Торғай жерінде қазақтың ұлы ағартушысы, алаш қозғалысының қайраткері, жазушы әрі қоғам қайраткері Міржақып Дулатұлына арналған жаңа қойылымның премьерасы көрерменге жол тартты.
Режиссер Гаухар Адай сахналаған «Міржақып» спектаклі терең ойға жетелейтін көркемдігімен, ерекше шешімдерімен және әсерлі мазмұнымен дараланды. Қойылымның қоюшы әрі киім суретшісі – жерлесіміз Гүлдана Алина. Режиссер мен суретшінің тандемі үйлесім тауып, көрерменге өзгеше әсер сыйлады.
Қойылымның Торғайда премьерасы өтуі де ерекше мәнге ие. Ілияс Омаров атындағы Қостанай облыстық қазақ драма театрының директоры Асхат Зауатбектің бастамасымен шақырылған шығармашылық дуэт – режиссер Гаухар Адай мен суретші Гүлдана Алина қазақ театр кеңістігіне жаңа леп әкелді. Олардың батыл да көркем интерпретациясы ұлттық өнерді жаңа деңгейге көтеріп, бүгінгі күннің өзекті мәселелерін сахна арқылы жеткізе білді.

Тамыз айынан басталған қысқа мерзімдегі дайындық жұмыстары театр ұжымының кәсіби деңгейін, табандылығын көрсетті. Премьера – тек Міржақып Дулатұлына жасалған тағзым ғана емес, қазақ театрының репертуарлық қорына қосылған тың дүние болды.
Гаухар Адай, режиссер:
–Қойылым небәрі он күн ішінде дүниеге келді. Міржақыптай тұлғаны сахнаға шығару – зор жауапкершілік. Зерттеу барысында Міржақып Дулатұлының тұлғасы мен дүниетанымын бұрынғыдан да терең түсіне бастадым. Ол тек ақын, қоғам қайраткері ғана емес, математик, ойшыл, педагог болғаны таңғалдырды. Есепті жай ғана шығармай, тұрмыстық мысалдар арқылы математиканы халыққа қарапайым әрі түсінікті етіп жеткізе білген. Бүгінгі тілмен айтқанда, бұл – нағыз әдістемелік жаңашылдық.

Міржақып атамыз математикамен шектелмей, география, карта, астрономия салаларын да терең меңгерген. Әр ғылымды ұлт игілігіне жаратып, жастарға түсіндіре алған. Оның мақалаларының өзі тұтас энциклопедияға тең. Мәселен, мен қойылымға арқау еткен дүниелердің бірі – «Оралда чума басталды» атты мақаласы. Өйткені дәл сол зұлмат кейін ашаршылыққа апарып соқтырды. Бұл жерде біз тек тарихты ғана емес, Міржақыптың қоғамды терең сезіне білгенін, алдын ала болжап, халықты сақтандыруға ұмтылғанын көреміз.
Зерттеу үстінде Міржақыпты психолог ретінде де таныдым. Бүгінде сәнге айналған көптеген психологиялық ұстанымдар мен ұғымдарды ол сол кездің өзінде айтып кеткен. Ұлттың ауыр тағдырын жүрегінен өткізіп, халықтың жан дүниесін түсіне алған жан ғана осындай терең ой қалдырады.
Гүлдана Алина, қоюшы әрі киім суретшісі:
–Сахнаның екі қапталын біз ақ қағаздар арқылы символдық тұрғыда аштық: бір жағында – Міржақыптың өмір сүрген жылдары, екінші жағында – қоғамдағы өзгерістер бейнеленді. Спектакль соңында осы екі жақтағы ақ қағаз бірігіп, кітапқа айналады. Бұл – тұлғаның артында қалған мәңгілік мұраның белгісі.
Біздің жасаған декорациямыз қатып қалған дүние емес. Ол кез келген сахнаға бейімделіп, идеялық мазмұнын жоғалтпай қайта құрылады. Үш бөліктен тұратын конструкцияның әр бөлшегі «ойнайды» және сахналық шешімге қызмет етеді. Артық элемент жоқ. Көрермен де қойылымды ерекше қабылдады. Қазақы нақышты сақтай отырып, заманауи сахналық тілді қолдандық. Артық сөз жоқ, тек нақты ой мен айқын образ жеткізілді. Көрермен спектакльді сөзсіз де түсіне алатынын сезінді. Біз үшін ең алдымен декорацияның концепциясын дұрыс ойластыру маңызды болды. Оның басты талабы – жеңіл әрі жиналмалы болуы. Өйткені қойылым бір сахнамен шектелмей, кез келген қалада сахналанса да мән-мағынасын жоғалтпай жаңаша құрыла алады.
Міржақып Дулатұлы – Алаштың ардақты арысы
Міржақып Дулатұлы – қазақ халқының ұлы перзенті, жазушы, ақын, публицист, қоғам қайраткері, Алаш қозғалысының көрнекті жетекшілерінің бірі. Ол Торғай уезінде дүниеге келіп, жастайынан білімге, әдебиетке құштар болды. Қазақ халқының азаттығы мен болашағы үшін күрес жолына ерте араласқан Міржақып өз шығармаларында елдің бірлігі мен ұлттық сананы оятуды басты мақсат етті.

Оның «Оян, қазақ!» атты өлеңдер жинағы халыққа еркіндік рухын дарытып, жаңа ойға жетеледі. Бұл еңбегі үшін патша өкіметі тарапынан қудалауға ұшырады. Міржақып Дулатұлы Алашорда үкіметінің белсенді қайраткері болып, ұлттық мемлекеттілікті қалыптастыру ісіне бар күшін арнады. Жазушылықпен қатар ұстаздық қызмет атқарып, жас ұрпақтың білім алуына зор еңбек сіңірді.
Ол қазақ әдебиетінде тұңғыш роман жазған қаламгер ретінде тарихта қалды. «Бақытсыз Жамал» романы арқылы қазақ қоғамындағы әйел теңсіздігін, әлеуметтік әділетсіздікті терең бейнелеп көрсетті. Сондай-ақ публицистикасында елдің саяси-әлеуметтік мәселелерін қозғап, ұлттық баспасөздің дамуына үлес қосты.
Міржақып Дулатұлының өмір жолы күреспен өтті. Кеңестік кезеңде қуғын-сүргінге ұшырап, ауыр тағдырды бастан кешті. Алайда оның халық үшін жасаған еңбегі ұмытылған жоқ. Бүгінде ұлт ұстазының еңбектері қайта жаңғырып, жас ұрпаққа үлгі болуда.
Міржақып Дулатұлы – қазақ руханияты мен азаттық қозғалысының символына айналған, ел тарихында мәңгілік есімі қалған бірегей тұлға.
Торғай төрінде – Міржақып Дулатұлының 140 жылдық мерейтойы
Қыркүйек айының 20–21 жұлдызында Торғай жерінде қазақ халқының ұлы ағартушысы, қоғам қайраткері, алаш қозғалысының жетекшілерінің бірі – Міржақып Дулатұлының 140 жылдық мерейтойына арналған ауқымды іс-шаралар өтеді.
Екі күнге жоспарланған мерейтойлық бағдарламада ғылыми-танымдық, мәдени және спорттық бағыттағы түрлі іс-шаралар қамтылған.
Бұл шаралар Міржақып Дулатұлының өмірі мен шығармашылығын дәріптеп қана қоймай, өскелең ұрпаққа ұлтжандылық пен рухани құндылықтарды насихаттауға бағытталмақ. Торғай жұртшылығы мен қонақтары үшін мерейтой елдік мерейімізді өсіретін үлкен мәдени оқиға болғалы тұр.
Ая ӘБДІЛДА,
суреттер ашық дереккөздерден алынды
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77
