Қостанайда «Өнер барысы» анықталды

Қостанайда «Өнер барысы» анықталды

Өңіріміздегі өнерлі жастардың бастамасымен, облыстық мәдениет және спорт  басқармалары мен «Социум және мен» қоғамдық қорының қолдауымен өткен «Өнер барысы» додасының  облыстық турниріне  30 өнерпаз қатысты

Олардың ішінде  әнші, күйші, жыршы, асаба және мәдениет қызметкерлері бар.

Киелі сахнада өнер көрсетіп, әсем әндерімен көпшілікке танылған жандар, боз кілем үстінде күш сынасты. Бұл сайысқа өнер иелері үлкен дайындықпен келді.

Сондықтанда болар, дода өте тартысты өтті. Әр қайсысы өз салмақтарына қарай қарсыластарымен қазақша күрестің барлық ережелері сақтап күресе білді.

Жалпы,  қазақша күрес қара күш пен орынды пайдаланылған әдіс-тәсілді талап ететін спорт түрі. Бұл жерде оның барлық ережелерін толық меңгеру қажет. Сонымен қатар бойдағы күшті де өз пайдасына жұмсай алу да өте маңызды.

Осынау көптің қызығушылығын тудырған, қайырымдылықты көздеген сайыста екі топқа бөлініп белдескен палуандар арасында 74 келге дейінгі салмақта Қуаныш Әбілев  бірінші орынды жеңіп алды. Екінші орынды Есбол Жатқанов еншіледі. Үшінші орынға Қанат Ражанов жайғасты. Ал ауыр салмақта белдескен топ арасынан Әділхан Сейілхан суырылып алға шығып, «Өнер барысы» белдігін қанжығасына байлады. Нұрмұхамед Серікбаев тиісінше екінші орынды еншілесе, Елдар Балаханов жүлде көмбесінің үшінші сатысына көтерілді.

«Өнер барысы» атағына ие болған асаба Әділхан Сейілхан бұл турнирге «Қыпшақ шоумен» лақап атымен қатысты. Оның айтуынша, бұл турнир өнерпаз жігіттердің бірлігін арттырып, салауатты өмір салтын ұстануға бағыттайды.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА

Создать профиль



Войдите в свою учетную запись