Көрмедегі түрлі-түсті картиналар, зер салған жанға тіл қатып тұрғандай
Облыстық тарихи-өлкетану музейінің бейнелеу өнері бөлімінде ҚР Суретшілер одағының мүшелері Светлана Шалунованың 70 жас және оның ұлы Дмитрий Шалуновтың 50 жас мерейтойына арналған «Уақыт өзені» атты дербес көрсенің ашылу салтанаты өтті.
Қостанай облысының меценаттар клубы сыйлығының иегері Светлана Шалунованың кескіндеме туындыларының орталық бөлігін пейзаж алады. Айналадағы әлемнің сұлулығын нәзік сезіне отырып, суретші табиғаттың барлық ерекшелігін жеткізеді. Суретшінің кескіндемелік суреттері мен киізден жасалған сәнді бұйымдарының танымалдығының ерекшелігі ашық түсті палитра мен композициялық шешімдердің үйлесімділігінде болса керек.
Көрмеге авторлардың шығармашылық мұрасынан 100-ден астам туынды ұсынылды. Жұмыстардың мұндай саны көрерменге кескіндемеші Светлана Ивановна мен график жанрының шебері Дмитрий Александровичтің жан-жақты шығармашылығын, сондай-ақ екі автордың сәндік-қолданбалы өнерін толық бағалауға мүмкіндік берді.
Таңдалған тақырыптардың өзіндік ерекшелігі, сызықтардың сенімділігі және бөлшектердің мәнерлілігі Дмитрий Шалуновтың ағаш пен металға салған көркем кескіндемесіне де, графикалық жұмыстарына да тән.
«Уақыт өзені» дербес мерейтойлық көрмесі – екі өнерлі тұлғаның суретші ретінде қалыптасқан туған жерге деген үлкен сүйіспеншілігін көрсететін диалогтың бір түрі.
-Мен бала кезден өзіме ерекше әсер қалдырған дүниені түрлі-түсті бояулардың көмегімен ақ қағазға түсіруді ұнататынмын. Мектепте оқып жүрген кезімде сурет пәнінің мұғалімінің де менің суретші ретінде қалыптасуыма ерекше әсер еткенін айтқым келеді. Ол менің сурет салуды ұнататынымды және оған икемім бар екенін айтып, суретші болуға кеңес берді. Өзі де білгенін үйретуден жалықпады. Кейін сол мектеп ішіндегі сурет үйірмесіне бардым. Көп нәрсені көңілге түйіп, ішкі жандүниемді ақ қағазға түсіруді қолға алдым.
Маған жылдың барлық мезгілі ұнайды. Қай қайсысының да өзіндік әсемдігі бар. Қыс та, жаз да, көктем де, күз де маған ерекше шабыт береді. Олардың түсі әр түрлі, ауасы өзгеше. Сондықтада менің картиналарымның ішінде барлық жыл мезгілі бар. Сондай-ақ әр ұлттың салт-дәстүрін қанық бояумен салғынды ұнатамын. Соңғы уақытта жүннен киіз қылып басып картина салумен айналысып жүрмін. Көзге ерекше көрінеді, әдемі.
Өзім жалпы табиғатты жақсы көремін. Қызыл, сары жайқалған гүлдердің, жасыл алаңның, жарқырап шыққан күннің, жымыңдаған жұлдыздың, сұлу да сәнді айдың суретін салғанда жаным рахат табады.Бүгін менің 70 жас, ұлым Дмитрийдің 50 жас мерейтойына орай көптен бері жинаған картиналарымызды қала тұрғындарының назарына ұсынып жатқан жайымыз бар. Ұлым Дмитрий металдан, ағаштан жасаған заттың бетіне керемет суреттер салады. Менің өмірлік серігім Александр Шалунов та суретші болды. Ол кісімен суретшілік мамандығына оқып жүргенде, студент шағымызда кездесіп, шаңырақ көтерген едік. Екеуміз де суретшіміз. Ұлымыз Дмитрий кішкентайынан сурет салумен айналысты деп айта алмаймын. Ол тек 9-10 сынып оқыған кездері ғана алғаш суреттерін салып, бізге көрсете бастады. Кейін мектеп бітіріп, әскери борышын өтеп келгеннен кейін ғана суретшілікпен кәсіби түрде айналыса бастады. Бүгін де ел танитын суретші ретінде қалыптасты,-дейді Светлана Шалунова.
Қабырғаға ілінген түрлі түсті суреттерге зер салған жанға тіл қатып тұрғандай. Аталмыш көрмеге Светлана Шалунованың «Галактиканың тууы» (2007 ж.), «Нұр Астана» мешіті (2016 ж.), «Шайқас» «2020 ж.), «Жаз. Күнбағыстар» (2020 ж.), «Торғай көктемі» (2021 ж.) және басқа да көптеген картиналары қойылған. Мерейтойлық көрмеге қала тұрғындары көп жыналды. Олар өздерінің сүйікті суретшілерін құттықтап, гүл шоқтарын табыс етті.
Суретшілер Светлана Шалунова мен Дмитрий Шалуновтың дербес мерейтойлық көрмесі бір ай бойы қала тұрғындарының назарына ұсынылатын болады. Өнерді бағалайтын, сурет әлімін түсінетін жандар үшін бұл түрлі түсті картиналардың шертер сыры тереңде жатыр.
Аягөз КӘКІМЖАНОВА
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77