Өңір мақтанышына айналған тұлға

немесе он жеті жасында жадының мықтылығын дәлелдеген жыршы Нағашыбай Алпысов жайлы толғаныс

Менің бүгін әңгімелегелі отырған қазақтың абыз ақсақалының шығармашылығына, адамгершілік асыл қасиеттеріне қызығушылық танытып келе жатқаныма көп жылдардың жүзі болды.

Тектіден текті туады

Бірақ өткен жылдарда ағамыз ұлтымызға біртуар тұлғаларды берген киелі топырақ яғни облыс орталығынан едәуір жерде жатқан Жангелдин ауданының Албарбөгет кеңшарындағы Тәуіш деп аталатын ауылда болғандықтан жүздесудің сәті түспеді.
Жақында ғана бұл күндері ғұмыр кешіп жатқан Қостанай облысына қарасты Обаған селосындағы қара шаңырағында болып, онымен емен-жарқын сырласудың орайы келді.

Бір тәнті болатыным, ол кісінің жүзінен әрдайым жылы шуақты көресіз. Бәлкім тумысынан солай шығар, ешкімді жатсынып, жатырқау дегенді әсте білмейді. Әйтеуір аузынан кімге болсын «Айналайын» немесе «Бауырым» деген жүрегіңе нұр ұялататын сөзі түскен емес.

Сонымен бізді жасы сексеннің сеңгіріне көтерілген зиялы қарт туған інісі келгендей қуана қарсы алды. Ол қазіргі таңда кенже ұлы Абдрахманмен бірге тұрады екен. Оның жан-жары Күләш Мұхтарқызы да азаматына сай жаны жайсаң, кішіпейіл де қонақжай апамыз болып шықты.

Ынтымағы жарасқан әулеттегі сұхбатымыздың жарасқаны соншалықты, уақыттың қалай тез өте шыққанын сезбей де қалыппыз. Ол кісіні тап бір жастайымнан танитын адамдай күйді бастан кештім.

Кеудесі тұнған шежіре мен сырға толы Нәкеңнің айтары да жеткілікті. Көпті көрген ақсақал бұрынғы Торғай облысындағы жоғарыда аталған Тәуіш елді-мекенінде 1945 жылы желтоқсан айында дүниеге келіпті. Бұл шаңырақты сол өңірдегі ағайындардың бәрі де жақсы біледі. Алпысовтар десе елеңдемейтін қазақ жоқ десе де болады.

Өйткені, оның баяндауы бойынша, өзіне жастайынан тәлім-тәрбие берген ардақты әкесі Алпыс жыршылық өнерімен сол аймаққа кеңінен танылған сегіз қырлы, бір сырлы, аузы дуалы, сөзі уәлі кемеңгер жан еді.

Онымен дастарқандас әрі дәмдес болған кісілер рухани жағынан байып, жан дүниелері түлеп қалатын. Ол сөз құдіретін терең ұғынған, шығармашылыққа ден қойған жан болғандықтан айналасындағы қатарластарының бәрі де оған жақын жүргенді, қажет кезінде ақыл-кеңес сұрағанды ұнататын.

Алпыс атамыз да мұндай ел сыйлайтындай қадірлі бес аспап, айтқан сөзін бұлжытпай орындайтын, уәдесіне берік, жығылғанға жанашыр азамат-ты. Ол кезінде сол өңірге белгілі Шилі ауылында іскерлігімен танылып, ауыл -аймақты басқарды. Өз заманындағы алдыңғы қатарлы атқа мінген кісілердің бірегейі-тін.

Ол замандастарын жан-жақтылығымен соңынан ертіп қана қойған жоқ, қазақтың ежелден келе жатқан жыршылық өнерін дамытуға да бір адамдай үлесін қосып, артында өшпес іс қалдырған көреген тұлға-тын.

Айтқан сөзі қалтқысыз орындалатын Алпыс Байдалин өзін білетіндерді ерекше есте сақтау қабілетімен де назар аудартқан. Кезінде сол өңірге кеңінен танымал Қазақстанның Халық ақыны Нұрхан Ахметбеков, ел қадірлісі Ахметхан Әбіқаевтермен сыйлас әрі сырлас еді. Өз өмірінде әлгі аталған Нұрхан, ұлт көсемі Ахмет Байтұрсынұлының дастандары мен шығармаларын және өзге де халықтық жырларды нақышына келтіріп орындап, жүректерге жеткізе білетін.

Біздің кейіпкеріміз Нағашыбай да сол таңнан таңға дейін жалықпай айтатын осы жандардың тәлімін көзбен көріп, көңілге түйіп өсті. Сондықтан да біз шаңырақ иесінің осындай қасиеттері бұған қанмен дарыған деп нық сеніммен айта аламыз.

Нәкеңнің анасы Зейнекеш Молдағалиқызы да ақын жанды апаларымыздың бірі-тін. Бұл киелі отбасында үйілмелі-сүйелмелі он бала бірін-бірі жетектеп жеткізді. Солардың тұңғышы Нағашыбай өзінен кейінгі Қонысбай, Күлпәш, Қойшыбай, Амантай, Бибігүл, Тоқтарбайларға қамқоршы бола білді. Солардың тіршіліктегі барлық қуаныштары мен қол жеткізген табыстарына ортақ болып келеді.

Әкеге қарап ұл өсер

Қазақтың «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген сөзінің өміршеңдігіне Нағашыбай ағаның ғұмыры нақты дәлел. Ол жергілікті жердегі Қаратүбек орта мектебінде оқыды. Өзге құрдастарымен тай құлындай тебісіп ержетті. Алайда, оның жыршылық секілді кез-келген адамға қона бермейтін киелі өнерге деген құштарлығы ерте басталды. Небәрі он жеті жасында ұлтымыздың ұлы ақыны Ілияс Жансүгіровтың «Құлагер» поэмасын бірден зерделігінің арқасында жаттап алды.

«Ілияс ағаның халық сүйіп оқитын атақты поэмасын шексіз ұнатқанымнан да шығар, маған оны бойыма сіңіру тіптен қиынға соққан жоқ. Әлі күнге дейін қолыма домбыра алсам болды, өлең жолдары өзінен-өзі бұлақтың мөлдір суындай төгіле жөнеледі» дейді ол бір сәт ой үстінде.

Әр нәрсенің бастауында бір қамқор азаматтар тұрады емес пе. Мұның да әу баста жыршылыққа құлаш ұрып, оны ғұмырлық рухани серік етуіне Жұман Опиннің ықпалы тиіпті. Әйтпесе, жылдар өте табиғат берген өнердің арқасында күллі халықтың ыстық ықыласына бөленем деген ой өңі түгілі, түсіне де кірмепті. Бұл кісі қазір арамызда жоқ. Дүниеден ерте өтті. Оның сөзіне қарағанда, ол алып денелі, кәдімгі жазбаларда жиі айтылатын екі иығына екі кісі мінгендей алып тұлғасы бірден көзге ұрып тұратын.
Ағамыз алдымен туған елді-мекендегі білім ордасын ойдағыдай аяқтаған соң, алысқа ұзаған жоқ. Ата-анасына қолғабыс етуді парыз санады. «Албарбөгет» кеңшарындағы түрлі кезек күттірмейтін науқанды жұмыстардың бел ортасында жүрді. Қолына шалғы ұстап, шөп те шапты. Қой да қырықты.

Содан кейін алдына қойған мақсатына жету үшін Қостанай шаһарындағы бұрынғы құрылыс техникумына оқуға түсті. Студенттік жылдары азаматтық міндетін орындау үшін әскер қатарында да болып келді. Онда да ұлттық аспабымыз домбыраны жасап, шеберлігін шыңдады. Елге келген соң білімін одан әрі жалғастырды.

Қай әке ұлының үйленіп, одан немере сүйгенін қаламайды дейсіз. Содан оның үмітін ақтау үшін аталған шаһардағы кооперативтік техникумында өзі секілді оқыған Күләш есімді арумен танысып, көңілдері жарасты. Онымен жеке отау көтеріп, айналасына өнеге боларлық отбасына айналды. Қарап отырсақ, содан бергі уақытта 55 жыл көрген түстей зырылдап өте шығыпты.

Жас жұбайлар шаңырақ көтерген соң, кіндік қаны тамған құтты қоныс Тәуішке оралды. Нағашыбай аға өзінің әу баста таңдаған мамандығы бойынша құрылыс шебері болса, зайыбы Күләш есеп саласында қызмет атқарды. Білікті мамандар ауылдағылардың арасында тек жақсы қырларымен көзге түсіп, кейінгілерге үлгі-өнеге көрсетті.

Ол құрметті демалысқа шығар алдында өзі туып өскен кеңшар орталығындағы байланыс бөлімшесін басқарды. Содан кейін жергілікті мектептегі оқушыларды ата-бабамыздан мирас болып қалған жыршылық, термешілік өнерге баулып, тәлімгерлік етті. Сөйтіп, Торғай өңірінде өз мектебін қалыптастыруға шама-шарқынша өзіндік үлесін қосты.

Күләш апамыз алтын құрсақты «Батыр ана» атанды. Осынау ырыс-берекесі артқан Алпысовтар әулетінде он бала дүниеге келіп, әке-шешелерінің бақытын бұрынғыдан да шалқыта түсті. Ерлі-зайыптылар сол ұлдары мен қыздарынан отызға жуық немере, бір шөбере сүйді. Қазақтың жалпақ сөзімен айтатын болсақ, қазіргі таңда Нәкең мен Күләш Мұхтарқызының ішкені алдында, ішпегені артында. Армандары орындалды десек те болады.

Термешілік қырымен де көпке танымал

Өмір бір орында тұрмайтындығы да белгілі. Кеше ғана жырды жаттауды қолға алғандағы дарынды бозбала есімін еңбектегі баладан еңкейген қартқа дейін жақсы білетін ұлағатты ақсақалға айналды. Өткен жылы Ілияс Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрында жыршылық өнерімізге тың жаңалық алып келген, өзіндік қалың жұртты тамсандырған, бірнеше қайталанбас мақамның авторы әрі күйші-композитордың 80 жылдық мерейтойы аталып өтті. Бұл рухани кешті талантты ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Абылай Мауданов жүргізді. Онда облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың құттықтау хаты оқылып, бұған лайықты құрмет көрсетілді. Оның шығармашылығын жоғары бағалайтын інілері жүрек тебірентер жылы сөздерін арнады. Басқосудан зиялы қауым мен жиналған жұртшылық ұмытылмас рухани ләззат алды.

Өнер адамы үнемі тың ізденіс үстінде болатындығы қалың жұртшылыққа аян. Ол жасы ұлғайғанына қарамастан домбырасын қолына алып, шығармашылығын үнемі дамытып, өзінің орындауындағы халықтың жүрегіне жеткен туындыларды ұштап отырады.
Енді Қостанайдың мақтанышына айналған Нағашыбай Алпысовтың еліміздегі саусақпен санарлықтай жыршысы ретінде республикамыздың бірқатар өңірлерінде арнайы шақырулар бойынша сапарлармен болған кездеріне қысқаша тоқталып өткеніміз абзал.

Оның өмірінде 1985 жылдың орны бөлек. Өйткені, ол Алматы қаласында өткен ақындар айтысы мен жыршы-термешілердің арасындағы ұйымдастырылған фестивальға қатысты. Осы дарынды тұлғалардың басын қосқан айтулы жиында шеберлігімен көзге түсіп, күллі Қазақстанға кеңінен танылды.

Оны негізінен қалың жұртшылыққа танытқан туындылардың бірегейі мақаламыздың басында айтылған «Құлагер» поэмасы. Тыңдармандардың есінде ерекше қалғаны ағамыздың аталмыш туындыға өзіндік ешкімге ұқсамайтын мақам шығарып, қандастарымыздың тарапынан айрықша қызығушылық тудырғаны.

Сондай-ақ Нәкеңнің орындауындағы поэманың нұсқасы кезінде арнайы жазылып та алыныпты. Оның сазгерлік қырларына келетін болсақ, жұртшылықты елең еткізген туынды «Қаншеңгел» екені даусыз. Ол белгілі ақын, марқұм Хамитбек Мұсабаевтың поэзиясы негізінде туғандығын тыңдармандар жақсы білсе керек. Уақыт өте аталған шығарма талғампаз жұртшылыққа тез тарап кетті.
Ол тыңдаушыларына үлкен ой салар, кейінгі жастарға ғибратты өнер болып табылатын терме орындауда да алдына жан салған емес. Әсіресе, оның орындауындағы Ақмолданың, Жүнісбек Жолдиновтің термелерін, Нұрхан Ахметбековтың «Торғайдан сәлем», «Таңатқан палуан» деген толғауларын жерлестері әрдайым үлкен сахналардан асыға күтеді. Қазақ руханиятында өзіндік орны бар Өйткені, Нағашыбай ағамыз олардың сенімін ақтап, үлкен шабытпен тыңдармандарын бірден баурап алады.

«Еңбегіне қарай өнбегі» демекші, кезінде Торғай мен Көкшетау облыстарының ақын-жыршыларының сайысында термеден бірінші орын жеңіп алды. Сондай-ақ Талдықорған қаласында Ілияс Жансүгіровтың 125 жылдық мерейтойында «Құлагер» поэмасын домбырамен орындап, жетісулық ағайындарды тәнті етті.

Сонымен қатар Алаш ардақтылары Ахмет Байтұрсынұлының 150 және Міржақып Дулатовтың 140 жылдық мерейтойларына арналған рухани кеште де жыршылық қасиеттерін жарқырата көрсетті. Мерекелік медальдармен марапатталды.

«Әке көрген оқ жонар» демекші, Торғай — Тобыл жыршылық мектебінің көрнекті өкілі елімізде ежелден келе жатқан көне дастандарды, тарихи жырларды, өсиеті мол термелерді орындауымен дараланғанын қалың жұртшылық мойындады. Сол туындыларға жаңа мақамдар шығарып, ата-бабамыздан келе жатқан танымдық жағы мол дәстүрлі өнерімізге тың жаңалық енгізгенімен ерекшеленеді.

Оның бойындағы жыршылық, термешілік өнері өзінің сүйікті перзенттері Абзал, Серік, Әбдірахмандарға да жұқты. Өзге де шәкірттерімен мақтанады. Мәселен, Абзал бұл күндері жыршы-термеші, филология саласының білікті маманы. Музыкалық білімі де бар. Оны облыс жұртшылығы талантты азамат ретінде жоғары бағалайды. Қазіргі таңда Елубай Өмірзақов атындағы Қостанай облыстық филармонияның белді қызметкері.

Одан кейінгі Серік әнші. Алтынсарин аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы. Оның алдында жергілікті мәдениет үйіне жетекшілік етті. Әулеттің кенжесі Әбдірахман да жыршы-термешілік қабілетімен жұртшылықтың алғысына бөленіп жүр.

-Нағашыбай Алпысов республикамыздағы танымал әрі «Торғайдың жыр құлагері» атанған тұлға. Ол өнер саласының майталманы. Өзінің ізін басқан жастардың ұлағатты тәлімгері ғана емес, ұлтжанды азамат. Шындықты бетке айтатын қайсар жан. Қазақ тілінің нағыз жанашыры.

Онымен пікірлесудің өзі бір ғанибет. Әрбір кездесуден ерекше тағылым аламын. Нағашым ретінде жастайымыздан бізді ата-анамыз секілді ізгілікке, адамгершілікке, кісіге қиянат жасамауға, елге адал қызмет етуге баулыды. Бата берудің нағыз хас шебері. Қазақтың салт-дәстүріне арналған бірнеше түрін біледі. Одан түйгеніміз мол, — дейді жиені Қайыржан Сәрінжіпов кездескен кезде.

Оразалы ЖАҚСАНОВ,
сурет кейіпкерден
алынды

РЕКЛАМА

НАШИ ПРОЕКТЫ

Edit Template

ТОО «Газета «Наш Костанай»

Копирование и перепечатка материалов ограничена. С условиями использования материалов сайта «Наш Костанай» можно ознакомиться по ссылке.




контакты

Адрес редакции:
110000 г. Костанай,

пр. Аль-Фараби, 90

Телефон/факс 
8 (7142) 54-27-53.
Email: gazeta@top-news.kz

Яндекс.Метрика




партнеры

tobolinfo-logo-new-1
log3
qm_01

Газета «Наш Костанай» © 1990 – 2026.