Қоныс аударушыларға арналған мемлекеттік қолдау шаралары кеңеюде

Қостанай облысында қандастар мен еңбек күші артық өңірлерден қоныс аударушыларды қабылдау жұмыстары жалғасуда. Өңірге биыл жүздеген отбасы көшіп келіп, жаңа ортадағы өмірге қадам жасаған.

Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, биылғы жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша қоныс аудару квотасына 659 адам енгізілген. Оның 203-і қандас, 456-сы – өзге өңірлерден көшіп келушілер.

Қандастардың басым бөлігі, нақтырақ айтқанда, 92 пайызы Өзбекстан Республикасынан қоныс аударған. Ал ішкі көштің негізгі легі Түркістан, Жамбыл және Қызылорда облыстарынан келуде. Жаңа қонысқа келушілер облыстың әр өңіріне орналасқанымен, олардың көбі Рудный, Қостанай қалаларына, сондай-ақ Әулиекөл, Бейімбет Майлин және Қамысты аудандарына тұрақтаған.

Мамандардың айтуынша, әр отбасы арнайы бекітілген тізім бойынша тұрғылықты мекенін өз бетінше таңдайды.

– «Ерікті түрде қоныс аудару қағидасына» сәйкес еңбек нарығындағы жағдайды, халықтың көші-қонын, қолданыстағы әлеуметтік инфрақұрылымды ескере отырып, жыл сайын 15 желтоқсанға дейін Жұмыспен қамту комиссиясының отырысында көшіп-қонушылар мен қандастарды қоныстандыруға арналған елді мекендердің тізбесі анықталады. Бекітілген халық тізімі кейіннен migration.enbek.kz порталында орналастыру үшін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне жіберіледі, – деп хабарлады Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасынан.

Жаңа қоныс – жаңа жұмыс

Бағдарламаның негізгі мақсаты – еңбек ресурстарының мобильдігін арттыру. Еңбек күші тапшы аймақтар үшін бұл бастама кадрлық мәселені шешудің бір тетігіне айналды. Сондықтан келген азаматтарды жұмыспен қамту мәселесіне ерекше көңіл бөлінеді. Қазіргі таңда қоныс аударушылар дәрігер, медбике, мұғалім, тәрбиеші, сонымен қатар техникалық мамандықтар бойынша еңбек етіп жүр.
Солардың бірі – Қызылордадан қоныс аударған Азамат пен Гүлсезімнің жанұясы. Жас отбасы 3 қыз баласымен бірге былтырғы қыста көшіп келген. Алғашында ауа-райына үйрену оңай болмағанымен, жаңа ортаға тез бейімделіп кеткен.

Бұрын бұл жақта болып көрмеппін. Маған бұл жердің табиғаты ерекше ұнады. Ауасы таза, орманы көп. Тек қысы ұзақтау, наурызға дейін созылады екен. Біздің тұрып жатқан ауданның тұрғындары қазақ тілді, көршілеріміз де қарапайым мейірімді жандар.

Ұжымым да өте жақсы қарсы алды. Ешқандай жатсыну сезінген жоқпыз. Қостанайға келген соң шешіміміздің оң болғанына көзіміз жетті, – дейді Гүлсезім.

Бүгінде олар Әуежай шағын ауданында тұрып жатыр. Отағасы жеке кәсібін ашып, өз ісін жүргізіп отыр. Ал Гүлсезім Қостанай халықаралық әуежайында жолаушыларды тексеру инспекторы болып еңбек етеді. Үлкен қыздары бастауыш сыныпта оқиды, ортаншысы мектепалды даярлық тобына барады, ал кішкентайы 3 жаста.

Құжаттарымызды толық өткізгеннен кейін көп ұзамай қаржылай көмекке ие болдық. Әрқайсымызға біржолғы төлем ұсынылды. Алғашқы 3-4 ай пәтер жалдап тұрған кезде ай сайын жалдау ақысы мемлекет тарапынан төленіп отырды. Былтыр маусым айында өз баспанамызды аларда да пәтердің алғашқы жарнасы ретінде қаражат берілді, – дейді жас отбасы.

Өңірге келгеннен кейін қоныстанушылардың барлығы Азамат пен Гүлсезім сияқты тұрғылықты жеріндегі Мансап орталықтарына жүгініп, өз мамандығына сәйкес жұмысқа тұруға немесе бос жұмыс орындарына орналасуға мүмкіндік алады. Сондай-ақ квотаға тек өтініш беруші ғана емес, оның отбасы мүшелері де енгізіледі.

Жұмыспен қамту мәселесі еңбекке қабілетті азаматтар арасында қарастырылады. Әдетте олардың үлесі квотаға енгізілгендердің 35-40 % құрайды. Жыл басынан бері еңбекке қабілетті 177 адамның 70-ке жуығы жұмыспен қамтылды. Кей азаматтар квотаға енді енгізілсе, енді бірі әлі көшу процесінде. Кей отбасыда әйелдер декреттік демалыста болуы, үй шаруасымен айналысуы немесе студент жастар болуы мүмкін. Жалпы жұмыссыз азаматтарды еңбекпен қамту мәселесі тұрақты бақылауда, – деп хабарлады басқарма өкілдері.

Көшіп келушілерге қандай көмек беріледі?

Бағдарлама аясында көшіп келушілерге бірқатар мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Атап айтқанда, көшуге арналған біржолғы материалдық көмек, тұрғын үйді жалдау шығындарын өтеу, сондай-ақ баспана сатып алуға экономикалық ұтқырлық сертификаты қарастырылған.

Мәселен, әр отбасы мүшесіне 70 АЕК көлемінде, яғни 302 750 теңге біржолғы төлем беріледі. Сонымен қатар отбасы құрамына қарай тұрғын үйді жалдауға ай сайын 64875 теңгеден 129 750 теңгеге аралығында көмек көрсетіледі. Ал баспана сатып алу үшін 7 млн астам қаражат қарастырылған экономикалық ұтқырлық сертификаты ұсынылады.

– Егер сатып алынатын баспананың құны экономикалық ұтқырлық сертификаты көлемінен аспаса, төлем тұрғын үйдің нақты бағалау құны бойынша жүргізіледі. Ал тұрғын үй жалдау шығындары қоныс аударушылар үй сатып алғанға дейін, бірақ 12 айдан аспайтын мерзімге дейін ай сайын төленеді, – деп түсіндірді Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Динара Қарымсақова.

Биыл бағдарламаға бірқатар өзгеріс енгізілген. Енді тұрғын үй сертификаты тек отбасыларға ғана емес, жалғыз тұратын азаматтарға да қолжетімді. Сондай-ақ сертификат көлемі ұлғайтылып, өтініш беру мерзімі де ұзартылған. Бұрын өтініш квотаға енгізілгеннен кейін 6 ай ішінде тапсырылуы тиіс болса, енді ол қаржы жылы аяқталғанға дейін қабылданады, – деп толықтырды Динара Иосифқызы.

Сала мамандарының айтуынша, қандастар мен қоныс аударушыларды өңірлік квотаға енгізгеннен кейін міндетті түрде 5 жыл мерзімге әлеуметтік келісімшарт жасалады. Бұл құжатта жұмыспен қамту шараларына қатысушы мен еңбек мобильдігі орталығының құқықтары мен міндеттері айқындалады. Сондай-ақ материалдық көмек төлемдері тек осы келісімшарт рәсімделгеннен кейін ғана беріледі.

Мамандардың мәліметінше, биылғы жылы Қостанай облысына 685 адамды қабылдау жоспарланып отыр. Оның ішінде 200 қандас пен елдің өзге өңірлерінен келетін 485 қоныс аударушы бар.

Қоныс аудару – мекен ауыстыру емес, бұл – жаңа ортаға бейімделу, жаңа мүмкіндіктерге қадам басу. Ал Қостанай аймағына көшіп келген көптеген отбасы үшін бұл шешім болашаққа бастап сенімді таңдауға айналып отыр.

Назгүл АЗАТҚЫЗЫ,
суреттер жеке мұрағаттан

РЕКЛАМА

НАШИ ПРОЕКТЫ

Edit Template

ТОО «Газета «Наш Костанай»

Копирование и перепечатка материалов ограничена. С условиями использования материалов сайта «Наш Костанай» можно ознакомиться по ссылке.




контакты

Адрес редакции:
110000 г. Костанай,

пр. Аль-Фараби, 90

Телефон/факс 
8 (7142) 54-27-53.
Email: gazeta@top-news.kz

Яндекс.Метрика




партнеры

tobolinfo-logo-new-1
log3
qm_01

Газета «Наш Костанай» © 1990 – 2026.