Онда жастар өткір әзілдерімен көзге түсті
Е. Өмірзақов атындағы облыстық филармонияда Қостанай облысы әкімдігінің жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының тапсырысымен «SANALY URPAK 2050» және «Жайдарлы жастар» қоғамдық қорларының, «Қазақстан КВН одағының» Қостанай КВН филиалының ұйымдастыруымен мемлекеттік тілде облыстық КВН лигасын дамыту мақсатында – Қостанай ашық лигасының 1/8 финалдық ойыны болып өтті.
Мұнда өңіріміздің жастары мен еліміздің басқа да аймақтарынан келген командалар бақ сынады. Олардың ішінде Рудның құрамасы (Рудный қаласы), «Бренд»(Қостанай), Амангелді ауданының құрамасы, Семенов ауылдар құрамасы, «Есте сақта» (Арқалық), «Europolis» (Орал), «Армандастар» (Рудный), «Құтқарушылар» (Көкшетау) және басқа да талантты жастар құрамалары қағытпа қалжыңмен жиналғандарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Бұл алдымен жалынды жастардың бойындағы ерекше дарындарын ортаға салатын ойын екені белгілі болса керек. Мұнда студент жастар өздері білім алып жүрген оқу орындарында арнайы команда құрып, көптің көңілінен шығатын әзілдер жазып, оны сахнада ойнатады.
Сондай-ақ мұнда әзілді ойната білу де қажет. Сондықтан көптеген жастардың бойында әртістік қабілетті болуы маңызды. Міне, қаламыздың орталығында өткен бар жанарды жаулаған Жайдарман бұл жолы да қызықтап келген көрермендерге мәні мен мағынасы терең әзіл сыйлады.
Жастардың жыл сайын әзілдері де салмақтана түскенін де байқадық. Қоғамда болып жатқан соңғы жаңалықтарды әзілмен жеткізе отырып, оның еліміз үшін қаншалықты маңызды екенін де білдіріп жатты. Әрине, әзелмен шындықты жеткізу өте қиын. Сонда да барынша халыққа сапалы қалжың сыйлауға тырысқан командаларға қостанайлықтар дән риза болды.
Осы жайдарманды асыға күткен шаһарымыздағы гуманитарлық колледжінің студенті Алтынай Кәрімжанды сөзге тартқанымызда ол бізге былай деді:
-Маған барлық командалардың әзілдері өте ұнады. Әсіресе, оралдық жайдарманшылардың сөз тауып, барлық тақырыптарда әзілдесе алатыны көңілімнен шықты.
Сонымен қатар біздің жергілікті командалардың да үлкен ізденіс үстінде жүргендіктерін байқадым. Жалпы, ойын өте жақсы өтті.
Осылайша жастардың жайдарманынан қала тұрғындары жайдары күйде тарады.
Аягөз КӘКІМЖАНОВА
Суретті түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77