Ехсан Есетовтың белгісіз қырлары жөнінде
Қазақ өнерінде өзінің қолтаңбасын қалдырған тұлғалар қайсы өңірде болсын баршылық. Олар жайлы айтып, жазып отыру қолына қалам ұстаған әрбір қаламгердің міндеті деп түсінемін. Ол әсіресе, ғұмырымыздың жалғасы өскелең ұрпаққа ауадай қажет.
Мен бүгін Қостанай облыстық Елубай Өмірзақов атындағы облыстық филармониясының тұңғыш директоры, осы мәдениет ордасының негізін қалаған Ехсан Есетов жайлы әңгімелемекпін.
Ұлы тұлғалармен жүздесу
Әрине, өзім бұл айтулы тұлға жөнінде талай естіп, ол туралы жазылған жазбаларды оқығанмын. Жуырда оның алғашқы перзенті Марат ағамыз бен оның сүйікті жары Күләш апамыздың киелі шаңырағында болып, ақын, журналист, композитордың мағыналы өмірі хақында сөйлесіп, бұрын-соңды білмеген деректер мен дәйектерге қанықтым.
Ехсан Есетовтің келіні Күләш тіршіліктен көргені мен түйгені мол, ашық-жарқын мінезімен кез келген кісіні бірден баурап алатын шешен тілді жан екен. Қайын атасын сонау жастық шағынан бастап дүниеден өткенге дейін жүріп өткен жолын толық баяндап берді.
Ең алдымен, оқырмандардың есіне саларым, елім деп еңіреп өткен азаматтың әу бастағы тағдырының оңай болмағандығы. Небәрі 3 жасында бір әулеттің тірегі, асқар таудай әкесінен айырылды. Жетімдіктің ащы дәмін татып, оның қандай болатындығын ерте сезініп өсті.
Осы арада аз-кем тоқтала кетер жай, ол 1915 жылы 7 қарашада аймақтағы көршілес Ресейге жақын орналасқан Қарабалық ауданына қарасты бұрынғы «Бөрлі» кеңшарының №3 бөлімшесі, яғни Тасөзек ауылында шыр етіп дүниеге келді. Айналасы мейірімді де қайырымды кісілерден кенде болған жоқ. Соның бірі – қазақтың тұңғыш журналисі, даңқты жерлесіміз Мұхамеджан Сералиннің туған інісі Зәкір Сералин еді. Көзі ашық, көкірегі ояу азамат қағілез де зейінді баланың бойындағы білімі мен болашаққа деген талпыныс пен құштарлықты дер кезінде көре білді. Сөйтіп облыс орталығындағы кезінде ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсарин ашқан мектеп «Казкоммунада» оқып, таным көкжиегін кеңейтті.
Ехсан аға өзінің бір естелігінде жоғарыда есімі аталған Зәкірдің тарапынан әрдайым қолдауы мен шарапатын көргенін тебірене жазады. Осындай шапағаты тиген кісінің арқасында Жітіқарадағы өнім сапасын тексеретін үлкен комбинатқа қызметке орналасады.
1933 жылы сондағы көркемөнерпаздар үйірмесінің жетекшісі болып жүргенде ұлтымыздың біртуар дара перзенттері Бейімбет Майлин, Елубай Өмірзақов Құрманбек Жандарбековтермен кездесіп, олардың келешек ғұмырына тәлімі зор ерекше ұлағатты сөздерін естіп, көрсеткен өнерлерімен ұмытылмас әсер алады.
Журналистикаға ден қойды
Ехсан аға 1936 жылдан бастап қазақ журналистикасына белсене араласты. Сол кезеңде «Большевиктік жол» (қазіргі «Қостанай таңы») газетіне қызметке алынып, 1940 жылға дейін редакцияның хат, мәдениет және тұрмыс, ауыл шаруашылығы бөлімдерінің меңгерушісі ретінде өңірлік баспасөздің дамуына өзінің қаламгерлік үлесін қосады.
Өзінің алдындағы аға ұрпақ өкілдерінен жалықпай үйреніп, өзінен кейінгі жастарға бағыт-бағдар беріп, шығармашылық жағынан өсуіне тікелей ықпалын тигізіп, жинақтаған тәжірибесімен бөлісті.
Осы басылымның алғашқы нөмірі 1936 жылдың 26 қазанында жарық көріп, өңірдің тарихында ерекше орын алғандығын сол шақтағы әріптестерінің тыныс-тіршілігі мен тың ізденістерін өзінің «20 жылдың жемісі» деген мақаласында ашық жазады.
Мұндай қаламы қарымды журналист қайда да жұрт назарына ілінбей қоймайтындығы белгілі. 1945 жылы Ехсан аға республикалық «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің Қостанай облысындағы меншікті тілшісі қызметіне бекітіледі. Бұл жұмыстың да жауапкершілігі жетерлік. Соның бәрінде де табандылық танытып, жергілікті талғампаз оқырман оның аймақтан жариялаған түрлі жанрлардағы шығармаларын жақсы білсе керек. Оны іздеген адам мұрағаттардан таба алады.
Уақыт өте Алатаудың баурайындағы бұрынғы Астанаға қоныс аударып, аталмыш басылымның Алматы облысындағы өз тілшісі атанады. Содан кейін өзекті тақырыптарды көтере білетін азамат редакцияның аппаратында аянбай еңбек еткенін білеміз. Қазір өткен күндерге кішкене көз жіберіп отырсақ, ол сол кезеңде қырықтан енді асқан нағыз кемеліне келген, көпшілік «Ехсан Есетов» деген фамилияға жұртшылықтың көзі әбден үйренген шығармашылықта өзіндік өрнегімен шеберлігі әбден қалыптасқан еді.
Филармонияның тұңғыш басшысы
Қостанайлық ағайындар руханиятта өзіндік орны бар азаматтың бұл күндері дарынды ұл-қыздар мен облыс, республиканы былай қойғанда, халықаралық деңгейде қазақ өнерін насихаттап жүрген ұжымды осыдан 81 жыл бұрын Ехсан Есетовтің басқарғанын мақтан етеді. Енді соған қысқаша тоқталып өтелік.
1943 жылы 28 желтоқсанда Қостанай облыстық атқару комитеті «Қазфилармонияның» қазақ филиалын ұйымдастыру туралы өз отырысын өткізіп, қаулы етті. Осылайша, 1944 жылдың 1 наурызынан бастап, аталған өнер ордасы өз жұмысын бастады.
Әрине, қандай жұмысты болмасын бастау қиын. Сондықтан алғашқы кездері кадрларды тауып, оларды орналастыру да жеңілге соқпады. Өнерлі азаматтарды алыстан емес, жергілікті дарынды кісілердің арасынан іріктеп, қабілет-қарымдарына қарай қызметке алды.
Сол кезеңдерде Меңдіқара ауданынан Ғафура Сейдахметова, Ғайнеш Ташенева, Обаған ауданы Сатай ауылынан Сейтім Жақыпов, Рақымжан Қасымов және Хайдолла Тілемісовтер шақырылып, сахна шымылдығын тұңғыш ашқандар есебінде жұртшылықтың жадында сақталып қалды.
Жылдар өте өзге де өнер үшін туылған нағыз дарындар келіп қосылды. Олардың қатарында Мария Алтайбаева, Нұғман Аппазов, Ғилман Әлжанов, Қаби Ғұбайдуллин, ерлі-зайыпты Ормаш және Назым Есмағамбетовтер, Байғоныс Мұхамеджанов, Біржан Тауманов секілді талант иелері келіп қосылды.
Көпшілік алдында асқақтата ән салып, күмбірлете күн шерткен өнерпаздар өздерінің бай тәжірибелерімен бөлісіп, кейінгі жас толқындарды тәрбиеледі. Тіпті, олардың ұл-қыздары да ата-анасына еліктеп, халыққа таныла бастады. Мәселен, Ехсан ағаның өз ұлы Мұрат Алматыдағы Құрманғазы атындағы консерваторияны үздік аяқтап шықты.
Сондай-ақ қостанайлық ағайындар айрықша құрмет тұтатын Кәмеш пен Ғафура Жаманқұловтардың балалары Диас, келіндері Жұпар және немерелері қосылып ән шырқап, домбырада шебер ойнап, отбасылық ансамбль атанды. Ал әлгі Диастың күй шерткенін тыңдаған жергілікті бауырларымыз оны Қостанайдың Қаршыға Ахмедияровы деп кеткен еді.
Содан кейінгі өмірі мұның алдында айтылғандай, жазу-сызумен тікелей байланысты. Содан ғұмырының соңына дейін ол біржола әдебиет және журналистика саласына ден қойып, өзінің шығармашылығымен айналысты.
Кейіпкеріміздің атын ардақ тұтып, оны әрдайым сағынышпен еске алып отыратын ұлы Мұраттың айтуына қарағанда, әкесі нағыз тума дарын иесі. Ол өзінің өлеңдері мен әндерін, басқа да туындыларын көбіне түнде жазатын. Өйткені, өзге қаламгерлердей күндіз қызметте болады. Сондықтан олар көбіне демалыс күндерді ұтымды пайдалануға тырысты.
Оның айтуына қарағанда, Ехсан аға ұл мен қыздарын ерекше жақсы көрген балажан кісі-тін. Өзінің әкелік міндетіне аса бір жауапкершілікпен қарады. Балалары туған жерін гүлдентетін азаматтар болып өссе екен деп армандады. Өзі Алматыда ғұмыр кешсе де, әлгі ұлы Маратты Қостанай топырағында қалдырды. Ол бұған: «Қостанай менің кіндік қаным тамған жерім. Сондықтан бір перзентінің осында қалып, тұрғаны жақсы. Өйткені елге келмей тұрмаймыз» дейді екен.
Осы ұлы мен келіні Күләш Есағаңның бір ауыз сөзін екі етпеді. Қасиетті Қостанайда қалып, өз қатарларынан қалмай, қызмет атқарды. Әкесінің атына ешқашан да кір келтірген емес.
Күләш апамыз айтады:
– Қайын атам өте мәдениетті, жан сарайы сұлу адам еді. Оның бізге деген ықыласы ерекше болды. Өзім Есетовтер әулетіне 1968 жылы келін болып түстім. Мен, негізінде, өңірдің Науырзым ауданы Қожа ауылында туып өстім. Тұрмысқа шыққан соң біз отағасы екеуіміз бұрынғы Торғай облысының Арқалық ауданында жұмыс істедік. Кейінгі біраз жылдардан бері өзіміздің облыста тіршілік етіп, бес баламызға тәлімді тәрбие бердік. Он бір немере, бес шөбере сүйдік.
Отағасы Марат сабырлы да салмақты жан. Оның негізгі кәсібі агроном. Жермен тікелей байланысты болғандықтан ауылшаруашылығын өркендетуге бір кісідей үлесін қосты. Мен сауда саласының қызметкері болдым. Ел алдында абыройсыз болған жоқпыз. Қазір балалардың қызығына бөленіп, облыс орталығында тұрамыз.
Қайын атам Алматыда тұрған кезде біз жиі барып тұратынбыз. Ол кездегі шаһардың көркі де, табиғаты да алыстан көз тартып, кімді болсын сұлулығымен тәнті ететін. Сол қонақжай әрі бауырмал ата-енемнің арқасында талай есімдері аңызға айналған тұлғалармен дәмдес болып, әңгімелерін естідім. Мәселен, қазақтың ұлы ақыны Жамбыл Жабаевтың хатшысы болған Қасым Тоғызақов және Хасен Өзенбаевтар шіркін қандай кісілер екен десеңізші. Сонымен қатар атамның жылында Серке Қожажқұловты, халық батыры Бауыржан Момышұлының бәйбішесін, Ғафу Қайырбековты көрдім. Атам Ғафекеңді күйеу бала деп әзілдейтін. Өйткені, көрнекті ақынның жары Бәдеш Хамзина Қостанай өңірінің қызы еді.
Қайын атамның мінезі өте жұмсақ-тын. Көпшілдігі, бауырмалдығы ерекше болатын. Өзімді туған қызындай еркелетті. Енемнен де түйгенім мол. Бұрынғының адамдары ешкімді жатырқамайтын. Барымен бөлісетін. Қазір сол күндердің бәрі сағыныш. Олардың кеуделері нағыз алтын сандық болатын.
Ардақты жан, әулеттің бәйтерегі 1972 жылы қазан айында сырқаттан қайтыс болды. Ол Кеңсай зиратында жерленді. Бұрынғы астанаға жолым түскен сайын Құран оқытып тұрамыз.
Ол ұрпағымен бақытты
Ехсан Есетұлы қандай жұмыс атқарса да өзінің ынтымағы жарасқан отбасын жоғары қойды. Зайыбы Қарашашпен Семей қаласына барғанда танысыпты. Содан көңілдері жарасқан. Олар шаңырақ көтеріп, екеуі де қызмет атқарды. Үйдің алтын діңгегі болған әйелі сонау бір жылдары Қостанайдағы Ыбырай Алтынсарин атындағы мектеп-интернатта аға тәрбиеші болса, Алматыда кілем тоқу фабрикасында жұмыс істеді.
Ерлі-зайыптылар алты баласының жұрт қатарлы білім алуына жастайынан еңбекқұмар болып қалыптасуына көп көңіл бөлді. Ұлдарының есімдері Марат, Марал, Орал, Мұрат және қыздары Әлия, Бақытжамалдар да ата-аналарының сенімін ақтауға тырысты. Қазір солардан екеуі ғана қалды.
Соның бірі тұңғыштары, өзім арнайы шаңырақтарында сұхбат алған Марат болса, Орал қазір Алматы шаһарында ғұмыр кешіп жатыр. Оның Сәуле есімді қызы бар. Үйлі-баранды. Екі баласы бар.
Жалпы, Ехсан мен Қарашаш осы ұрпақтарынан он үш немере сүйді. Олардың бәрі де тәуелсіз елдің өркендеп өсуіне қалаған мамандықтары бойынша еңбек сіңіріп жатқаны қуантады.
Бүгін әңгімеге арқау болып отырған Ехсан Есетов нағыз сегіз қырлы, бір сырлы тұлға болғандығы ақиқат. Оның мәдениет қайраткері, білікті басшы, ізденімпаз журналист әрі ақын екендігіне тоқталды. Алайда композитор ретінде де халыққа кеңінен танылды.
Оның әндер жинағы 1958 жылы Алматыдағы «Көркем әдебиет» баспасынан жарық көргендігінен зиялы қауым хабардар болар. Әсіресе, «Той бастар», «Шопан жыры», «Бұлбұл жыры», «Жаңа жиырма бес», «Қостанай», «Қалыңдыққа», «Құдаша», «Сүйінші», Кеңес Одағының батыры, халық қаһарманы Бауыржан Момышұлына арнаған «Бауыр-аға», «Сүйген жар» және басқа да әндері жүректерді тербейді. Болашақта басқа да туындылары орындаушысын тапса, тыңдармандар жүрегіне жететіндігі даусыз.
Сондай-ақ, қаламгер ретінде талай фельетондары жарық көріп, республика жұртшылығының көңілінен шықты. Ол туралы айтылар естеліктер де аз емес. Егер ол тірі болғанда биыл 110 жасқа толар еді. Осы айтулы датаға орай жақында кезінде өзі басқарған филармония ұжымының ұйытқы болуымен «Елін сүйген Ехсан Есетов» деп аталатын рухани кеш болып өтті.
Онда қазақтың көрнекті ақыны, Қазақтанның құрметті жазушысы Серікбай Оспанов, қазақ журналистикасының ардагері Қасымхан Алдабергенов, жергілікті қаламгерлер, келіні Күләш, филармония басшысы Бағдат Оспанов және басқалар оның елі мен руханиятқа сіңірген еңбегі жайлы әсерлі естеліктер айтты. Осы кездесуде артында өшпес мұра қалдырған азаматқа қаламыздан бір көше атын беру, өзі негізін қалаған филармонияның қабырғасына ескерткіш тақта орнату жайы да қозғалды.
Оразалы ЖАҚСАНОВ,
сурет филармониядан алынды
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77
