Біздің Қостанай Социум

Облыстық мешітке есімі берілген: көрнекті тұлға Аймағанбет қажы Спанұлының қайраткерлігі жөнінде

Бұл күндері Қостанай облыстық мешітіне есімі берілген Аймағанбет қажы Спанұлын жұртшылық жақсы біледі. Қазақ «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді.

Жақсының аты өшпейді

Осы Қостанайда қызмет атқарған қырық жылдан астам уақыттың ішінде артында өшпес ізін қалдырған ардақты ақсақалдар жөнінде талай жылы лебіздер естіп, олардың аты-жөндері мәңгілік есімде қалды.

Солардың бірі және бірегейі бүгін әңгімемізге арқау болып отырған Аймағанбет қажы Спанұлы десем артық айтпаған болармын. Рас, ол кісінің көзін көрген жоқпын. Бірақ ол жайлы көптеген ізгі ниеттегі пікірлер естідім. Әсіресе, оның имандылықты берік ұстанып, ислам дінінің нағыз жанашыры ретінде тындырған істері баршаның жадында.

Осындай ардақты ақсақалдарымызды кейінгі жастар білуі керек. Сондықтан да ол жайлы көптен бері қалам тартсам деген ниетте жүруші едім. Соның орайы енді ғана келген секілді. Мұның алдында да ол туралы республикалық және жергілікті басылымдарда бірқатар танымдық-тағылымдық мақалалар жарық көрді.

Енді, оның өткен өмір жолдарына шолу жасап өтелік. Кейінгілерге жарқын ғұмырымен өнеге болған ардақты тұлға 1900 жылы Қостанай облысы Әулиекөл ауданына қарасты жұртшылыққа белгілі Үшқамыс деп аталатын ауылда дүниеге келді.

Әр баланың жастайынан бірдеңеге өз қызығушылығы және талпынысы болады. Мұның білімге деген құштарлығын байқаған үй-іші оны арнайы молда ұстап оқытады. Алайда, ол кездегі солақай саясаттың зардабын әбден тартты. Діни біліммен қаруланған бозбаланы және ағасы Жақыпбек екеуін кешегі Кеңес үкіметі «Діндар», «Байдың тұқымы» деген орынсыз жаламен қуғынға ұшыратады.

Енді, олардан опа таппасын түсінген бұлар көршілес Ресейдегі Башқұртстанға қоныс аударады. Кейін арада қаншама уақыттар өткенде, яғни Аймағанбет аға жасы қырыққа жақындаған кезде туған топырағы Қостанайға оралды. Алайда, әлі де бұлардың ізіне түскендер табылмай қойған жоқ.

Башқұртстандағы бауырлар да өздерінің мұсылмандық дініне берік екендігі белгілі. Ол жақтан да біраз жайды көңілге түйіп, ой-өрісі кеңейеді. Содан өзіндік көзқарасы бар азамат туған халқына имандылықтың дәнін себу үшін мешіт ашсам деп алдына үлкен мақсат қояды.

«Көп түкірсе көл болар» деген бар емес пе. Жергілікті ағайындардың арасында осы мақсатта әңгіме жүргізеді. Сөйтіп, жұртшылықтан сол шақтағы қаржымен есептегенде 5 сомнан ақша жинайды. Алайда, азаматтың ізгі ойының жүзеге асуына сол кездегі биліктегілер мүмкіндік бермеді.

Әрине, бұл жай оған да оңай соққан жоқ. Дегенмен де еңсесін түсірмеді. Алға қарай ұмтылды. Тиісті орындар оның мешіт салуына қарсылық білдіріп, халықтан жиналған қаражатты балалар үйіне жібертеді.

Бірақ ол өзінің түпкі көздеген игі арманына жету үшін 1947 жылы Сталинге хат жазып, облыс орталығындағы Ақ мешіттің сақталып қалуына барын салады. Сондықтан да оның есімі өзін мұсылманмын деп есептейтін барша қауымның есінде мәңгілік қалатыны даусыз.

Оның осы еңбегін дін қайраткерлері де ұмытқан емес. Мәселен, ұзақ жылдар бойы облыстың Бас имамы болып қызмет атқарған Ертай қажы Балахмет осынау көкірегі шежіреге толы иманды ақсақал жөнінде көп айтатын.

Әсіресе, оның сол дінді құбыжық етіп көрсеткен заманда да ештеңеден тайсалмай, өзінің ұстанымына адал болғандығын әрдайым кездесіп, сырласқан кездерімізде тілге тиек етіп отырушы еді. Оның өмірін жас имамдарға үлгі етуден жалықпайтын-ды.

Атына ешқашан кір келтірмеді

Кейбір дерек көздеріне қарағанда, Аймағанбет молда кезінде Қостанай қаласындағы жұртшылыққа таныс Жамбыл көшесіндегі 22-ші үйде тұрыпты. Оның адалдығын, азаматтығын, үлкен мен кішіге деген кішіпейілдігін және басқа да қайырымдылық жөніндегі атқарған істерін сөз етпесек, мақаламыз да толыққанды шықпайтын секілді.

Шынында да ол кезде дін жөнінде әңгіме қозғау да жеңіл емес-ті. Соған қарамастан оны ерекше қадір тұтып, жұртшылық алыстан шаңырағына судай ағылып жататын. Әлгіндей қиындықтарға қарамастан ол өзінің мұсылмандық парызына аса бір жауапкершілікпен қарады.

Өмір болған соң дүниеден өткен кісілердің жаназаларын шығарды. Дұға оқып, басқа да өзіміздің мұсылмандыққа тән діни рәсімдерді де атқаратын. Бұл кісі қашан да қара басының қамын ойлаған емес. Әлгіндей рәсімдерден түскен азды-көпті ақшаны қалтасына салмай, сонау Ташкент, Троицк, Махачқала, Қызылорда, Пермь секілді қалалардың мешіттеріне жіберетін.

Әрине, оның атына осындай кіршіксіз тазалығы, нағыз мұсылманға тән іс-әрекеті үшін талай шын жүректен шыққан шынайы лебіздерге толы хаттар үздіксіз келіп жататын.

Баяндай берсек, оның қазір арамызда жүрген үлкенді-кішілі қауымға ғибрат болар қырлары өте көп. Соның бірқатарларына да тоқталып өткеніміз дұрыс шығар. Мысалы, сонау бір жылдары «Қостанай шаһарындағы Нариманов базарының маңындағы мұсылмандар зираты бұзылып, оның орнына құрылыс салынады екен» деген сөзді бәріміз де естідік.

Сол кезде өзіміз жаста болсақ: «Бұл дұрыс емес. Зиратты бұзғаны несі, басқа орын құрып қалып па?» деген терең ойда қалғанымыз да рас. Адамның нағыз азаматтығы оның шынайы болмысы осындай қиын шақтарда айқын көрінеді емес пе.

Содан Аймағанбет ақсақал өзінің қабырғасымен кеңесе келе, осы мұсылмандар жерленетін моланы қалайда бұзғызбай сақтап қалудың жолдарын іздейді. Әрине, оған осы мәселе бойынша халық та өздерінің өтініштерін білдірген болатын.

Содан ол қайсарлығы мен өжеттілігінің арқасында зиратты қиратудан аман сақтап қалды. Сол кезде оның қайраткерлігіне барша тәнті болған-ды. Міне, мұндай істер нағыз дін жанашырларының, имандылық жолында жүрген парасатты кісілердің ғана қолынан келеді.

Ол қашан да діни білімін көтерумен қатар, айналасындағы жұртшылыққа да өзінің шарапатын тигізіп, жетім-жесірдің, көмекке мұқтаж жандардың да жанына табылып, мейірімділік танытатын. Осы мақаланы жазу барысында, кезінде оның көзін көріп, ұлағатты сөздерін естіген зиялы қауым өкілдерімен де тілдескен едім.

Соның бірі – республикамызға танымал жазушы-журналист, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Қостанай қаласының құрметті азаматы, марқұм Сәлім Меңдібай болатын. Оның әңгімесінен байқағаным, Аймағанбет ақсақал бұлардың жақын, сыйлас құдасы болыпты.

Әріптесімнің туған Сәруар есімді апасының қайын сіңлісі Мәкен Аймағанбет молданың ұлы Боранбайға тұрмысқа шығыпты. Осы кісілерден Амантай есімді жиендері бар екендігін аса бір мақтанышпен айтатын. Алайда, Мәкен апамыздың ғұмыры қысқа болды.

Сондықтан Боранбай аға екінші рет шаңырақ көтерді.

Оның кейінгі әйелі Жібек Сәлім ағамыздың ғұмырлық жан серігі болған марқұм Мәрзия жеңгеміздің туысқаны болып келеді екен. Сондықтан олардың араларында сыйластық ежелден қалыптасыпты.

Аймағанбет атамыз көпшіл, өзгелердің жайын көбірек ойлайтын әрі кісілігі мол жан-ды. Ол үлкен жолға шыққан кезде Меңдіқара ауданының Ақсуат ауылында ғұмыр кешкен Сәлімнің әкесі Тоқмырзаға арнайы сәлем беріп, амандық-саулығын білуді өзінің азаматтық парызы санапты.

Кейін жылдар өте Сәкең облыстық қазақ газетіне қызметке орналасып, пәтер алған кезінде ауылдағы әкесі Тоқмырзаны қолына алады. Сол уақытта оны естіген құдасы Аймағанбет арнайы қой сойып, үйіне сыйлы қонақ ретінде шақырады.
Оның бәйбішесі Дәркен апамыз да кеңпейілді, мол мейірлі, еріне лайықты, азаматтың қадір-қасиетін жоғары қоятын қазақтың аяулы қызы-тын. Ол орта бойлы, жұқалтаң келген, жасы ұлғайса да қимылы ширақ отағасын әрдайым өзінен биік ұстап, ұрпақтарына өнеге ететін.

Кім мәңгілік дейсіз. 1984 жылы дүниеден өткен Аймағанбет ақсақал тіршілікте тек қайырымдылықты, кісілікті пір тұтты. Оның денесі Қостанай шаһарынан жақын жерде орналасқан Қонай ауылындағы зиратқа қойылғанын жұртшылық білсе керек.

Ол еш уақытта намазын қаза етпеді. Дінге шын берілген жан-ды. Аузынан кешегі Кеңес Одағы кезінде де Алла деген сөзі түспеді. Жүзінен мейірім төгіліп тұратын қартты жерлестері әлі күнге дейін сағынышпен еске алады.

Оның арманы орындалды

Аймағанбет (азан шақырып қойған аты Аймұхаммед) қажы Спанұлы бүкіл ғұмырын ислам дінін өркендетуге арнаған айтулы тұлға. Ол ұлт ұстазы, Алаш ардақтысы Ахмет Байтұрсынұлының туысы болып келеді. Бұл туралы ахметтанушы, қаламгер әрі ардақты ағамыз Ибраһим Ағытай өзінің облыс орталығындағы «Шапақ» баспасынан жарық көрген «Ұлағат» деп аталатын кітабында да тоқталады.

Осы зерттеу нәтижесінде жазылған еңбекпен танысу барысында да өзіме беймәлім біраз жайларға да қанықтым. Кез-келген көзі ашық, көкірегі ояу азамат оны аса зерделікпен оқып шықса артық болмас еді. Мұның әсіресе, кейінгі талапты жастарға берері өте мол.

Мен көптен бері білетін Жарасхан Боқанұлы да кезінде тілге тиек етіп отырған Аймағанбеттің отбасымен араласып, оның немересі Есентаймен дос болыпты. Сондықтан бұл әулет жайлы өзіндік айтары да бар.

Жақында онымен жолыққан кезде біраз жайды ерекше ықыласпен баяндап берді. Сонау артта қалған кезеңге қысқаша тоқталып, дін қайраткерінің азаматтық қыры жөнінде сөз етті.

Оның айтуына қарағанда, 1979 жылы желтоқсан айында күн аязды әрі суық еді. Сол шақта асқар таудай әкесінің облыстық ауруханада қайтыс болғандығы жөнінде естіп, Айекеңнің шаңырағына келеді.

Бұл кезде ақсақал жасы сексенге таяп қалған-ды. Мұның жүзінен бір түрлі қобалжуды байқап қалған ол: «Қарағым, түріңнен бірдеңеге қатты алаңдаулы екендігің байқалып тұр» дейді. Жарасхан болған жайды жасырмай айтты.

Шаңырақ иесі өзгенің қайғысын бөлісуге тырысатын. Содан бір топ адам Қарабалық ауданының Аққұдық ауылына бет алды. Мәйітті жерлеп, жаназасын шығарды. Аймағанбет ақсақал осылайша өзінің бойындағы айрықша қасиеттерін көрсетіп, жергілікті халықтың шынайы алғысына бөленді. Осы оқиға бозбаланың есінде мәңгілік сақталып қалды.

«Адам ұрпағымен мың жасайды» деген бар емес пе. Көрнекті дін қайраткерінің жалғыз ұлы Боранбайдан тараған ұрпақтары ата есімін ардақтап, өздерінің адал еңбек, маңдай терлерімен түрлі салада халықтың сүйіспеншілігіне бөленді. Немерелері осынау ұлы тұлғадан көп жайды үйреніп, зерделеріне тоқып өсті. Оның бәрін баяндай берсек, жазған дүниеміздің көлемін басылым беттері көтермейтіндігі белгілі.

Абыз ақсақалдың қонақжайлық қасиеттері жөнінде де айтылар әңгімелер жетерлік. Сол жылдары қалада қонақ үйлер жоқтың қасы. Сондықтан алыс-жақыннан келген туыстар мен сыйлас адамдар бұның киелі қара шаңырағына ат басын бұратын. Табиғатынан көпшіл жан бәйбішесімен бірге қабақ шытпай, олар күннің қай мезгілінде келсе де құшақ жая қарсы алатын.

Аты-жөнін ізін басқан інілері құрметтеп, үлгі тұтатын Сұлтанғали Әлмағанбетұлы өзінің бір естелігінде әкесімен өте сыйлас, сырлас болғандығын айтады. Кісіні жатырқамайтын кеңпейілділігін, көркем мінезін өнеге тұтады. Кейіпкеріміздің өте алғыр, ширақ, сезімтал, мейірбан болғандығын да жасырмайды.

Тіпті, жас кезінде Атырау қаласында институтты аяқтап, үйленіп келе жатқанда Қостанайдағы ең алғаш босағасын аттаған шаңырағы Аймағанбет ағаның үйі болыпты. Сол кездегі Айекеңнің бұның келіншегі Бақытжамал екеуіне ақ батасын беріп, құтты болсын айтқаны сірә ұмытылар ма. Оның ақ тілегі қабыл болып, тіршілікте талай жауапты қызмет атқарып, ғұмырын жалғастырар ұрпақ сүйді. Қазір ұлағатты әке, сүйікті ата.

Қайран атамыз кезінде Қостанайдан бір мешіт ашуды армандаған-ды. Сол ізгі ниеті уақыт өте орындалып, Тобыл-Торғай азаматтарының қолдауымен шаһардағы «Наурыз» мөлтек ауданында облыстық мешіт бой көтерді. 2016 жылы 12 қыркүйекте салтанатты түрде ашылып, имандылық ордасына Аймағанбет қажы Спанұлының есімі берілді.

Қазір алыстан көз тартатын зәулім ғимарат нағыз руханият орталығына, мұсылман бауырларымызды имандылыққа баулитын киелі орынға айналды. Аталмыш мешітті дін саласында мол тәжірибе жинақтаған, сөзі мен ісі бір жерден шығатын дін қайраткері Бектұрсын қажы Уәлиев басқарады.

Оразалы ЖАҚСАНОВ,
сурет облыстық мешіттен алынды


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77