Біздің Қостанай Культура

Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері Әлпия Орманшина жөнінде

Қасиетті Торғай өңірінен қазақтың ежелден келе жатқан суырып салма айтыс өнерін ардақ тұтқан қаншама біртуар дарындар шыққан.

Бұл орайда есімдеріне өзіміз жете қанық Қазақстанның халық ақындары Нұрхан Ахметбеков, Қонысбай Әбілев, көпке танымал Бекет Бүркітов, Жадыра Құтжанова, «Алтын домбыра» иегері Айбек Қалиевтерді атап өткеніміз лазым.

Киелі өңірдің тумасы

Бүгін әңгімемізге арқау болып отырған Әлпия Кәрбозқызы Орманшина күллі қазақтың мәртебесін асқақтатқан тұлға. Онымен таныс-біліс, шығармашылық адамы ретінде сыйлас болғаныма да ширек ғасырдан асты.

Әу баста оны республикалық делебеңді қоздырар айтыстардан көріп, қол жеткен табыстарына сырттай тәнті болып жүрдім. Кейін Арқалықтан Қостанайға қоныс аударған соң рухани ордаларда ұйымдастырылатын түрлі өнер додаларында жиі көретін болдым. Өзі ішімдегіні біл деп кеуде көтеретіндердің санатынан емес. Көкірегіндегі сыр сандықтың кілтін аша білгендерге ақтарылады. Сол ашық- жарқын мінезінен де болар, тез араласып кеттік.

Әрине, сондай кездесулерде замандасымыздың кіндік қаны тамған жері, қолына ұлтымыздың қара домбырасын алып, кез-келгеннің жүрегі дуаламайтын айтыс өнеріне келуі жөнінде әңгімелестік.

Мұндай кездері оның жанары жайнап, дидары ерекше құлпырып шыға келеді. Шамасы, есіне сонау сағымдай бұлдырап артта қалған жастық жалынға толы жылдар елестесе керек.

Жалпы, өзі поэзияға ерте құштарлық танытты. Қазақ халқында ғибрат алар көрнекті ақын апалары да аз емес-ті. Солардың тың ізденіспен жазған туындыларын іздеп жүріп оқитын. Мұның оның болашағына ерекше әсер еткені дау тудырмайды.

Әлпия кейбір дерек көздеріне қарағанда, өлеңді кәдімгі мектептің 8 сыныбынан бастады. Жыр шумақтарын ақ қағаз бетіне түсірді. Бірақ оны ешкімге жария етпей, сабақтан қолы бос кездері, яғни оңаша қалған сәттерде жазатын.

Бірақ тұңғыш жүрекжарды үлкен толғаныстан туған шумақтары мәңгілік жадында сақталып қалғаны рас. Бұл, 1970 жылдың наурыз айы еді. Оған отбасында бір терең ойға қалдырған жайды арқау етті. Өйткені, анасы Кәкіш кенже сіңлісі Кенжегүлді дүниеге әкелерде сырқаттанып, тіпті өлім аузынан аман қалыпты. Бұл уақытта ол небәрі 15 жаста еді. Нағыз ойлы туынды адам жаны қиналғанда үлкен толғаныстан дүниеге келеді емес пе.

Өзі айтысқа қадам басқан кезеңді де тебірене баяндайды. Бұл осыдан қырық жыл уақыт бұрын, яғни 1986 жылы бастау алған-ды. Сол сәт әліге дейін жадында. Осы шақта айтыс өнері ауданда жанданып, кеңінен қанат жайды.

Сондай халықтың басын жиып, нағыз қызығушылық тудырғанда әкесі Кәрбоз жол бөлімінің атынан айтысқа қатысуы керек еді. Бірақ қайран әке өзінің жолын қызына берді. Бұл жастығына қарамай, көпшілік қауымның алдына шығып, қарсыласы, жергілікті жылжымалы механикаландырылған колоннаның ақыны Серікбай есімді азаматпен айтысты. Батыл да қайсар Әлпия онымен қаймықпай айтысып, өзінің бойындағы қарым-қабілетін барынша жарқыратып көрсетті.

Міне, осылайша жыл өткен сайын шыңдалып, жерлестеріне болашағынан үлкен үміт күттіретіндігін айқын дәлелдеді. Содан бастап аталмыш өнер түріне біржола кірісті. Бірақ ол өзін ақындыққа баулып, үнемі демеп отырған замандастары Жадыра Құтжанова мен Бүркіт Бекетовтің көп ықпалы тигендігін жасырмайды.

Өз ортасының мақтанышы

Әлпия өзін Торғай топырағында туған қазақ қызы екендігін мақтан тұтады. Бұлай дейтін себебі де бар. Ұлтымыздың барлық салт-дәстүрлері берік сақталған Амангелді ауданына қарасты Қосжан ауылында ынтымағы жарасқан отбасында өсті. Кішкентайынан руханиятқа ден қойды. Айналасындағылар ертең өскенде бұдан мәдениет қайраткері шығатындығына шүбә келтірмеді.

Ол кімнің болсын өмірінде ата-ананың тәлім-тәрбиесі, жеке басының үлгісі әсер етпей қойматындығын айтудан бір сәт те жалықпайды. Әулет басшысы Кәрбоз он саусағынан өнер тамған шебер еді. Сол төңіректегі үлкенді-кішілі қауым оны өздеріне үлгі тұтатын.

Ал анасы Кәкіш ғажап тігінші болатын. Сонымен қатар, өз ортасының көркі, әсем дауысты әншілігі де жерлестеріне белгілі-тін.

Ағайын-жұрт, замандастары бас қосқанда оған қолқа салып, сол кездегі ел аузында жүрген туындыларды орындатпай қоймайтын.
Бұл да кейбіреулердей бас тартып, бұлданып жатпайтын. Табиғат берген дарынның арқасында тамылжыта ән шырқап, сол ортаның қызығын арттыра түсетін.

Әке-шешенің бойындағы осындай асыл қасиеттер Әлпияға жұқпай қоймады. Ол аз десеңіз, анасының бәріне бірдей қона бермейтін ақындық қыры да жоқ емес-ті. Осыдан біраз жыл бұрын оның ет-жақын адамы қайтыс болғанда оған арнап жоқтау өлең шығарғанда тыңдаған адамдардың сай-сүйектері сырқырап, еріксіз көздеріне жас алғандығы сол маңдағы кісілердің есінде.

Жоғарыда айтысқа қалай келгендігін айтып өттік. Шындығына келсем, бұл суырып салма өнерде Қазақстанның халық ақындары Әсия Беркенова мен Қонысбай Әбілевті өзіне ұстаз санайды. Ол үшін олардың әрқайсысының ерекше орны бар. Есімдері аталған қос дарын иесі артынан ізін басқан інілері мен қарындастары тәлімгер тұтады.

Әрбір айтыстағы тапқырлықтары, шеберліктері, сөз құдыретін терең меңгергендіктері, сахнада өзін лайықты ұстайтындықтарынан тағылым алды. Солардай болуға тырысты.

Бір жанға қатты бататыны, әмбебап тұлға, яғни дарынды прозашы, сатирик, журналист, көсемсөзші Қонысбай аға бақилық болып кетті. Оның орны айтыста үңірейіп көрініп қалды. Ол тек айтыскерлерді ғана емес, жалпы зиялы қауым өкілдерін есеңгіретті. Мұндай азаматтар мәдениет саласында саусақпен санарлықтай екендіктері көпке белгілі.

Ал оның туған әпкесіндей болып кеткен Әсия Әйіпқызы бұл күндері Қостанай қаласында ғұмыр кешіп жатыр. Өмірлік серігі Табылды екеуі үлкен әулеттің иелері. Ұрпақтарының бақытына бөленген ардақты кісілер. Шаңырақтың алтын діңгегі Әсекең өткен жылы мәртебелі 75 жасқа толды. Мерейтой өңірде облыс әкімінің қолдауымен сән-салтанатымен атап өтілді.

Оған бүгінгі күннің темір тұлпары жеңіл көлік тарту етілді. Шаһардағы Елубай Өмірзақов атындағы филармония орналасқан зәулім Жастар сарайында халық көп жиналды. Көрнекті тұлғаның мағыналы ғұмырынан сыр шертетін сахналық көріністер барша қауымға ұсынылды.

Сонау артта қалған жылдар Әлпия Кәрбозқызының атын дүйім жұртшылыққа кеңінен танытып, абыройын асқақтқан бірқатар республикалық деңгейдегі айтыстарға қатысқандығын да әлі күнге дейін ұмыта қойған жоқпыз. Сөзіміз жалаң болмас үшін нақты деректер мен дәйектерге сүйеніп өтелік. Мәселен, белгілі айтыс ақыны үшін 1989-1992 жылдар аралығы жемісті болды.

Мәселен, сол кезеңдегі Алматыдағы ұйымдастырылған Наурыз айтыста көрермендер көзайымы сыйлығын иеленді. Содан кейін Атырау мен Көкшетауда өткен айтыстарда Бас жүлделерді жеңіп алды.

Өзінің шеберлік шыңына көтерілгендігін айқын дәлелдеген Әлпия Кәрбозқызы Махамбет атамыздың елінде қазақта тұңғыш рет аруананы жетектеген ақын қыз атанды. Ал Көкше жерінде Үкілі Ыбырай бабаның аруағы қолдап, Құлагер деген жылқыға мінді.
Сондай-ақ Алатаудың баурайындағы әсем қала Алматыдағы ұйымдастырылған «Қазақ қандай халық?» деп аталатын сайыста да топ жарып, бірінші орынды жеңіп алды. Бірақ ол ешқашан да қол жеткенге тоқмейілсіп, бір орында тоқтап қалған емес.

Ол отбасында да ардақты ана, сүйікті жар, туған-туысқанға қамқор жан. Ол ер азаматы Болатты кезінде әрдайым пір тұтып, ерекше сыйлады. Отағасы да мұның жан дүниесін түсініп, шығармашылықпен айналысуына қолдан келген жағдайдың бәрін жасады. Екеуі ұрпақтарына уақыт талабына сай тәлім-тәрбие берді.

Әлпияның жұртқа белгісіз қырлары

Ол ана тіліміздің нағыз жанашыры. Өзі Арқалық қаласындағы бұрынғы педагогикалық институттың филология факультетінің түлегі. Жүрген жерінде, шақырылған мәдени шараларда, жастармен кездесулерде мемлекеттік тілдің қадір-қасиеті, ұлтымыздың қазынасы екендігін нақты мысалдар келтіре отырып, жүректерге жеткізе біледі.

Оның қалың жұртшылыққа белгісіз қырларына келетін болсақ, өте сезімтал, қайырымды жан. Тек айтыстың шебері ғана емес, жазба ақын ретінде де қалың жұртшылыққа танымал. Үлкен сахналарда өлең оқып, өзінің әлі де болса тың ізденіс үстінде екендігін көрсетіп келеді.

Былайғы жұрт оның сазгерлік өнерін біле бермеуі мүмкін. Сондықтан оған да қысқаша шолу жасағаным жөн. Осы кезге дейін оның «Тайлағым», «Сеземін», «Ол кезде көктем еді», «Анама», «Әке әлдиі» секілді әндері үлкен толғаныс пен тебіреністің жемісі дер едік.
Оның айтуынша, бұл туындыларды кезінде Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Амангелді ауданының тумасы Ғазиза Жұмекенова орындап, халықтың қошеметіне бөленді. Мұның өзінің де құлаққа жағымды дауысы бар. Онымен аралас-құралас әрі бірге жүрген әріптестері жақсы біледі.

Кейіпкерім өзінің алдындағы шығармашылықпен айналысатын тұлғаларды құрметтеп, олардың рухани бауырына айналды. Бұл орайда өзім білетін қазақтың көрнекті ақыны, ғалым әрі сексеннің сеңгіріне көтерілген Серікбай Оспановты, жергілікті халық ерекше ардақ тұтқан, құлақтан кіріп бойды алар ерекше туындыларымен дараланған композитор Қалибек Деріпсалдинді және басқаларды айтсақ та жеткілікті болар.

Сөздің орайы келгенде, оның бойында көріпкелдік қасиеті де барлығын айтып өткім келеді. Ол ешқашан да дүниеге қызыққан адам емес. Әрқашан да рухани байлықты, шығармашылықты жоғары қойды.

Әлпия Кәрбозқызы өзіме ғана болсын деген замандастардан емес. Бойындағы мейірімділдік, қайырымдылық, ізеттілік қасиеттерін кейінгі жастарға да молынан сіңіруге көп көңіл бөледі.

Айтыс өнерінде қашанда адалдықты, тазалықты жаны сүйеді. Қалың жұртшылық «Шәкіртсіз ұстаз – тұл» демекші, ол шәкірт тәрбиелеуге де айрықша назар аударып, бұл бағытта ұлағатты тәлімгер атанды. Оның тікелей қамқорлығымен арамызда жүрген Марғұлан Оспанов пен Салтанат Өтелбаевалар республикалық «Қазақстан» ұлттық телеарнасында өнер көрсетті.

Бұл күндері аты-жөндері аталған қос дарын иесі де халыққа кеңінен танылып қалды. Олардың екеуі де мәдениет саласында қызмет атқарады. Қолы бос кездері шығармашылықпен айналысады. Марғұланның сазгерлік өнері де бар.

Өмір деген бір орында тұрмайды. Жылдар қалай жылжып өткенін білмей де қаласыз. Кешегі қазағы қалың Амангелдіде дүниеге келіп, ұлттық рухани байлығымыз айтыс өнерін дамытуға айрықша үлес қосқан замандасымыз бұл күндері 70 жаста.

Жергілікті басшылар өзінің даңқты да талантты айтыскер ақынды ешқашан да ұмытқан емес. Оның мерейтойы облыс орталығында

«Мен даламның қызымын» деген атпен жоғары деңгейде аталып өтті. Оған Әлпияның шығармашылығын, азаматтық болмысын, қайраткерлігін бағалайтын талғампаз қауым көп жиналды.

Сахна төрінде Қазақстан Жазушылар Одағының мүшелері, Қостанай облысының құрметті азаматтары Серікбай Оспанов пен Ақылбек Шаяхмет оның өткен кезеңдерде сіңірген еңбегін, ешкімге ұқсамайтын жеке қолтаңбалары жөнінде тебірене сөз сөйледі. Ғұмырын жастарға өнеге етті.

Көп жылғы еңбегі де лайықты бағаланып, бірқатар марапаттарға ие болды. Осы орайда оның Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері атанып, Қостанай меценаттар клубының «Қазына» сыйлығының лауреаты атағын алғанын да жұртшылық ұмыта қойған жоқ.

Ол өзінен кейінгі айтыс өнеріне қатысып, дараланып жүрген жастарға тілектес болып, ізденіс жолдарына назар аударып отырады. Оның жарқын дарынын қостанайлық зиялы қауым мақтаныш тұтады. Жоғарыда аталған мерейтойының аталғаны осы сөзіміздің нақты дәлелі.

Кейінгі өскелең ұрпақ әрқашан да оның мағыналы ғұмыры мен қол жеткен табыстарын әрдайым өздеріне өнеге тұтады. Ал сіңілілері болса Әлпия Кәрбозқызындай туған жерінің саңлағы, айтыс өнерінің аққуы болуға талпынады.

Біз кейіпкерімізге алдағы уақытта да тек биіктен көріне беруіне тілектестігімізді білдіреміз. Әрқашан шығармашылықта табыстан-табысқа жете беріңіз.

Оразалы ЖАҚСАНОВ,
сурет облыстық халық шығармашылығы орталығынан алынды


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77