Культура

«Ыбырай Алтынсарин мен Шахмұрат Құлыбеков Ұлы даланың қос шамшырағы»

деп аталған Ақтөбе облысының Ырғыз ауылында республикалық ғылыми-танымдық конференция болып өтті

Биыл еліміз қазақтың аса көрнекті ағартушы-педагогы, жазушы, этнограф, қоғам қайраткері Ыбырай Алтынсариннің 180 жылдың мерейтойы ағартушылықты Ы.Алтынсаринмен бірге бастаған Шахмұрат Құлыбековтың 185 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Қос ағартушының бірге оқыған жерлері Орынбор қаласы болса, оқу-ағарту саласында бірге жұмыс істеген жерлері Ырғыз болғаны мәлім.

Қазақтың ағартушылық тарихында және қазақ жерінде зайырлы мемлекеттің қалыптасуында із қалдырған, күш-қуатын халық мүддесі үшін аямай жұмсаған адал азаматтардың есімдерін қастерлеп, еңбектерін дәріптеу мақсатында Ақтөбе облысының Ырғыз ауылында «Ыбырай Алтынсарин мен Шахмұрат Құлыбеков Ұлы даланың қос шамшырағы» атты республикалық ғылыми-танымдық конференция болып өтті. Аталмыш тағылымдық іс-шараға Ыбырай Алтынсарин мен Шахмұрат Құлыбековтың еңбектерін зерттеуші ғалымдар, Ақтөбе қаласы, Ырғызда тұратын ағартушының бір топ ұрпақтары арнайы қатысты. Сонымен қатар Қостанай жерінен де бір топ зиялы қауым өкілдері барған болатын.

Конференция басталмас бұрын іс-шараға қатысушылар Шахмұрат Құлыбеков пен әулетінің қорымына барып, марқұмдар рухына Құран бағыштады. Осыдан кейін Ы.Алтынсариннің Ырғыздағы ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, Ш.Құлыбеков атындағы кітапхана және мектеп жанынан ашылған Ы.Алтынсарин музейімен танысты.

«Арай» мәдениет үйінде өткен конференцияны Ырғыз ауданы әкімдігінің орынбасары Серік Қонақбаев құттықтау сөзімен ашып, ұлтымыздың қайталанбас тұлғаларын ұлықтау мақсатында атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды. Ақын, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай өңірлік университетінің профессоры, ыбырайтанушы-ғалым Серікбай Оспанов, Ы.Алтынсарин мемориалдық музейінің басшысының ғылыми жұмысы жөніндегі орынбасары Салтанат Өтелбаева, Ақтөбе өңірлік университетінің профессоры Гүлшат Бахтиярова, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің педагогика, психология және бастауыш оқыту кафедрасының меңгерушісі, педагогика ғылымдарының магистрі, оқытушы Райбек Сағадатов, Ырғыз гимназиясының тарих пәнінің мұғалімі Гүлнар Кетебаевалар Ақтөбе өңіріндегі оқу-ағарту істері жайында және Ыбырай Алтынсарин мен Шахмұрат Құлыбековтің еңбектері туралы баяндама жасады.

-Ыбырай Алтынсарин 1864 жылдың 8 қаңтарында Торғай жерінде алғаш мектеп ашқан болса, Шахмұрат Құлыбеков осы жылдың 25 қазанында Ырғызда білім ордасын ашты. Бұл екі тұлғаның еңбегін бөліп жарып қарауға болмайды. Ырғыз жеріне барған іс сапарымызда мен білім саласында тынбай еңбек еткен осы екі азаматтың артында қалдырған мұралары жайында толық мәлімет беру мақсатында баяндама жасадым.

Сонымен қатар біздің Ырғыз жеріне сапарымыз музейіміздегі «Ы.Алтынсарин аймақтарда», «Ыбырайдың ізімен» деп аталатын жобалар аясында жүзеге асты. Біз бұл сапарда музейіміздің мәліметтер қорын толықтыра түстік. Сол жақтағы Шахмұрат Құлыбековтың артында қалған ұрпақтарымен кездесіп, тың мәліметтерге қанықтық. Тағылымы мол кездесу болды, – дейді Ы.Алтынсарин мемориалдық музейінің басшысының ғылыми жұмыстары жөніндегі орынбасары Салтанат Өтелбаева.

Қос тұлғаға арналған кездесуде Қостанай облыстық Ы.Алтынсарин мемориалдық музейінің басшысы Марғұлан Оспанов және Шахмұрат Құлыбековтың ұрпағы Марат Ысқақов сөз сөйлеп, шараны ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдірді.

Сондай-ақ аудан әкімі Әділкерей Әуелбаев шараның маңыздылығын ерекше атап өтіп, алдағы уақытта жалғасын табатынын тілге тиек етті.

Осылайша Ырғыз еліне барып қайтқан жерлестеріміз музейдің қорын тың мәліметтермен толықтырып, олжалы қайтты.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77