Культура

“Бозторғай” балалар шығармашылығының халықаралық байқауы өтті

Алматы қаласында биыл 26-шы мәрте өткен Бозторғай балалар шығармашылығының халықаралық байқауы жас дарындардың өнерін жарқыратып, шығармашылық әлеуетін аша түсуге зор мүмкіндік берді.

Бұл байқау тек талантты балалардың өнерін көрсету ғана емес, олардың өз қабілеттерін жетілдіріп, жаңа биіктерге ұмтылуына серпін беретін рухани іс-шара. Бозторғай өзінің ұзақ жылдық тарихында көптеген жас таланттардың шығармашылық жолына алғашқы қадам бола білді. Байқаудың басты мақсаты жас өнерпаздарды қолдау, олардың музыкалық және көркемдік мәдениетін дамыту, түрлі елдер арасындағы мәдениеттінығайту, сондай-ақ балалардың өнердегі шеберліктерін шыңдауға мүмкіндік беру.

Биылғы байқауға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей және басқа да мемлекеттерден көптеген жас дарындар қатысты. Байқау сахнасында әнші, биші және ұлттық аспапта шерту арқылы өз өнерлерін ортаға салды. Сайыс үш кезең бойынша өтті: Вокал, Аспаптық және халықтық орындау және Хореография мен сән театры”. Әр қатысушы өз өнерін паш етуге ерекше дайындықпен келіп, көрермендерді тамсандырды. Байқау барысында жас дарындардың талантына тек қазылар ғана емес, өнерсүйер қауым да таңдай қақты.

Қостанай облысынан қатысқан Гүлбахар Назар Халықтық аспапта орындау кезеңібойынша жүлделі орынға ие болды. Оның орындаған шығармасы қазылар алқасының жоғары бағасына ие болып, өнерімен көпшілікті тәнті етті. Гүлбахардың анасы Мөлдір Құлымбетова – IQostanay оқушылар сарайында жетіген үйірмесінің жетекшісі. Жетіген аспабында өзі ғана ойнамай, шәкірттеріне де осы аспаптың сырымен бөлісуде. Байқауға қызының анасы және ұстазы ретінде де барып, қолдау көрсетті.

Бұл байқау қызыма шығармашылық жолында жаңа белестерге жетуіне мүмкіндік берді. Қызым Сырбай Мәуленов атындағы 7 “Ә” сыныбында оқиды. Ол ән айтуды, би билеуді, волейбол ойнауды ұнатады, бірақ жетігенге деген махаббаты ерекше. Мен өзім де жетіген аспабында ойнаймын және осы өнердің қыр-сырын қызыма үйретіп келемін. Оған жетігеннің қиындығына қарамастан, осы аспапты меңгеруге деген ерекше ынта-жігер дарытқаныма қуаныштымын. Байқауға дайындалуға небәрі 20 күндей ғана уақыт болды. Қостанай облыстық халық шығармашылық орталығынан ұсыныс түскенде, біз бұл мүмкіндікті жібермей, қатысуға бел будық. Қызым IQostanay оқушылар сарайында “Жауқазын” жетігеншілер ансамблінің мүшесі. Екі шығарманы да жаңадан үйренгеніне қарамастан, қызымның бойындағы сенім мен қайсарлық бәрімізді таңдандырды. Бұл байқау қызымның ғана емес, менің де ұстаз әрі ана ретіндегі еңбегімнің жемісі деп білемін. Қызымның жетіген аспабына деген қызығушылығы мен таланты болашақта үлкен жетістіктерге жеткізетініне сенемін,-деді Мөлдір Қонысбаевна.

Бозторғай байқауы жас дарындарды қолдау мен олардың шығармашылығын дамытудың таптырмас алаңы. Жыл сайын бұл байқау көптеген жас таланттарға жаңа мүмкіндік сыйлап, өнердегі сапарын жарқын етіп, үлкен сахналарға жол ашады. Әрбір қатысушыға байқау жаңа тәжірибе, өзінің өнерін тереңдетуге ұмтылыс береді. Байқау қорытындысы бойынша жүлделі орын алған қатысушыларға кубоктар, дипломдар мен медальдар табысталды.

Дильназ Изделюева

Суреттерді ұсынған кейіпкер


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77