Культура

Сейіт Кенжахметов атындағы «Мірдің оғы» республикалық әзіл-сықақ театрларының фестивалі мәресіне жетті

Бас жүлдеге, Сейіт Кенжахметов атындағы сыйлыққа Ақтөбеден келген «Екі езу» театры лайық деп танылды

Екі күнге жалғасқан әзілкештердің сайысы қос кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңнің талабы бойынша сықақшылар Сейіт Кенжахметовтің шығармаларын орындау керек, екінші кезең еркін тақырыпта.

Негізгі мақсат – Сейіт Кенжеахметовтың шығармашылық мұрасымен танысу. Облыстағы әзіл-сықақ театрларының орындаушылық шеберігін шындау, өңіріміздің талантты өнерпаздарын анықтау, әзіл-сықақ театрларының бір-бірімен тәжірибе алмасуы арқылы өнерлерін жетілдіру, жандандыру.

Фестивальге Ақтөбе, Алматы, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Маңғыстау, Қостанай облыстарының әзіл сықақ театрлары қатысты.

Кешке «Парасат» орденінің игері, сатирик Көпен Әмірбек және Сейіт Кенжеахметовтың қызы Зәмзәгүл Кенжеахметова және ҚР Жазушылар одағының мүшесі, ақын Абылай Мауданов төрелік жасады.

Нәтижесінде қазылардың шешімімен бас жүлдеге, Сейіт Кенжахметов атындағы сыйлыққа Ақтөбеден келген «Екі езу» театры лайық деп танылды (200 мың теңге). Жамбыл облысының Жуалы ауданынан келген «Мыңбұлақ» театры Шона Смаханұлы атындағы сыйлықты иеленді. А.Тоқмағамбетов атындағы жүлдеге Жангелдин ауданының әртістері, Садықбек Адамбаев атындағы сыйлыққа қостанайлық әзілкеш Арғын Жүкебаев, Оспанхан Әубәкіров атындағы жүлдеге алматылық «Бәке, Сәке» театры, Ғұмар Ахметчин атындағы сыйлыққа маңғыстаулық «Бостан» ұжымы ие болды (әрқайсысына – 150 мың теңгеден). Амангелділік әртістер «Көрермен көзайымы» аталымын иеленіп 100 мың теңгені еншіледі.

Жақсы өнер көрсеткені үшін Арқалық театры, БҚО-ның «Қожа» ұжымы, Жамбыл облысының Талас ауданынан келген өнерпаздар да алғыс хатпен және ақшалай сыйлықпен (50 мың теңгеден) марапатталды. Жүлдегерлердің барлығына Сейіт Кенжеахметовтің кітабы естелік ретінде табысталды.

– Сейіт ағамыздың бізге қалдырған мұрасы өте көп. Өнер фестивалін қаламгердің сатира жанрында қалдырып кеткен мұраларын дәріптеу мақсатында ұйымдастырып отырмыз. Бүгінгі фестивльге еліміздің әр өңірінен өнерпаздар келіп жатыр. Олар қоғамдағы келеңсіз жағдайларды күлкі арқылы көрсетіп, астарлы ойларын білдірмек, – деді облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов.

Мәдениет басқармасының осы фестивальді қолға алуы – мәдениетті ілгерілетуге деген ұмтылыстың нышаны, деп пікір білдірді қазылар алқасының төрағасы Көпен Әмірбек.

– Сейіт – сатира саласындағы қамшының шашағындай ғана азғандай саңлақтардың бірі де бірегейі болды. Бүкіл Сарыарқада Сейіттей керемет сатира шебері жоқ. Фестивальдің арнасы кеңейіп, алдағы жылы Нұр-Сұлтан қаласында өткізсек, насихаттың көкесі сол болар еді, – деді , ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Көпен Әмірбек.

Сералы МЫРЗАБАЙ,
Суретті түсірген Әбіл ДОСЖАНОВ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77