Қостанай облыстық қуыршақтар театрында қазақ әдебиетінің көрнекті туындысы – Мұхтар Әуезов әңгімесінің желісі бойынша қойылған «Көксерек» спектаклінің премьерасы өтті. Философиялық тереңдігімен ерекшеленетін қойылым көрерменге адам мен табиғат арасындағы күрделі байланысты жаңа қырынан ұсынды.
Бұл туынды жас режиссер Арайлым Карім үшін кездейсоқ таңдалмаған. Оның айтуынша, «Көксерек» – бірнеше жыл бойы көкейінде пісіп-жетілген ерекше шығармашылық ізденістің нәтижесі.

— «Көксерек» – төрт жылдан бері толғатып келе жатқан дүнием. Бұл қойылым арқылы біз кімнің ұрпағы екенімізді, азаттыққа қалай жеткенімізді, ешқашан бодан болмайтынымызды көрсеткіміз келді. Рухымыздың мықты екенін, арғы тегімізді тануды мақсат еттік, – дейді қоюшы-режиссер.
Қойылым барысында қасқырдың «екі әлем арасында» қалуы, яғни адам мен түздің ортасындағы арпалысы ерекше әсермен жеткізілген. Көксеректің ішкі жан қиналысы, өз болмысын таба алмай сенделуі сахналық шешімдер арқылы терең әрі әсерлі көрсетіледі. Адамға бауыр басқан Көксерек өзін ит сезінгенімен, тегін тануға деген ішкі үні оны табиғи жаратылысына қайта жетелейді.

— Туынды тек бір тағдырдың хикаясы емес. Бұл – еркіндік, тегіне адалдық, табиғатпен үйлесім секілді мәңгілік тақырыптарды қозғайтын қойылым, – деп санайды сахналаушы.

Спектакль көрерменге «Адам табиғатты өзгерте ала ма, әлде табиғат өз заңын орындата ма?» деген сауалды тағы бір мәрте алға тартады.
Назгүл Азатқызы
Суреттерді түсірген автор
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77
