Культура

Халық көптен күткен ұлы той кейінге шегерілді

Қазір ең бастысы той тойлау емес, өрттен зардап шеккендерге көмек беру болып тұр

Еліміз көптен күткен ұлы той кейінге шегерілді. Апат айтып келмейді. Әулиекөл ауданында орын алған орман өрті көпшілікті әбігерге салды. Тұрғындардың үй-жайы өртеніп, көптеген отбасылар балаларын құшақтап далада қалғандары баршамыздың қабырғамызды қайыстырып отыр. Облысымыздың бір бөлігі өрттен зардап шегіп жаса, екіншісі ұланғасыр тойды қалай өткізсін. Халық қайғыны да, қуанышты да бөскен. Міне, бұл жолы да дәл осылай болды. Тек елімізде ғана емес, тіпті ЮНЕСКО деңгейінде аталып өтуді мақсат еткен ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығын тойлауға тоқтау қойылды. Бұл бірінші кезекте, жалыннан жапа шеккен халықтың жағдайына баса назар аударуды білдірсе керек.

Енді міне ел болып, осы өрттен жапа шеккен жұртшылыққа қол ұшын беруді қолға алып жатырмыз. Не көрсек те бірге ел болып көрейік. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деп отқа оранған үйлердің иелеріне көмек жан-жақта беріліп жатыр.

Кейінге шегерілген ұлы тойдың бастамасы республикалық ақындар айтысы еді. Бұл шараны айтыс жанашыры, ақын Жүрсін Ерман да киелі Торғай жеріне табан тіреп, белгіленген күні, белгіленген уақытта бастап кетті. Осылайша Торғайда айтыс өтті. Бірақ ақтық айналымы болмады. Сонда да әділ қазылар алқасы үздік атанып алға шыққан бірнеше ақында жүлделі орындарға лайықты деп санап, марапаттады.

Сонымен айтыстың бас бәйгесін елге танымал айтыскер ақын Айбек Қалиев иеленді. Бірінші орынды Ұлытау облысынан келген Төлеген Жаманов алды, екінші орыннан Нұр-Сұлтан қаласынан келген Еркебұлан Қайназаров пен қызылордалық Мейірбек Сұлтанхан көрінсе, үшінші орынды Қызылорда облысынан келген Нұрзат Қару мен Павлодар облысының ақыны Жігер Бөкен өзара бөлісті.

Ақындар Бас жүлдеге жеңіл көлік, бірінші орынға 2 млн, екінші орынға 1 млн және үшінші орын 500 мың теңгемен марапатталды. Айтысқа қатысқан өзге ақындарға 300 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлық табысталды.

-Торғай төрінде өткен Ахмет Байтұрсынұлы бабамыздың мерейтойына арналған айтысқа арнайы әділ қазылар алқасының құрамында барып, ақындардың өнеріне баға бердік. Айтыс өте тартымды да қызықты өтті. Ұлт ұстазының мерейтойына арналғандықтан ақындар айтысқа жақдайындалғандарын танытты. Дайындықтары өте жақсы болды. Өзекті тақырыптарды қозғады. Соның ішінде Ахаңның білім-ілімге қосқан үлесі жайында кеңінен айтылды. Жер мәселесін  де көтерген ақындар болды.

Бір сөзбен айтқанда ақындардың өнеріне тәнті болдық. Барлығы да айтыста әбден төселген кіл жүйріктер ғой. Кіл мықтынының ішінде ең мықтыны таңдау да оңай емес. Өзіме айтыс қатты ұнады. Ақындардың ізденісіне де тәнті болдым. Сондықтан барлық айтысқа қатысамын деген 14 ақынның өнерін тамашалып, әділ бағасын бердік,-дейді ақын Серікбай Оспанов.

Ал «Алаш» арысы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына арналып ұйымдастыру көзделген басқа іс-шаралар уақытша кейінге шегерілетінін облыс әкімінің орынбасары Арман Әбенов хабарлаған  еді. Ол:

-Қостанай облысы аумағындағы орман өрті салдарынан туындаған қиын төтенше жағдайға байланысты А.Байтұрсынұлының 150-жылдық мерейтойына қатысты барлық іс-шаралар кейінге шегерілді. Өткізілетін уақыты қосымша хабарланады,-деді өз сөзінде.

Қалай болса да, осынау барша қазақ күткен тойдың бір болары анық. Ең бастысы өңірімізде орын алған ауқымды өрттен жалғыз баспанасынан айрылып қалған жандар ауылы алыс емес қытымыр қыста қиналып қалмаса екен. Бүгінде үйлері отқа оранған отбасылар арнайы ұйымдастырылған жерлерді паналап отыр. Кейбіреулері балаларымен туған-туыстарының үйінде ғұмыр кешіп жатыр. Ел болып, бұл қиындықтың да бетін қайтарамыз деген сенім мол. Мәселе шешілсе, той тойлау қиын емес қой…

Аягөз КӘКІМЖАНОВА

 


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77