Социум

Қостанайда Бірлік күніне арналған ауқымды іс-шаралар өтеді

Облыс орталығында мамыр айындағы басты мерекелер – Қазақстан халқының бірлігі күні, Отан қорғаушылар күні және Жеңіс күні дәстүрлі түрде кең көлемде аталып өтеді. Қалада мерекелік іс-шаралар жоспары бекітіліп, дайындық жұмыстары пысықталды. Мәдени, спорттық және патриоттық бағыттағы ондаған іс-шара жоспарланған.

Жиында атап өтілгендей, 1 мамырға орай мәдениет ошақтарында, соның ішінде «Мирас» мәдениет үйінде және қала аудандарында түрлі концерттер мен кездесулер өткізіледі. 30 сәуірде Қонай, Орталық, Дружба және Солтүстік-Батыс аудандарында тақырыптық шаралар ұйымдастырылмақ. Сонымен қатар мектептер мен көркемөнер оқу орындарында байқаулар мен тәрбиелік іс-шаралар өтеді.
«1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған шаралар сәуірдің соңынан бастау алады. Қала мұражайлары мен кітапханаларында этномәдени кездесулер, көрмелер мен танымдық іс-шаралар ұйымдастырылады. 30 сәуірде қаланың түрлі аудандарында концерттік бағдарламалар мен мерекелік кештер өтеді. Ал мереке күні Сити-орталықта қолөнер көрмесі, «ART BAZAR» жәрмеңкесі және «БірлікФэст» фестивалі ұйымдастырылады. Кешкі уақытта тұрғындар үшін концерттік бағдарламалар ұсынылады», – деді қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Олжас Дүйсеков.
Атап айтқанда, 26 сәуір күні Облыстық өлкетану мұражайы «Бір шаңырақ астында» этнографикалық мерекесіне шақырады. Онда өзге ұлт өкілдерінің қатысуымен іс-шара өтпек. Ал Л.Толстой атындағы облыстық әмбебап әмбебап ғылыми кітапханасында әзірбайжан қауымының өкілдерімен кездесу болады.
«Келісім жолы: Қазақстан мен Әзірбайжан халықтарының диалогы» Қостанай облысының «Бірлік» әзірбайжан қауымының өкілдерімен кездесу өтеді. Онда ұлт өкілдері өздерінің тарихы, дәстүрі жайлы кеңінен баяндайтын болады», – дейді Олжас Дүйсеков.
Өмірлік қиын жағдайға тап болған адамдарға, отбасыларға арналған бейімдеу орталығында «Достық пен бірлік күні» атты мерекелік концерт болады.
Сондай-ақ 1-6 мамыр аралығында көркемсурет мектебі тәрбиеленушілерінің көрмесі жұмыс істейді. Бұл іс-шаралар қала тұрғындарына бірлік пен татулықтың маңызын тағы бір мәрте еске салады.
Сералы МЫРЗАБАЙ
Суретті түсірген – автор

Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77