Біздің Қостанай События

Алғашқы тракторшы қыздың 80 жылдығына арналған кездесу өтті

Міне, 15 қыркүйекте Социалистік Еңбек Ері, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қостанай қаласының және Қостанай облысының құрметті азаматы Кәмшат Байғазықызы Дөненбаеваның туғанына 80 жыл толды

Осыған орай Қостанай облыстық тарихи-өлкетану музейі бейнелеу өнері бөлімінде социалистік Еңбек Ері Камшат Дөненбаеваның туғанына 80 жыл толуына арналған «Еңбекпен даңқы өрлеген» атты еске алу кеші өтті. Кешке қатысушылардың бірі үлкен қызы – Гүлжан Байкенова анасы жайында айтып, естеліктерімен бөлісті.

– Анам дәрігер болуды армандаған, бірақ әжем ауырғаннан кейін оқуға түсу қиын болды. Сосын әкемді кездестіріп, күйеуге шықты. Әкем егістыкке барып жүретін, сол кезде анамда қызығып, осы іспен айнала бастады. Зейнетке шыққанға дейін трактордың үстінде отырды, – дейді қызы.

Жас Кәмшат «Харьков» кеңшарында «Беларусь» тракторымен алғашқы еңбек рекордтарын жасай бастады. 19 жасында жоспардағы жеті жүз гектардың орнына мың гектардан астам жер жыртып, жыл сайын норманы 1,5-2 есеге асыра орындады. Кейінірек К-700 тракторын меңгерді.

– Оның бойы кішкентай еді, өзі толықтау. Трактор үлкен болғандықтан, оған мінудің өзі қиын. Оған қоса, егін егу үшін құралдарды жалғау тіпті қиынға соғатын. Анам өте мықты кісі болды. Әр істі соңына дейін жеткізетін, – дейді Гүлжан Байкенова.

Еңбектегі үздік жетістігі және тоғызыншы бесжылдықтың тапсырмаларын мерзімінен бұрын орындағаны үшін Ленин орденін, «Орақ пен балға» алтын медалін және Социалистік Еңбек Ері атағын алды. 1976 жылы КСРО мемлекеттік сыйлығының иегері атанды. Камшат Дөненбаева бірнеше рет КСРО Жоғарғы Кеңесіне депутат болып сайланды, Ұлттар Кеңесі төрағасының орынбасары, партия съездерінің делегаты болды. Кәмшат Байғазықызы 2017 жылы дүниеден өтті.

«Еңбекпен даңқы өрлеген» іс-шарасы барысында музей қызметкерлері Кәмшат Байғазықызының, атақты механизатордың өмірі мен еңбек жолы жайында әңгімелеп, қызы мен жиендеріне сөз берді.

Аяжан СЕРІК,
суретті түсірген Абиль ДОЩАНОВ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77