Социум

Өңірде жыл сайын 30 мыңнан астам азамат жұмыспен қамтылады

Облыста халықты жұмыспен қамту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде бұл мәселе өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының басты басымдықтарының бірі саналады.

Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, өңірде жыл сайын 30 мыңнан астам азамат еңбекке тартылады. Ең алдымен оларды тұрақты жұмыс орындарына орналастыруға басымдық беріледі. Сонымен қатар мемлекет субсидиялайтын жұмыс орындары арқылы да тұрғындарға қолдау көрсетіледі.

– Сұранысқа ие мамандығы жоқ немесе мүлдем кәсіби білімі жоқ азаматтарға тегін қысқа мерзімді кәсіптік оқудан өту мүмкіндігі қарастырылған. Оқу колледждер базасында немесе тікелей жұмыс берушінің өндіріс орнында ұйымдастырылады. Сондай-ақ тұрғындар электрондық еңбек биржасы арқылы skills.enbek.kz платформасында сұранысқа ие дағдылар бойынша онлайн оқудан өте алады, – деп түсіндірді Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасынан.

Ал өз кәсібін ашуға ниетті азаматтарға да мемлекет тарапынан нақты қолдау көрсетіледі. Мәселен, «Бастау Бизнес» жобасы аясында business.enbek.kz платформасы арқылы кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жүргізіледі. Қатысушылар бизнес жүргізудің негіздерін, бизнес-жоспар құруды және кәсіп ашудың жолдарын меңгереді.

– Бұдан бөлек, әлеуметтік осал топтағы азаматтарға жаңа бизнес-идеяларды жүзеге асыруға арналған өтеусіз мемлекеттік гранттар қарастырылған. Грант мөлшері 400 айлық есептік көрсеткішке дейін жетеді. Бұл көптеген тұрғынға жеке кәсібін бастауға үлкен қолдау болып отыр, – дейді мамандар.

Соңғы бес жылдағы статистикалық көрсеткіштер де қабылданған шаралардың нәтижелі екенін көрсетеді. Облыста жалпы жұмыссыздық деңгейі 2020 жылғы 4,9 пайыздан 2025 жылы 4,6 пайызға дейін төмендеген. Бұл еңбек нарығындағы тұрақтылықтың артып келе жатқанын аңғартады.

Мамандардың айтуынша, жұмыспен қамту саласындағы басты мақсат – әрбір азаматқа табыс табудың нақты мүмкіндігін ұсыну. Толық ақпарат пен кеңес алу үшін тұрғындар тұрғылықты жері бойынша Мансап орталықтарына жүгіне алады.

 Назгүл Азатқызы, фотосурет “Наш Костанай” газетінің мұрағатынан алынды


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77