Социум

Қостанайлықтар Қамысты ауданы бойынша танымдық сапарда болды

Облыс орталығының тұрғындары аймақтың батыс шалғайындағы көптеген тарихи орындарға барып қайтты

Экскурсиялық турды Қостанай облысы білім басқармасының тапсырысы бойынша “Отбасылық туризмді ілгерілету” жобасы аясында “Жанашыр бол” қоғамдық қоры өткізді.

Оған жас отбасылар, БАҚ өкілдері, өлкетанушылар, еріктілер, сондай-ақ, жергілікті тұрғындар қатысты. Сапар 18 тамызда өткен болатын, Қостанай – Орқаш (Қамысты ауданындағы ауыл) – Қостанай бағыты 600 км-ді құрайды. Бұл керемет саяхат болды, ол туралы ең жақсы естеліктер қалды. Төменде көрсетілген барлық тарихи мәліметтерді Қамысты ауданында туып-өскен өлкетанушы Назым Төребаева апамыздан алған болатынбыз.

ЖОЛ БОЙЫНДАҒЫ ТАС

Алғашқы барған жер белгісіз батырдың қабірі болды. Ол Бестөбе ауылының маңындағы республикалық маңызы бар жол бойында бұталар мен ағаштар арасындағы ойпатта орналасқан. Бағдар: бұрынғы “Шағала” пионер лагері, Қостанайдан келер жолдың оң жағында орналасқан.

Аңыз бойынша, мұнда туған жерін жоңғар шапқыншылығынан қорғап, ерлікпен қаза тапқан жауынгер жатыр.

Оның есімі тарихта айтылмаған, бірақ Қамысты ауданының тұрғындары жауынгердің жерленген жерін сақтап, әлі күнге дейін мақтанышпен еске алады. Батырдың жатқан жеріне еліміздің түкпір- түкпірінен келетін қажылар баруды жалғастыруда.

2004 жылы Бестөбе ауылының бұрынғы әкімі Бек Жүсіпов совхоз директоры Береке Ержановпен және ауылдастармен бірігіп бұл жерге үлкен тас орнатқан. Сол жылы “Аруақ риза болмай, тірі байымайды” және “Никто не забыт, ничто не забыто” деген сөздер жазылған мемориалдық тақта қойған.

Бірнеше жыл бұрын, жауынгердің ұрпақтары жерлеу орнына екінші құлпытас бекіткен. Онда “Төрекелді батыр Ормантай руынан” деп жазылған, одан басқа мәліметтер көрсетілмеген.

Әдеттегідей, зираттың жанынан өтіп бара жатып, марқұмға құрмет ретінде көліктің жылдамдығын төмендетіп өттік. Жақын жерде бұлақ ағып жатыр. Бұл бұлақ суының емдік күші бар деген сенім бар.

ТУ ҰСТАУШЫ МЕН КЕСЕНЕНІҢ ҚАМҚОРШЫСЫ

Адаевка мен Алтынсарин ауылдарынан өтіп, Орқаш ауылына бет алдық. Бұл жерден әбден тозған жол басталады, бірақ дала жолын қоспағанда, ауылға жеткізетін басқа жол жоқ.

Орқаш ауылы бұрын Қарасу деп аталған (1957 жылға дейін). Бұл жер 18 ғасырда Ежелгі Телеу тұқымының қоныстануымен танымал. Ауылдың кіреберісінде ақ кірпіштен жасалған биік стела көрінеді. Оның салтанатты ашылуы осы жылдың 3 тамызында өтті, ол Телеу баба руының негізін қалаушыға арналған. Бұл ескерткішті бабамыздың ұрпақтары қойған.

Орқаш ауылының бір шетінде екі көне зират бар. Олардың бірінде Телеу руынан шыққан (жеті ру – Телеу Әжіахмет) Толысбай батыр (1810-1889) жатыр.

– Толысбай батыр Кенесары ханның ту ұстаушысы болғанымен танымал, – дейді өлкетанушы Назым Төребаева. – Ол өзінің өшпес жігері мен батылдығымен ерекшеленді, ұлт-азаттық қозғалыстағы отаршылдық саясатқа қарсы отрядтарының алдыңғы қатарында тұрған. Толысбай батыр өмірінің соңына дейін Қазақ хандығының соңғы билеушісіне адал болып қалды.

Бостандықты сүйетін жауынгер өскелең ұрпақ үшін патриотизмнің үлгісі болып қалмақ. Қазіргі уақытта батырдың өмірі туралы тарихи деректер жиналуда. Ол туралы жеткілікті дерек жиналған кезде қабірі Қостанай облысының киелі жерлер картасына енгізілетін болады.

Орқаштан шамамен екі шақырым жерде тағы бір көне зират бар, онда жерлеу 17 ғасырда басталған. Зиратта жүздеген адам жерленген, олардың арасында екеуі ерекше көзге түседі. Зират басында ақтікен өсіп тұр, бұл оларды жағымсыз әсерлерден қорғап тұрғандай.

Кейін белгілі болғандай, олардың бірінде 17-18 ғасырларда өмір сүрген Әзім Әулие жатыр. Ол емші, білім мен ғылым қуған адам, сондай-ақ, Жәудір апанын (1810-1918) ұстазы болған екен. Апамыз туралы толығырақ айта кетейік.

Шамамен 2016 жылға дейін бұл әйел туралы туған жерінде аз ғана ақпарат белгілі болған. Кейінірек, Жәудір апа өмірінің маңызды бөлігі Түркістанда өткен, онда ол ондаған жылдар бойы Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде қамқоршы және тәлімгер болғанын білдік.

Бұл туралы Орқаш ауылының қарт азаматы Талғатбек Нұржанов айтып берді:

– Шамамен жеті жыл бұрын Түркістанда археологиялық зерттеулер басталды, онда тарихшылар Жәудір апанын қайдан шыққанын анықтауға тырысты, – дейді Талғатбек. – Көп ұзамай олар біздің ауылға келіп, осылайша кесене шырақшысы Қамысты ауданынан шыққанын білді. Жәудір апа осы жерде жерленген.

Жәудір апа бай Көкенұлы Ораздың отбасында дүниеге келген. 10 жасқа дейін ол белгісіз буын ауруымен ауырған, бірақ уақыт өте келе бұл дерт кетіп, сұлу да көркем қыз болып өсіп, тұрмысқа шыққан. Өкінішке орай, отбасылық өмірі қайғылы болды. Оның күйеуі қарақшылардың шабуылында қаза тапты, ал қызы болса қатты ауырып, көз жұмған. Өмірдің сонша сынағынан қайғырған әйел діндар болып, ислам дінің зерттеп, кейін Түркістанға қоныс аударды. Меккеге екі қажылық жасады.

– Ол 104 жаста болғанда, Қарасу (Орқаш) ақсүйектері оған туған жеріне оралып, Түркістанда алған білімін ауыл балаларымен бөлісуді ұсынды, – дейді Назым Төребаева.

Ол келісіп, өмірінің соңғы төрт жылын туған жерінде өткізген. Оның қолдауымен Қарасуда 1932 жылға дейін тұрған мешіт салынды. Мешіт Кеңес өкіметі кезінде қираған.

ӘКЕСІ, ҰЛЫ ЖӘНЕ НЕМЕРЕСІ

Орқаштан шамамен жеті шақырым жерде үш ғасыр бойы тұрған тағы бір көне зират жатыр. Ол Қостанай облысының қасиетті картасына кіреді.

Зираттың сырт келбеті нашарлап, жөндеуді талап етіп тұрғанын мойындау керек. Мұндай маңызды тарихи орын бір кездері ағаш тіректерімен қоршалып, тормен жабылған, бірақ бұл сенімсіз қоршау қазір қирап тұр. Мал зиратта жайылып, көне құлпытастарды таптап жатыр. Қайғылы жағдай.. Егер бұлай жалғасып, дер кезінде сақтап қалмасақ, көп ұзамай бұл зираттан естеліктер ғана қалады.

Мұнда Байбасыр Самыратұлы батыры, сондай-ақ оның ұлы Есқожа Байсарыұлы мен немересі Балғабай Есқожаұлы жатыр.

– Байсары батыр Кенесары ханның басшылығымен ұлт-азаттық қозғалысының қатысушыларының бірі болды, – дейді экскурсияны жүргізуші. – Бұл жерлерге ол патша армиясының жазалаушыларынын қудалауынан кетіп, Поволжье жерінен көшіп келген. Ол таулардың біріне барып, сонда күзет жасағын құрған. Кейіннен бұл жер Жітіқара деп аталды, яғни “жіті” және “қара” сөздерінен құралған екен. Болашақта қуғыншылардан алыстап, ол Қарасуға (Орқаш) көшуге мәжбүр болды, онда ол өз ұрпағын құрды.

Қорытынды

Қамысты ауданына сапар өте әсерлі болып, қатысушылардың ешқайсысын бей-жай қалдырмады.

Қостанай облысында бұндай маңызды тарихи орындар бар екенін көбі біле қоймайды. Нағыз тарихы терең, бабамыздың аманатын сақтап қалып, келер ұрпаққа қалдыруымыз абзал.

Михайличенконың отбасы үшін экскурсиялық тур туған өлкенің тарихын зерттеудің және уақытты пайдамен өткізуді бірге алып жүрген тамаша сапар болды.

– Қазақстанның түрлі көрікті жерлеріне бардық, бірақ Қостанай облысында мұндай қаншама киелі орындар бар екенін білмедік, – дейді Александр Михайличенко.

Біз уақытты тиімді өткіздік, жақсы демалдық. Мұндай экскурсиялар өте қызықты және олар жас ұрпақ үшін өте пайдалы деп санаймын. Сапарды ұйымдастыру жоғары деңгейде өтті, бірақ Орқашқа дейінгі жол жөнделсе жақсы болар еді. Мұндай орындарға бару үшін ыңғайлы жағдай жасау керек. Дамыған инфрақұрылым туризм үшін өте маңызды.

Асхат НУРТАЗИН,
суретті түсірген Нуржан СМАИЛОВ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77