ЖКХ

Жол белгілері орнатылады, бірақ күтімі кімнің мойнында?

Қостанай қаласында жол қозғалысын реттеу мәселесі тұрғындар арасында жиі талқыланып жүр. Әсіресе, кей көшелерде жол белгілерінің бір-біріне қайшы келуі, ал кейбірінің тиісті рұқсатсыз орнатылуы қоғам наразылығын туғызуда. Бұл мәселе қалалық әкімдікте өткен жиында көтерілді.

Мамандардың айтуынша, жол белгілерін орнату өз бетінше шешілетін мәселе емес. Тіпті жол таңбаларын сызудың өзі полицияның келісімін талап етеді. Яғни, соңғы шешімді құқық қорғау органдары қабылдайды. Сондықтан кез келген белгі тиісті тәртіппен келісіліп орнатылуы тиіс.

Алайда тәжірибеде бұл талаптар толық сақтала бермейді. Жиында айтылғандай, кей жағдайларда белгілер дұрыс қойылмаған немесе бір-біріне сәйкес келмейді. Мұндай жағдайда полиция тарапынан нұсқама беріледі. Белгіленген мерзім ішінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі олқылықты жоюға міндетті. Яғни, ТҮКШ жол белгілеріне жауапты мердігер ұйымға тиісті тапсырма береді. Әдетте бұл мерзім бес күн ішінде орындалады.

Нақты мысал ретінде Челябинская көшесінің бойындағы жағдай айтылды. Гагарин мен Челябинская көшелерінің арасындағы учаскеде «Тұрғын аймақ» белгісі және қозғалысты шектейтін қосымша белгі орнатылған. Алайда бұл аумақта ешқандай арнайы режимдік нысан жоқ, тек жеке тұрғын үйлер бар. Полиция аталған жағдай бойынша бір апта бұрын нұсқама бергенімен, белгі әлі күнге дейін алынбаған. Қазіргі таңда Карбышев көшесінде жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жақын арада аталған аумақ қала тұрғындары үшін негізгі қатынас жолдарының біріне айналуы мүмкін. Сондықтан заңсыз қойылған белгілер қозғалысқа кедергі келтіріп, көлік ағынына қиындық туғызуы ықтимал.

“Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында өз бетінше ештеңе істей алмайды. Тіпті жолға таңба салудың өзі полицияның келісімі мен мақұлдауын талап етеді. Сондықтан соңғы шешімді полиция қабылдайды. Нұсқама да солар тарапынан беріледі. Яғни бұл жоспардан тыс мәселе болса да, бәрібір келісуді қажет етеді. Сондықтан егер қандай да бір белгі орнатылған болса, менің ойымша, ол белгілі бір деңгейде полицияның келісімімен қойылған. Сол себепті алдымен жағдайды нақтылап алу қажет”, – деді Қостанай қаласының әкім Марат Жүндібаев.

Полиция нұсқама бергеннен кейін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі белгіленген мерзімде орындауы тиіс. Марат Жүндібаев бес күн мерзімді үш күнге қысқартуды ұсынды. ТҮКШ өкілі де үш күннің жеткілікті екенін айтты.

“Кей жағдайларда мұндай белгілерді сол маңдағы тұрғындар өз мүдделері үшін орнатуы да мүмкін. Дегенмен, бұл әрекет заңға қайшы және тиісті органдар тарапынан бақылауға алынуы тиіс”, – деді Марат Жүндібаев.

Сонымен қатар жиында қаладағы жол белгілерінің жалпы жағдайы да сынға алынды. Көптеген белгілердің ескіргені, тот басқаны, жазуларының өшіп бара жатқаны атап өтілді. Қаражат бөлінгеніне қарамастан, олардың уақытылы жаңартылмауы да өзекті мәселе болып отыр. Бұл бағыттағы жұмыстың қалай ұйымдастырылатынын “Спецстрой-Сервис” ЖШС басқарушысы Қайыркелді Тілеубаев түсіндірді.

“Біздің негізгі жұмысымыз жол белгілерін орнату және ауыстыру. Яғни, ескі, жарамсыз белгілердің орнына жаңасын қоямыз немесе полицияның нұсқамасы негізінде жаңа белгілер орнатамыз. Барлық жұмыс тиісті құжат – полицияның нұсқамасы арқылы жүргізіледі. Егер белгі қисайып тұрса, оны түзетеміз, қажет болса ауыстырамыз. Бірақ біз толыққанды жөндеу немесе күтіп-ұстау жұмыстарымен айналыспаймыз. Мысалы, жуу, сырлау сияқты жұмыстар біздің міндетке кірмейді. Біз тек орнату және ауыстыру жұмыстарын атқарамыз”, – деп нақтылады мердігер өкілі Қайыркелді Тілеубаев.

Жыл басынан бері атқарылған жұмыс көлемі де аз емес. Қазірдің өзінде 456 жол белгісі орнатылды. Олардың ішінде жаңадан қойылғандары да, ауыстырылғандары да бар. Жұмыс әлі де жалғасады.

Сералы МЫРЗАБАЙ, суретті түсірген – автор


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77