Қылмыс бар, жаза қандай? Қаражаттан қағылмау үшін құқыққорғаушылар кеңес береді

Жыл басынан бері облыс орталығында 500-ден астам интернет-алаяқтық дерегі тіркелген. Ал өткен жылдың осы кезеңінде бұл көрсеткіш 700-ден асыпты. Қылмыстың қатары азайғанымен, мәселе әлі де өзекті.

Цифрлық технологиялар дамыған сайын желі арқылы жасалатын қылмыстың түрі де көбейіп келеді. Бұрын тұрғындар жалған интернет-дүкендер, тауар сату туралы күмәнді хабарландырулар және оңай табыс табу жөніндегі ұсыныстар арқылы жиі алданатын. Қазір қаскөйлер банк, құқық қорғау органдары, байланыс операторы немесе мемлекеттік мекеме қызметкері ретінде қоңырау шалуы мүмкін. Олар SIM-картаның қолданылу мерзімін ұзарту, есепшоттағы күмәнді операцияларды тексеру сылтауымен SMS-кодтарды сұрайды.

Интернет айлакерлерінің арбауы азаматтың телефонына келіп түскен растау кодынан басталады. Киберполиция қызметкерлерінің айтуынша, SMS-кодты бөгде адамға айту өздігінен несие рәсімделеді дегенді білдірмейді. Дегенмен мұндай цифр белгілі бір операцияны растау немесе аккаунтқа қол жеткізу үшін пайдаланылуы мүмкін. Сол себепті құпия кодтарды, банк картасының деректерін ешкімге айтпаған абзал.

Жасанды интеллект технологияларының дамуы да алаяқтарға жаңа мүмкіндік беріп отыр. Олар адамның даусын, бейнесін қолдан жасап, жалған құжаттар мен ресми хабарламаларды әзірлейді. Сондықтан телефоннан таныс адамның даусын естігеннің өзінде, әсіресе ақшаға қатысты өтініш түссе, ақпаратты басқа байланыс арнасы арқылы тексерген дұрыс, – дейді ПД Қиберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция майоры Олжас Мағыпаров.

90 млн теңге қолды болды

Өкінішке қарай, мұндай қылмыстың құрбаны кез келген адам болуы мүмкін. Жыл басынан бері желі арқылы қала тұрғындарының 1,1 миллиард теңгеден астам қаржысы жымқырылған.

Мәселен, өңірде алаяқтарға алданған азамат 90 миллион теңгеден астам ақшасынан айырылған. Ер адамға қоңырау шалушылар өздерін банк қызметкері ретінде таныстырып, есепшотқа қауіп төніп тұрғанын айтқан. Қаражатын сақтап қалу үшін оны арнайы «қауіпсіз шотқа» аудару қажеттігіне көндірген. Жалған сөзге иланған азамат бар жинағын алаяқтардың айтқан шотына аударып жіберген. Қаскүнемнің қармағына түскен қала тұрғыны алданғанын кеш түсінген.

– Есте сақтайтын ең маңызды қағида – ешқандай «қауіпсіз шот» деген болмайды. Егер белгісіз біреу телефон арқылы ақша аударуды, қолма-қол қаржы шешіп алуды немесе күмәнді операциялар туралы айтса, әңгімені дереу тоқтатқан жөн. Ақпаратты банкпен ресми байланыс арналары арқылы тексеріп, полицияға хабар беру керек, – деп кеңес береді киберполиция өкілдері.

Бұл оқиға алаяқтардың адамды психологиялық тұрғыдан қаншалықты шебер сендіре алатынын көрсетеді. Неліктен адамдар алаяқтарға сенеді? Киберқылмыстың құрбаны болу әрдайым адамның аңғалдығынан емес. Алаяқтық схемасын ұйымдастырушылар адамдардың психологиялық жағдайын жақсы пайдаланады. Бірі үрей тудырса, екіншісі тез пайда табуға деген үмітті оятады.

– Алаяқтардың тәсілдері әртүрлі болғанымен, олардың әрекетінен ортақ белгілерді байқауға болады. «Шотыңыздан ақша ұрланғалы жатыр», «атыңызға несие рәсімделді», «жақыныңыз қиын жағдайға тап болды» деген сөздер адамды әбіржітіп, асығыс шешім қабылдауға итермелейді. Осындай сәтте адам ақпаратты тексеріп үлгермей, бейтаныс адамның нұсқауын жылдам орындауы мүмкін. Ең алдымен, олар адамның сабырмен ойлануына мүмкіндік бермей, асығыс шешім қабылдатуға тырысады, – деп түсіндірді Олжас Мағыпаров.

Ал егер жеке деректеріңізді бөгде адамға беріп қойсаңыз, не ақша аударып жіберсеңіз, уақыт жоғалтпай әрекет еткен жөн. Мамандар, бірінші кезекте, банк картасын бұғаттап, мобильді банкингтің құпия сөзін ауыстыру керектігін айтады. Байланысқа шыққан телефон нөмірін, хабарлама, сілтемелерді өшірмей сақтап, полицияға мейілінше тез жүгінген жөн.

Дропперлік – қауіпті тұзақ

Интернет-алаяқтықпен күресте тағы бір маңызды мәселе – дропперлік. Бұл – өз есеп шотын сыйақы үшін басқа адамдарға пайдалануға беріп, ақшаны қабылдауға немесе басқа шоттарға аударуға көмектесу. Кейбір азаматтар мұндай әрекетке жеңіл табыс табу мақсатында барады.

Мұндай ұсыныстар сырттай қарағанда тиімді көрінуі мүмкін. Мәселен, адамға картасын уақытша қолдануға бергені немесе бірнеше аударым жасағаны үшін ақша төлеуге уәде етеді. Алайда оның есепшоты арқылы алаяқтық жолмен алынған қаражат өтуі ықтимал. Мұндай әрекет карта иелерін де қылмыстық жауапкершілікке тартылу қаупіне апарып соғады.

Адамның «ақшаның қайдан келгенін білмедім» деуі оны жауапкершіліктен босатпайды. Қазақстанда 2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап Қылмыстық кодекстің 232-1-бабы бойынша дропперлікке байланысты қылмыстық жауапкершілік қолданылады. Құқық бұзушылықтың сипаты мен мән-жайына қарай айыппұлдан бастап, заңда көзделген жағдайларда мүлкін тәркілеумен бірге 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылуы мүмкін, – деп мәлімдеді полиция қызметкері.

Қаржылық алаяқтықтан қорғанудың басты жолы – кез келген күмәнді ұсынысты тексеру, асығыс шешім қабылдамау және жеке қаржылық деректерді құпия сақтау. Өйткені оңай табыс туралы уәде немесе қауіпсіздікке қатысты үрей тудыратын қоңырау адамды ақшасынан ғана айырып қоймай, заң алдында жауапқа тартылуына себеп болуы мүмкін.

Қырағылық қылмыстың алдын алады

Қылмыскерлер тұрғындарды алдап, миллиардтаған шығын келтіргенімен, банк қызметкерлері мен полицияның жедел әрекетінің арқасында талай азаматтың қаражатын сақтап қалу мүмкін болды. Жыл басынан бері қала тұрғындарының 87 миллион теңгеден астам ақшасының қаскүнемдердің қолына түсуіне жол берілмеді. Бұл көрсеткіш интернет-алаяқтықтың ауқымын ғана емес, оның алдын алудағы бірлескен жұмыстың маңызын да аңғартады.

– Жақында ғана алаяқтардың арбауына түскен ер адам депозиттегі жинағын шешіп алып, ірі соманы белгісіз шотқа жібермек болды. Банк қызметкерлері тұтынушының мазасыздығын, күмәнді әрекеттерін және ірі көлемдегі ақша аударуға ниетті екенін байқап, жағдайға бірден назар аударып, дереу полицияға хабар берді, – дейді Қиберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы.

Оқиға орнына жеткен киберполиция қызметкерлері ер адамға жағдайды түсіндіріп, мән-жайды анықтауға көмектескен. Нәтижесінде азамат райынан қайтып, ақшасын аударудан бас тартқан. Осылайша банк қызметкерлерінің қырағылығы мен полицияның жедел әрекеті 3 миллион теңгеден астам қаражаттың қолды болуына тосқауыл қойды.

– Банк картасын бөгде адамға бермеңіз, SMS-код пен құпиясөзді ешкімге айтпаңыз, бейтаныс адамның нұсқауымен ешқайда ақша аудармаңыз. Телефон арқылы үрей тудырған адамға бірден сенбеңіз. Ал оңай табыс туралы ұсыныс түссе, оның артында қандай мақсат тұрғанын мұқият ойлаңыз, – деп мамандар тағы да ескертеді.

Қылмыс жасаушылар көбіне адамның қорқынышы мен сенімін пайдаланады. Оларға мұндай мүмкіндік бермеудің ең тиімді жолы – сабыр сақтау, ақпаратты тексеру және күмәнді жағдайда мамандарға жүгіну. Алаяқтықтың алдын алуда әр минут маңызды және дер кезінде көрсетілген көмек үлкен шығынға жол бермейді.

Назгүл АЗАТҚЫЗЫ, суретті Қостанай облысы ПД ұсынды

РЕКЛАМА

НАШИ ПРОЕКТЫ

Edit Template

ТОО «Газета «Наш Костанай»

Копирование и перепечатка материалов ограничена. С условиями использования материалов сайта «Наш Костанай» можно ознакомиться по ссылке.




контакты

Адрес редакции:
110000 г. Костанай,

пр. Аль-Фараби, 90

Телефон/факс 
8 (7142) 54-27-53.
Email: gazeta@top-news.kz

Яндекс.Метрика




партнеры

tobolinfo-logo-new-1
log3
qm_01

Газета «Наш Костанай» © 1990 – 2026.