Қостанай ауданы жыл өткен сайын жаңарып, көркейіп келеді. Ауданның ажарлануына ықпал ететін негізгі бағыттардың бірі – көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары.
Жергілікті билік бұл бағытты айрықша бақылауда ұстап, аудан көшелерін, саябақтары мен қоғамдық орындарды жасыл желекке бөлеп, тұрғындар үшін экологиялық әрі эстетикалық тұрғыдан жайлы жағдай қалыптастыруды басты мақсат етіп отыр.
Мыңдаған ағаш пен гүл
Биыл көктем-жаз маусымында Қостанай ауданы бойынша жасыл аймақтарды ұлғайту ісі ерекше қарқынмен жүргізілді. Аудан орталығында және ауылдық округтерде барлығы 7797 түп ағаш, 2800 түп бұта, сондай-ақ 56 мың гүл отырғызылды. Оған қоса, 2200 дана пирамидалық терек егілген. Бұл көрсеткіш ауданның жасыл желегін айтарлықтай арттыратыны анық.
“Тұрғындардың өмір сүру сапасы – біздің басты назарымызда. Жасыл желек – тек сәндік элемент емес, ол – экологиялық қауіпсіздіктің кепілі. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі әрі өз ретімен жүріп отырады”, – дейді Қостанай ауданы әкімінің орынбасары Болат Сейдахметов.
Саябақтар мен скверлер жаңғыртылды
Қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру да биыл айтарлықтай қарқын алды. Мемлекет басшысының елді мекендерде қолайлы орта қалыптастыру жөніндегі тапсырмасын орындау барысында аудан бойынша бірнеше нысан жаңартылды.
Өткен жылы ауданда 11 саябақ пен скверге толық жөндеу жұмыстары жүргізіліп, олар тұрғындардың игілігіне ұсынылған болатын. Жөнделген саябақтар биыл да жаңартуды жалғастырып, оларға қосымша көптеген көшеттер отырғызылды. Бұл нысандардың бәрі – балалар үшін қауіпсіз, ересектер үшін тыныш демалыс аймағы.
Тобыл қаласында жаңа форматтағы заманауи фонтан ашылып, тұрғындар үшін ерекше демалыс орны пайда болды. Ашық аспан астындағы бұл әсем нысан қазірдің өзінде қала тұрғындарының жиі келетін сүйікті орнына айналып үлгерді. Қазір фонтандар жылы жабылып, қамқорлыққа алынған.

Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығына орай Тобыл қаласының Жеңіс саябағында 1324 шаршы метр аумақта төсеніштер жаңартылып, саябақтың жалпы келбеті жаңаша сипат алды. Саябақ ішіне демалыс орындықтары орнатылып, жаяу жүргіншілер жолдары абаттандырылды.
Жасыл желекті көбейту бір мәселе болса, оны күтіп-баптау – одан да жауапты іс. Ауданның коммуналдық қызметтері күн сайын жас көшеттердің жағдайын бақылап, олардың өсуін қадағалап отырады. Ағаштар мен гүлдерді суарып, арамшөптерден арылту жұмыстары күн сайын жүргізіледі. Қурап қалған немесе сынған ағаштар дереу жаңасына ауыстырылады.
Экологиялық мәдениетті сақтау да бір міндет
Жасыл желекті көбейту жұмысы мемлекеттік құрылымдардың ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ ісі болуы тиіс. Аудан әкімдігі тұрғындарды қоршаған ортаға жанашырлық танытып, отырғызылған ағаштарға ұқыппен қарауға шақырады.

“Ағаш ексең – елге үлес қосасың. Әрбір түп тал – болашаққа қалған аманат. Сондықтан фотосуретке түсіп, серуендеуден бөлек, оны қорғау да – әрбір тұрғынның борышы”, – дейді коммуналдық шаруашылық мамандары.
Қостанай ауданында көгалдандыру жұмыстары жылдан жылға кеңейіп келеді. Қалалар мен ауылдардың келбеті жақсарып, жасыл желек көбейген сайын тұрғындарға арналған жайлы орта да қалыптасқан. Бұл – ауданның экологиялық жағдайын жақсартуға, тұрғындардың денсаулығын қорғауға бағытталған маңызды қадам.
Таңғы саф ауаның өзі адамның көңіл күйіне әсер ететіні белгілі. Ендеше, жасыл желекті көбейту – тек табиғатты жандандыру емес, адамдардың өмір сапасын арттыруға жасалған қадам.
«Таза Қазақстан» аясында атқарылған іс көп
Қостанай ауданында республикалық «Таза Қазақстан» бастамасы ерекше қарқынмен жүзеге асты. Ауқымды экологиялық акцияға тұрғындар мен еріктілер, еңбек ұжымдары, жастар, спорт және мәдениет саласының өкілдері қатысты.


Бір күннің өзінде үш мыңнан астам ағаш көшеті отырғызылған. Ауданның ауылдық округтері де белсенділік танытуда. Мысалы, Белозер ауылдық округінде рұқсатсыз қоқыс орындары жойылып, 150 ағаш отырғызылды. Ойын алаңдары мен ескерткіштер жөнделді, көше жарықтары жаңартылуда. Ал Александров ауылдық округі 1800 ағаш пен 4300 гүл еккен. Ескі ғимараттар сүріліп, спорт алаңдары абаттандырылып, көшелердің 90%-ы жарықтандырылып, 4500 тоннадан астам қоқыс шығарылған. Бұл жұмыстар экологиялық жауапкершілікті күшейтіп, ауылдардың келбетін айтарлықтай жақсартты.

Аудан бойынша мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында «Таза Қазақстан» бағдарламасын қолдау жобасы іске қосылды. Оның шеңберінде аудандық сенбіліктер, «Эко-стиль» тренингтері, эко-сайыстар, плоггинг, алюминий банкілерін жинау байқауы, экологиялық рейдтер өткен.
«Арман Аула – 2025»
Аудан тұрғындарын көгалдандыру жұмыстарына тарту мақсатында «Арман Аула – 2025» байқауы жарияланды. Жеке тұрғын үй аулаларын абаттандыруға бағытталған бұл жобаға 38 отбасы қатысқан. 10 үздік аула ақшалай сыйлық алып, 3 жеңімпазға 200 000 теңгеден берілген. Мұндай бастамалар тұрғындардың белсенділігін арттырып, экологиялық мәдениетті нығайтады.
Қостанай ауданында жүргізіліп жатқан көгалдандыру заманауи талаптарға сай, кешенді әрі жүйелі түрде орындалуда. Ағаш егу – жай ғана іс емес, ол табиғатты сақтау, ұрпаққа таза ауа қалдыру, туған жерге жанашырлық таныту.
«Жасыл желек – тұрғындарға қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыратын басты фактор. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар жыл сайын кеңейіп, жалғаса береді», – дейді аудан әкімінің орынбасары Болат Сейдахметов.
Ая ӘБДІЛДА,
суреттерді Қостанай ауданы әкімдігі ұсынды
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77
