Төрт баланы көлікке отырғызып, мыңдаған шақырым жол жүру – көпшілік үшін тәуекел болуы мүмкін. Ал қостанайлық Мұстафиндер отбасы үшін бұл саяхат – бұрыннан ойда жүрген арман болатын. Бұған дейін олар Бурабай мен Алакөл, Алматы өңірлерін аралапты.
Биылғы жоспарымыз – Қатонқарағайға бару болатын. Алайда ол жақта жол жұмыстары жүріп жатқанын естідік. Таныстарымыздың Грузияға автокөлікпен шығатынын біліп, көп ойланбастан көптен бергі арманымызды жүзеге асыруға бел будық. Оның үстіне бірге жүрген қауіпсіз әрі қызығырақ болар деген оймен бағытымызды шетелге бұрдық, – дейді Сағындық Мұстафин.
10 күнге созылған сапар барысында автокөлікпен Ресейдің Қалмақстан, Дағыстан, Шешенстан, Ингушетия және Солтүстік Осетия автономды республикалары арқылы Грузия мен Түркияны аралап қайтты. Тау асуларын, Қара теңіз жағалауын, бірнеше қала мен табиғаты таңғажайып мекендерді тамашалап, жалпы ұзындығы 6500 шақырым жол жүріп келді.
– 20 маусым күні таңғы 6-да 6 отбасы болып 4 көлікпен Қостанайдан қозғалдық. Сапарымыздағы ең қиын жол Қостанай-Ақтөбе бағыты болды. Жолдың жағдайы өте нашар, 600 шақырымды 12 сағат жүрдік. Ары қарай Атырау асып, Ресей аумағын шамамен 800 шақырым жүріп өтіп, дүйсенбіде түнде Грузияға жеттік, – дейді туристер.
Ресей асқанда жолдағы алғашқы қиындықтар басталады – 1 тәулікке ұялы байланыс бұғатталып, интернет өшеді. Байланыстың жоқтығы навигатор қызметін де қиындатқан көрінеді.
Кавказдың құшағында
Жолаушылар таңды Кавказ тауларының баурайындағы Гудаури курортында атырды. Теңіз деңгейінен 2 мың метр биіктіктегі бұл мекен салқын ескен самалымен қарсы алды.


– Қыста онда тау-шаңғылық курорты жұмыс істейді. Жолай сарқырамаға соғып, одан кейін Ананури бекінісіне, Жинвали су қоймасына бардық. Ерекше көгілдір суы алыстан көз тартады. Таулармен қоршалған көріністі тамашалап, ертегі әлеміне түскендей болдық, – деп алғашқы әсерімен бөлісті Салтанат.
Ал Тбилиси гүлге көмкерілген әдемілігімен, жасыл желегімен тәнті еткен.
Тек көшелері тар, көлік қоятын орын табу қиын. Арнайы тұраққа қалдырмасаң, эвакуатормен алып кетеді. Сондай-ақ, қалың орманды тау бөктеріндегі Боржоми де табиғатымен таң қалдырды. Ол жерде ағып жатқан әйгілі минералды суды татып көрдік. Шипажайлар көп, тіпті «Алма-Ата» деген қонақүйді де кездестірдік, – дейді жерлестеріміз.
Мартвили каньонында биік жартастардың арасымен қайықпен жүру ерекше әсер қалдырыпты. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, Мартвили маңынан ежелгі дәуірге жататын динозаврлардың іздері табылған.
– Кіру құны адам басына – 60 лари (11 мың тг). Бір қызығы – балалар билеті деген жоқ және туристер жергілікті тұрғындардан 4 есе қымбат төлейді, – деп атап өтті қостанайлық отбасы. – Грузияда есте қалған ерекшелік – туристерге жасалған қолайлылық. Қонақүйлері тап-таза, жол бойындағы дәретханалар тегін әрі өте ұқыпты ұсталады. Интернет жылдамдығы жоғары, байланыс үзілмейді. Ел табысының басым бөлігі туризмнен түсетіні бекер емес екен.
Қара Теңіз жағасында
Табиғаттың ғажайып көріністеріне қаныққан отбасы ода әрі Қара теңіз жағалауына қарай жолға шыққан.


– 2 күн магнитті қара құмымен танымал Уреки курортына аялдадық. Қара түсті құм омыртқа-буын, жүрек-қан тамырлары ауруларына пайдалы деседі. 2 күнге 300 лари төлеп, 2 бөлмелі апартамент алдық. Ішінде асүйі, кір жуатын машинасы – бәрі бар. Сол жерде өзіміз тамақ дайындадық. Себебі Грузияда халал тағам табу қиын, – дейді Салтанат.
Ал бұл елдің інжу-маржаны саналатын Батуми жыл сайын миллиондаған туристі қабылдайды. Қара теңіздің жағасындағы шаһар заманауи сәулетімен кейіпкерлерімізді бірден баурап алды.
Әйгілі Orbi City қонақүйінің 20-қабатына орналастық. Али мен Нино мүсініне де бардық. Суреттен алып болып көрінетін мүсіннің биіктігі жеті-сегіз метрдей ғана екен, – деп бөлісті кейіпкерлеріміз.
Ал Батумидің ботаникалық бағына бас сұқпай, бұл қаламен толық таныстым деу қиын. Теңіз жағасында аумағы 100 гектардан астам саябақта әлемнің түрлі елдерінен әкелінген мыңдаған өсімдік өседі.


– Аралауға шамамен 2 сағат уақыт кетті. Алдымен арнайы көлікпен ең жоғары бөлігіне көтерілесің. Одан төмен жаяу түсіп, жол бойы талай ағаш, өсімдіктің түр-түрін көрдік. Ал теңізге ашылатын арнайы алаңнан біздің Көктөбе сияқты, бүкіл Батумиді көруге болады, теңізбен тұтасып жатқан көгілдір аспан көрінісі тіпті керемет. Ол жерге фуникулермен көтерілу 39 лари тұрады, – дейді Салтанат.
Түркия төрінде
Грузия мен Түркияны жалғап тұрған Сарпи шекара бекеті Батумиден бар болғаны 15 шақырым жерде орналасқан. Жолдың бір жағында Қара теңіз, екінші бетінде тауларды тамашалай отырып, отбасы Трабзон, Ризе, Офф қаларынан өткен.
Трабзонда тек түрік киноларынан көрген теңіз порты мен кемелер көзге бірден түседі. Ал Ризеде тау етегіне дейінгі шай плантацияларын тамашаладық. Ең көрікті жерлердің бірі – Узунгель болды. Таулардың ортасында ұзыннан созылған көлді жасыл орман қоршап жатыр, – деп әңгімеледі Салтанат. – Және осы көлде қызық жайт болды. Суретке түсіп жатқанымызда алыс ауылдағы танысымды байқап қалдым. Бірден «Қайыржан» деп айқай сап, сол жерде мәре-сәре болдық. Сонау Түркияда танысымызды кездестіреміз деп мүлде ойламаппыз.


Саяхат барысында Мұстафиндер Түркияда мұсылман еліне тән қолайлылықты көбірек сезсе, Грузияда тіл жағынан ешқандай кедергі көрмеген.
– Түркияда жол бойында мешіттер жиі кездеседі. Халал тағам кез келген жерден табылады, бағасы да қолжетімді. Қиындық тіл мәселесі болды – тұрғындары тек түрікше немесе ағылшын тілінде сөйлейді. Ал Грузияда орыс тілінде еркін сөйлесіп жүрдік, жастар жағы ғана өз тілдерінде сөйлейді, орысша білмейді, – деп атап өтті отағасы.
Табиғаты мен тұрмыстағы ерекшеліктерден бөлек, екі елдің жолдары да ерекше есте қалған. Таудағы жолдар, қараңғы туннельдер мен бұлтқа оранған шыңдар қазақстандықтарды зор әсерге бөлеген.
– Алғашында серпантинмен жүру қорқынышты болды – өте биікте, бұлттарға жақын жүресің, төмен қарасаң – биік тау шатқалдары, бірақ өте әсерлі. Және де жол бойында тунельдер көп, шамамен 30 шақты тунельден өттік, – дейді Салтанат.
Жолға шығар алдында
Он күнге созылған сапарға отбасы шамамен 1,3-1,5 миллион теңге жұмсаған. Оның 300 мыңы жанармайға кетіпті. Ең қымбаты Грузияда, бағасы бізден 2 есе артық. Ал Ресейде жанармай бекеттерінде толық бак жасауға рұқсат жоқ, әр бекеттен 20-30 литрден ғана құйып отырған.

Грузия мен Түркияда терминалдан қажетті бензинді таңдап, банк картасымен төлеп, жүре бересің. Валютаны тек Ресейге кірерде ауыстырдық. Ал басқа 2 елде барлық төлемді өзіміздің Visa картасымен жүргіздік. Сақтандыру полюсын шекара маңында рәсімдеген тиімді, бағасы әлдеқайда арзандау, – деп ерлі-зайыптылар тәжірибелерімен бөлісті.
Мыңдаған шақырымға созылған сапардың алдында ерлі-зайыптыларды көп алаңдатқан мәселе – төрт баламен ұзақ жолға шығу еді.
– Балалар бұрын көрмеген тауларға, серпантин жолдарға, табиғатқа таңырқап отырып, жолдың қиындығын аса сезіне қоймады. Екі елде де автокөлікпен саяхаттап жүрген туристер көп, тіпті кішкентай балаларымен Қырғызстаннан келген отбасыларды да кездестірдік, – дейді Салтанат.
Бұл – Мұстафиндер отбасының шетелге автокөлікпен жасаған алғашқы саяхаты. Сағындық пен Салтанаттың айтуынша, жол үстінде табиғат көріністері, әр қала, әр тосын оқиға балаларының жадында әдемі естелік болып сақталмақ. Сондықтан олар мұндай отбасылық саяхатты алдағы уақытта да жалғастыруды жоспарлап отыр.
Назгүл АЗАТҚЫЗЫ,
суреттер жеке мұрағаттан
