Отбасы банк «Ұмай» әйелдерге арналған ипотекалық бағдарламасының екінші кезеңіне өтінім қабылдауды 2026 жылғы 3 қарашада бастайтынын хабарлады. Бұл кезеңде бағдарламаға 20 млрд теңге бағыттау жоспарланған.
Банктің ресми мәліметіне сүйенсек, өтінім қабылдау мүмкіндіктері кеңейтілген. Енді әйелдер құжаттарын үш тәсілмен тапсыра алады: банктің сайтындағы «Бейнеқызмет көрсету» сервисі арқылы, Отбасы банкінің кеңесшілеріне жүгіну немесе банк бөлімшесіне бару арқылы.
Бағдарламаның екінші кезеңінде де бұрынғы талаптар сақталып отыр. Негізгі шарттар бойынша:
* Несие сомасы: 50 млн теңгеге дейін;
* Пайыздық мөлшерлеме: жылдық 14,8%;
* Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесі (ЖТСМ): 16,3%-дан 16,8%-ға дейін;
* Отбасының орташа айлық таза табысы: 1 млн 250 мың теңгеден аспауы тиіс;
* Табысты растау: соңғы алты айдағы ресми табыс қажет.
Отбасы банкінің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта, «Ұмай» бағдарламасы бойынша бастапқы жарна мөлшері баспана сатып алатын қалаға байланысты екені көрсетілген. Астана мен Алматыда — 20 %, басқа қалаларда — 15%.
Қатысу шарттары мен өтінім беруге қажетті құжаттар туралы толық ақпаратты Отбасы банкінің ресми ақпараттық арналары арқылы білуге болады.
Ұлту ЖҮЗБАЙ
Фото «НК» мұрағатынан
