адам, 2025 жылы 7 отбасы, 18 адам қоныс аударса, 2026 жылы бұл қатарға тағы 6 отбасы, 17 адам қосылды. Биыл аудан бойынша қандастарды қабылдауға арналған алты квота бөлініп, оның барлығы игерілді. Қандастар Тобыл қаласын, Садчиковка, Заречный, Белозерка және Мәскеу ауылдық округтерін таңдап жатыр, — дейді Қостанай облысы бойынша Еңбек мобильділігі орталығының басшысы Ербұлан Көрпебаев.

Әсіресе Константиновка ауылындағы көші-қон үдерісі назар аудартады. Биылдың өзінде бұл елді мекенге бес отбасы, 15 адам көшіп келген. Шағын ауыл үшін – елеулі көрсеткіш. Өйткені ауылға келген әр отбасы – жаңа тұрғын ғана емес, еңбек күші, бала санының артуы, жергілікті мектеп пен балабақшаның болашағына қосылған үлес.

Дегенмен бес отбасының келуі ауылдың демографиялық мәселесін түбегейлі шешті деуге әлі ерте. Мұндай көштің нақты нәтижесі уақыт өте байқалады: отбасылар тұрақтап қала ма, жұмыс таба ма, балалары ауылда білім ала ма, жергілікті өмірге араласа ма? Көші-қон саясатының шынайы тиімділігі осы сұрақтардың жауабымен өлшенуі керек.

Басты талап — баспана

Қандастар үшін жаңа жерде орнығудың алғашқы әрі маңызды шарты – баспана. Мемлекет тарапынан қоныс аударуға байланысты шығындарды өтеу, тұрғын үйді жалдау мен коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге субсидия беру, сондай-ақ тұрғын үй сатып алуға арналған экономикалық мобильділік сертификатын ұсыну тетіктері қарастырылған.

Ресми мәліметке сүйенсек, бүгінгі таңда көшіп келген төрт отбасы өз баспанасын сатып алған. Тағы бір отбасы тұрғын үй рәсімдеуге қажетті құжаттарын дайындап жатыр.

Әрине, жақсы көрсеткіш. Себебі өз үйі бар отбасының ертеңгі күнге деген сенімі де нығаяды. Алайда баспана сатып алған төрт отбасының жетістігін барлық көшіп келген жанның мәселесі шешілді деп қабылдауға болмайды. Тұрғын үй құны, отбасының табысы, мемлекеттік қолдаудың көлемі мен құжат рәсімдеу тәртібі – әр шаңырақ үшін әртүрлі кедергі.

«Балаларымыз үшін келдік»

2025 жылғы 23 тамызда Өзбекстанның Науаи облысындағы Үшқұдық қаласынан Манас Базаров жұбайы Баршагүл және үш ұлы Абылайхан, Ердос, Жандосымен бірге Қостанай өңіріне қоныс аударған. Отбасы елге оралу туралы шешімді балалардың болашағын ойлап қабылдаған көрінеді.

Базаровтар отбасы мемлекеттік қолдау аясында жеті миллион теңге алып, Константиновка ауылынан үш бөлмелі үй сатып алған. Бүгінде Манас автосервисте еңбек етеді, жұбайы балалар үйінде күтуші болып жұмыс істейді. Үлкен ұлы диплом алып, комбинатқа жұмысқа орналасқан, ал екі ұлы студент.

– Қазақстанға көшу туралы шешімді қабылдағанда ең алдымен балаларымызды ойладық. Олардың өз елінде өсіп, білім алып, болашағын осы жермен байланыстырғанын қаладық. Әрине, жаңа жерге көшудің оңай болмайтынын түсіндік. Баспана мәселесінің шешілуі бізге үлкен демеу болды. Қазір өз үйіміз бар, жұмысымыз бар. Ең бастысы, балаларымыздың ертеңіне алаңдамай, осы жерде өмірімізді жалғастыруға мүмкіндік алдық, – дейді Баршагүл Арзықұлова.

Бұл отбасының оқиғасы мемлекеттік қолдаудың нақты нәтижесін көрсетеді. Алайда баспана сатып алу – орнығудың алғашқы баспалдағы ғана. Отбасының тұрақты табысы, балалардың білімі мен кәсіби дамуы да ұзақ мерзімді тұрақтылыққа негіз болуы тиіс.

Жүзі жылы атажұрт

Константиновка ауылына қоныстанған тағы бір отбасы – Дүйсенбай Набиевтің шаңырағы. Олар 2025 жылғы 27 тамызда Өзбекстанның Келмек қаласына қарасты Қарағата ауылынан Қостанай өңіріне көшіп келген. Дүйсенбай бұл шешімді жұбайы Әсеммен бірге қабылдаған. Қыздары Аружанмен жаңа мекенге келіп, осында тұрақтауды ұйғарған.

– Атажұртқа оралу туралы отбасымызбен ақылдасып шештік. Қазақстанға келгенде бізді ел-жұрт жылы қарсы алды. Бастапқыда қазақ тілін білмейтін едік. Бірақ айналамыздағы адамдар тіл үйренуімізге көмектесті, қамқорлық көрсетті. Осындай қолдауды сезінгенде, өз еліңде жүргеніңді тереңірек түсінеді екенсің, – дейді Әсем Құлатаева.

Набиевтер отбасы да мемлекеттік қолдау шараларын пайдаланып, Константиновка ауылынан баспана сатып алған. Бүгінде Дүйсенбай комбинатта электрик болып еңбек етеді. Жұбайы Әсем балабақшада күтуші қызметін атқарады. Ал қыздары Аружан балабақшаға барады.

– Өз үйіміздің болғаны, жұмысқа орналасқанымыз бізге үлкен мүмкіндік берді. Қызымыз да балабақшаға барып жүр. Ең бастысы, өзімізді бөтен сезінбейміз. Ауыл адамдарының қарым-қатынасы жақсы. Жаңа ортаға үйренуімізге көмектескен жандарға алғысымыз шексіз, – дейді отбасы.

Набиевтер отбасының оқиғасынан бір маңызды жайтты аңғаруға болады: қандастардың бейімделуі тек мемлекеттік төлемдер мен баспана мәселесіне тірелмейді. Жергілікті тұрғындардың қарым-қатынасы, тілдік ортаға тартуы, күнделікті өмірде қолдау көрсетуі де ерекше рөл атқарады.

Тіл білмей келген отбасының бүгінде еңбекке араласып, баласын балабақшаға орналастыруы – әлеуметтік бейімделудің нақты көрінісі. Демек, ауылға көшіп келген отбасыларды қабылдау тек мемлекеттік мекемелердің міндеті емес. Ол – тұтас қоғамның ортақ жауапкершілігі.

Жұмыс пен табыс

2026 жылы жеті қандас тұрақты жұмысқа орналасқан. Олар негізінен слесарь-жөндеуші, тәрбиеші көмекшісі, сатушы-консультант секілді мамандықтар бойынша еңбек етіп жүр.

— Кәсіпкерлікке бет бұрғандар да бар. Қандастарға бизнес-жоспар әзірлеу, кәсіп бастау және мемлекеттік қолдау шараларын пайдалану жөнінде кеңес беріледі. Биыл олардың бірі «Бизнес-Бастау» бағдарламасы аясында грант иегері атанды, — дейді Еңбек мобильділігі орталығының басшысы Ербұлан Көрпебаев.

Бұл – қуантарлық нәтиже. Өйткені өз кәсібін ашқан адам тек өзін ғана жұмыспен қамтып қоймай, болашақта өзгелерге де жұмыс орнын ұсына алады. Әсіресе еңбек ресурсына мұқтаж ауылдар үшін мұндай бастамалардың маңызы зор.

Алайда жеті адамның тұрақты жұмысқа орналасуы барлық көшіп келген отбасының жұмыспен қамтылғанын білдірмейді. Мұнда тағы бір маңызды мәселе бар: жұмыс орнының болуы мен адамның өз мамандығы бойынша лайықты жұмыс табуы – екі бөлек нәрсе. Көшіп келген азаматтардың білімі, кәсіби тәжірибесі мен жергілікті еңбек нарығындағы сұраныс үнемі сәйкес келе бермейді. Сондықтан жұмыспен қамту көрсеткішін тек жұмысқа орналасқан адамдар санымен шектемей, олардың табысының тұрақтылығына, еңбек жағдайына және кәсіби өсу мүмкіндігіне де назар аудару қажет. Уақытша жұмысқа орналастыру – мәселенің бір шешімі ғана. Ал отбасының ұзақ мерзімді тұрақтылығы тұрақты табысқа байланысты.

Балалар — ортақ міндет

Жаңа жерге көшкен отбасы үшін балалардың мектепке орналасуы, балабақшаға баруы және жаңа ортаға үйренуі де оңай шаруа емес. «Қостанай облысы бойынша Еңбек мобильділігі орталығы» КММ-нің мәліметі бойынша, қандастардың балалары тұрғылықты жеріндегі білім беру ұйымдарына қабылданып, қажет болған жағдайда оқу бағдарламасын меңгеру мен мемлекеттік тілді үйрену бойынша қосымша қолдау алады.

Бірақ баланы балабақшаға немесе мектепке орналастыру – бейімделу жұмысының бастамасы ғана. Бала жаңа ортада өзін еркін сезіне ме, сыныптастарымен араласа ала ма, оқу бағдарламасындағы айырмашылықтарды еңсере ме? Мұның бәрі назардан тыс қалмауы тиіс.

Қандастардың ауданға қоныс аударғаннан кейін кері көшіп кеткен жағдайлары тіркелмеген. Бұл – олардың жаңа мекенге орнығуға деген ниеті бар екенін аңғартатын маңызды дерек. Дегенмен кері көшудің болмауы ғана табысты бейімделудің толық көрсеткіші емес. Негізгі өлшем – тұрақты жұмыс, жеке баспана, балалардың сапалы білім алуы және қоғам өміріне белсенді араласу.

Титтей түйін

Алдағы уақытта жауапты мекемелер қандастарды тұрақты жұмыспен қамтуға, тұрғын үй мәселесін шешуге, кәсіпкерлік бастамаларды қолдауға, балалардың білім беру ұйымдарына бейімделуіне және жергілікті қоғамдастықпен байланысын нығайтуға басымдық беруді жоспарлап отыр. Түптеп келгенде, тарихи Отанына оралған әр отбасы үшін ең маңыздысы – қағаз жүзіндегі квота немесе бір реттік көмек емес, ертеңіне сеніммен қарай алатын тұрақты өмір. Бүгін баспана сатып алған төрт отбасының, тұрақты жұмысқа орналасқан жеті азаматтың және кәсіп бастауға мүмкіндік алған қандастың жетістігі – осы бағыттағы нақты қадамдар.

Ал Константиновкаға көшіп келген бес отбасының тағдыры бір ауылдың ғана емес, тұтас ауданның болашағымен сабақтас. Егер олардың әрқайсысы ауыл өміріне араласып, еңбек етіп, бала өсіріп, кәсібін дөңгелете алса, бұл көші-қон статистикасындағы кезекті саннан әлдеқайда маңызды нәтижеге айналары анық.

Ұлту ЖҮЗБАЙ,
суреттерді ұсынған кейіпкерлер

РЕКЛАМА

НАШИ ПРОЕКТЫ

Edit Template

ТОО «Газета «Наш Костанай»

Копирование и перепечатка материалов ограничена. С условиями использования материалов сайта «Наш Костанай» можно ознакомиться по ссылке.




контакты

Адрес редакции:
110000 г. Костанай,

пр. Аль-Фараби, 90

Телефон/факс 
8 (7142) 54-27-53.
Email: gazeta@top-news.kz

Яндекс.Метрика




партнеры

tobolinfo-logo-new-1
log3
qm_01

Газета «Наш Костанай» © 1990 – 2026.