Қостанайда 32 адамның тағдыры әлі белгісіз

Жуырда редакциямызға хабарласқан қария Сейілхан Карбаев әлі де туған бауыры Жұмағазы Карбаевты іздеп жүргенін айтқан болатын. Інісінен көз жазып қалғанына 20 жылға жуық уақыт болса да күдерін үзбейді.

Алғашқылардың бірі болып көмекке келген «ДОС» іздеу-құтқару тобының еріктілері жоғалғанның ізі Алматы қаласындағы ауруханадан кейін мүлдем еш жерден шықпағанын айтады.

Олар үйіне оралмаған адамның ізін іздейді. Қараңғы түскенде қолшамын жағып, елді мекеннен жыраққа шығады. Жолға жанармай құяды, керек-жарағын өз ақшасына алады. Қостанайдағы «ДОС» іздестіру-құтқару жасағының еріктілері жоғалған жандарды табу үшін осылай еңбек етіп жүр. Алайда жасақтың тұрақты демеушісі жоқ. Ал соңғы екі жылда хабар-ошарсыз кеткен 32 адамның тағдыры әлі белгісіз.

Бір үйде телефон шырылдаған сайын есікке қарай жүгіретін ана бар. Бір отбасында жақынының табалдырықтан аттап кіретін күнін күткен адамдар бар. Біреу баласын, біреу әкесін, енді бірі бауырын іздеп жүр. Жоғалған адамның қайда екенін білмеу – үміт пен үрейдің арасында қалу. Мұндайда жақындары үшін әр сағат ұзаққа созылады. Ал іздеу жұмыстарына шыққан еріктілер үшін әрбір жаңа дерек, әрбір белгі, әрбір хабар маңызды.

Қостанайда осындай сәттерде көмекке келетін «ДОС» іздестіру-құтқару жасағы жоғалған адамдарды іздеуге қатысып, полициямен бірлесіп жұмыс істейді. Бірі далаға шығып іздесе, екіншісі жоғалған адамның суреті мен мәліметін таратады. Бірақ осы жұмыстың артында жұрттың көбі біле бермейтін қиындықтар бар: жеке қаражат, жанармай, азық-түлік және үздіксіз дайындық.

«ДОС» жасағының мәліметінше, 2025 жылы адамдардың жоғалуына қатысты 162 өтініш түскен. Сол жылы 128 адам табылған, 14 адамның қайтыс болғаны анықталған. Тағы 20 адам хабар-ошарсыз кеткендер қатарында көрсетілген.

— Биыл да іздеу жұмыстары жалғасып жатыр. Жыл басынан бері 132 өтініш түсті. Оның 110-ы бойынша адамдар табылып, тоғыз адам қайтыс болды. Ал 12 адамның тағдыры әзірге белгісіз. Жасақ өкілдері соңғы екі жылда хабар-ошарсыз кеткен 32 адам бойынша есеп жүргізіп, іздестіру жұмыстарын жалғастырып жатыр, — дейді «ДОС» ІҚБ координаторы Олеся Логошиновачевская.

Іздестіру жұмысы тек жоғалған адамның қайда екенін анықтаумен шектелмейді. Бұл – оның жақындарына жауап табуға көмектесу, белгісіздікті сейілту және бір отбасының үмітін үзбеу жолындағы күрес.

4 500 адам бар, тұрақты демеуші жоқ

Бүгінде «ДОС» жасағының қатарында 4 500 адам бар. Оның 80–100-і іздеу жұмыстарына белсенді қатысады. Өзге еріктілер ақпарат тарату арқылы көмектеседі. Жасаққа кәмелетке толмағандар да ақпараттық бағытта атсалысады.

Сырттай қарағанда, мұндай үлкен қауымның күші мол сияқты. Бірақ іздеу жұмысына адам жинау бір бөлек те, сол жұмысты қажетті құралдармен қамтамасыз ету – мүлде басқа мәселе.

Жасақтың тұрақты демеушісі жоқ. Қолшам, рация, арқан және басқа да қажетті жабдықтарды еріктілер өз қаражатына сатып алады. Бірі іздеуге уақытын арнаса, екіншісі жеке көлігімен келеді. Кейбір азаматтар жол талғамайтын көліктері мен дрондарын пайдалануға береді. Яғни жоғалған адамды іздеуге шыққан еріктілер кейде өзгенің жақынын табуға көмектесу үшін жеке қаражатын да жұмсайды.

Бұл жерде бір сауал туындайды: қоғам үшін маңызды осындай жұмысты атқарып жүрген еріктілердің ең қажетті мұқтаждықтарын өтеуге кім көмектеседі?

Іздеу жолындағы ең үлкен қажеттілік

Іздеу жұмысы әрдайым қала ішінде жүргізілмейді. Кейде еріктілер елді мекеннен алыс аумақтарға шығуға мәжбүр. Ондай жерлерде дүкен де, ұялы байланыс та болмауы мүмкін. Ал іздеу бірнеше сағатқа созылса, адамдардың тамақтануы мен көліктерге жанармай құю мәселесі де алдыңғы орынға шығады.

Жасақ өкілдерінің айтуынша, дәл осы екі қажеттілік – жанармай мен азық-түлік – іздеу кезінде жиі туындайтын мәселелердің бірі.

— Іздеу кезінде ең қажетті көмектің бірі – жанармай мен азық-түлік. Кейде елді мекендерден алыс жерлерге шығуға тура келеді. Ондай аумақтарда дүкен де, байланыс та болмауы мүмкін. Сондықтан іздеуге қатысатын еріктілерді тамақпен қамтамасыз ету және жанармай мәселесін шешу маңызды. Өз еркімен көмекке келетін азаматтар бізге жол талғамайтын көліктері мен дрондарын да ұсынады, – дейді жасақ өкілдері.

Еріктілердің тұрақты демеушісі болмағандықтан, қажетті жабдықтардың бір бөлігін әркім өз мүмкіндігіне қарай сатып алады.

Мұндай жағдайда іздеу жұмысына қатысу тек уақыт пен күшті ғана емес, қаржылық мүмкіндікті де талап етеді. Адам өмірі туралы сөз болғанда, осындай қажеттіліктердің шешілуі де назардан тыс қалмауға тиіс.

Қараңғыда да іздеу тоқтамайды

Жоғалған адамды іздеу үшін кейде күннің батуын күтуге уақыт болмайды. Іздеу түнде де жалғасуы мүмкін. Мұндай жағдайда қолшам, рация, түнгі көру құрылғысы мен дрон секілді құралдардың маңызы артады.

— «ДОС» жасағында қарапайым және су астында пайдаланылатын шамдар, рациялар, түнгі көру құрылғысы мен дрондар бар. Алайда техниканың болуы жеткіліксіз. Оны дұрыс пайдалану, қауіпсіздік талаптарын сақтау және іздеу барысында өзара үйлесімді әрекет ету қажет. Жасаққа қосылған әрбір ерікті арнайы нұсқамадан өтеді. Іздеу кезінде қатысушылар бір-бірін бақылап, қауіпсіздікке мән береді. Бұл талап жаңадан келгендерге де, көптен бері іздеуге қатысып жүрген тәжірибелі адамдарға да ортақ, — дейді Олеся.

Өйткені біреуді құтқаруға ұмтылған адамның өзі қауіпке ұшырамауы керек. Әсіресе түнде, елді мекеннен алыс жерде немесе күрделі аумақта іздеу жүргізгенде әр қадамның маңызы бар.

Жасақ өкілдері кейде жоғалған адамның туыстары полицияға немесе еріктілерге кеш хабарласатынын айтады. Ал кейбір жағдайларда жоғалды деп ізделген адам жақындарымен байланысқысы келмей, өз еркімен хабарсыз кетуі мүмкін.

Дегенмен мұндай жағдайлардың кездесуі әрбір хабарламаны елемеуге болады дегенді білдірмейді. Әр оқиғаның мән-жайы бөлек, сондықтан жоғалу туралы ақпаратты тиісті органдар тексеруі керек. Әсіресе қарт адамдар жоғалғанда уақытты созбаған жөн. Жасақ өкілдерінің айтуынша, мұндай жағдайларда полиция мен еріктілер жедел әрекет етуге тырысады.

— Жақыныңыз, танысыңыз немесе туысыңыз байланысқа шықпай қалса, бірден полицияға хабарласыңыз. Өтінішті неғұрлым ерте берсеңіз, адамды іздеу жұмыстары соғұрлым тез басталады. Әр минут маңызды, – дейді жасақ өкілдері.

Бұл – жай ғана ескерту емес. Адамның қайда кеткенін, не болғанын білмеген жақындары үшін уақыттың әр минуты үмітпен байланысты. Ал іздеуге қатысатын еріктілер үшін уақытылы берілген ақпарат іздеу бағытын нақтылауға көмектеседі.

Еріктілерге қолдау – ортақ жауапкершілік

«ДОС» жасағы полициямен және Төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп жұмыс істейді. Еріктілер іздеуге қатысып қана қоймай, оқу-жаттығуларға да атсалысады. Жасақтың айтуынша, Қазақстан бойынша олардың қатарына қосылатын адамдар көбейіп келеді.

Бірақ адамдар санының артуы барлық мәселе шешілді деген сөз емес. Тұрақты демеушінің болмауы, жанармай мен азық-түлік қажеттілігі, құрал-жабдықты өз қаражатына сатып алу – еріктілер жұмысының материалдық жағын да ойластыру керектігін көрсетеді.

Еріктілер біреудің жақынын іздеуге шыққанда, оның қандай отбасыдан екенін, қандай әлеуметтік жағдайы барын сұрамайды. Олар үшін бастысы – жоғалған адамды табуға көмектесу. Бірі дала кезеді, бірі ақпарат таратады, енді бірі көлігімен немесе техникасымен қолдау көрсетеді.

Адам жоғалған кезде бүкіл қоғамның назары оның табылуына ауады. Ал ол табылғанша іздеуге қатысатын адамдардың да күш-жігері, уақыты мен ресурсы қажет. Сондықтан еріктілердің еңбегін құрметтеу сөзбен ғана шектелмеуі керек. Олардың жұмысына қажетті қолдау көрсету де ортақ жауапкершіліктің бір бөлігі.

Бүгінде Қостанайдағы «ДОС» жасағының алдында әлі де табылмаған адамдарды іздеу міндеті тұр. Әрбір жаңа ақпарат, әрбір көмек қолы олардың жұмысына сеп болуы мүмкін. Мәселен, 6 жыл бұрын жоғалған Алтынсарин ауданының тұрғыны 2002 жылғы Жуванышев Руслан Даниярович сол кеткеннен мол кетті.

— Біз үшін ең мұңдысы, Русланды әлі де таба алмай жатырмыз. Ол Ілияс Омаров ауылының тұрғыны. Биыл ізім-ғайым кеткеніне 7 жылға жуық уақыт болыпты. Бастап іздегенде біздің жасақта 300-400 адамдай болды. Іздестіру әлі тоқтаған жоқ, — деп еске алады Олеся Логошиновачевская.

Бір отбасы жақынының есіктен кіріп келуін күтіп отыр. Бір ерікті тағы бір іздеуге шығуға дайындалып жүр. Ал олардың арасындағы байланысты үзбеу үшін ең алдымен уақытылы хабарлау, бейжай қалмау және ортақ іске қолдау көрсету маңызды. Өйткені жоғалған адам – біреудің жай ғана танысы емес. Ол – біреудің әкесі, анасы, баласы немесе бауыры. Оны күтіп отырған отбасы үшін ең қымбат нәрсе – жақынының аман оралуы екенін еріктілер үнемі жадында ұстайды.

Ұлту ЖҮЗБАЙ,
Олеся Логошиновачевскаяның жеке мұрағатынан

РЕКЛАМА

НАШИ ПРОЕКТЫ

Edit Template

ТОО «Газета «Наш Костанай»

Копирование и перепечатка материалов ограничена. С условиями использования материалов сайта «Наш Костанай» можно ознакомиться по ссылке.




контакты

Адрес редакции:
110000 г. Костанай,

пр. Аль-Фараби, 90

Телефон/факс 
8 (7142) 54-27-53.
Email: gazeta@top-news.kz

Яндекс.Метрика




партнеры

tobolinfo-logo-new-1
log3
qm_01

Газета «Наш Костанай» © 1990 – 2026.