Қостанай қаласында құрылыс салу және жер телімдерін игеру мәселесінде талаптар күшейтіледі. Бұл туралы қала әкімі кезекті жиында мәлімдеді.
Әкімнің айтуынша, соңғы уақытта кейбір азаматтар мен компаниялар жер телімдерін сатып алып, кейін сол аумаққа тұрғын үй немесе өзге де нысан салуға рұқсат сұрап жүгінетін жағдайлар көбейген. Алайда мұндай мәселелерде асығыстыққа жол беруге болмайды.
– Бүгін осы мәселеге өте мұқият қарау қажет. Қалада сәулет бөлімі бар, сондықтан кез келген құрылыс жоспары алдымен сол бөліммен келісілгені дұрыс. Себебі қазір біз қаланың бас жоспарын түзету жұмысын жүргізіп жатырмыз. Ертең белгілі бір аумақта құрылыс салуға мүмкіндік болмай қалады. Сонда жер телімін сатып алып, қаржы жұмсаған азаматтар кейін бізден міндетті түрде рұқсат талап етеді. Мұндай жағдайға жеткізбеуіміз керек, – деді қала басшысы.
Қазіргі таңда Қостанай қаласының жаңа бас жоспары әзірлену үстінде. Жыл соңына дейін оны толық қалыптастыру көзделсе, келесі жылдың алғашқы жартыжылдығында ресми түрде қорғау жоспарланып отыр. Әкімнің айтуынша, дәл осы құжат алдағы 15 жылдағы қаланың даму бағытын айқындайды.
– Бас жоспар бекітілгеннен кейін ғана қаланың қай бағытта дамитыны, қай аумақтарға кеңейетіні нақты белгілі болады. Қазір бұл мәселемен мамандар мен сарапшылар айналысып жатыр. Олар қаланың болашақтағы өсу нүктелерін жан-жақты зерделеп, нақты ұсыныстар береді, – деді ол.
Жұмыс аясында қаланың толық аумағына топографиялық түсірілім жүргізілмек. Кейін сол мәліметтер қолданыстағы қалалық инфрақұрылыммен салыстырылып, болашақтағы даму схемасы жасалады.
Бұл бағыттағы алғашқы кеңес қазірдің өзінде өткен. Оған негізгі мемлекеттік органдар қатысып, қаланың қазіргі аумағы мен болашақтағы даму мүмкіндіктері талқыланған. Алдағы уақытта мұндай талқылаулар бірнеше кезеңмен жалғасады. Алдымен коммуналдық кәсіпорындар мен инженерлік желілерге жауапты мекемелердің пікірі ескеріледі. Кейін құрылыс салушылар, одан соң бизнес өкілдері қатыстырылмақ.
– Біз бұл құжатты қоғамның барлық саласымен бірге талқылаймыз. Коммуналдық ұйымдар өз ұсыныстарын айтады, құрылыс салушылар өз пікірін білдіреді, кәсіпкерлер де қатысады. Бас жоспар барынша нақты, өміршең әрі дұрыс болуы тиіс. Оны қабылдаған соң кемінде 15 жыл бойы қайта-қайта өзгертуге қажеттілік туындамауы керек, – деді қала әкімі.
Осыған байланысты әкім құрылыс компанияларына ғана емес, болашақта қандай да бір нысан салуды жоспарлап отырған барлық азаматтарға үндеу жасады.
– Құрылыс саламын деген әр адам өте сақ болғаны жөн. Әсіресе жер телімін сатып алмас бұрын міндетті түрде сәулет бөлімімен кеңесу қажет. Әйтпесе ертең өздеріңіз қиын жағдайға тап болуыңыз мүмкін. Кейін оны шешу әлдеқайда күрделі болады, – деп қорытындылады қала басшысы.
Сералы Мырзабай, фото ЖИ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77
