Культура

«Айтылмаған бір әнім бар» Қостанайда жанды жадыратқан кеш өтті

А.Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына үлес қосуға келген әнші Нұрлан Өнербаев жұртшылықты әсем әнмен тербеді

Сахнада жүргеніне 40 жылдан асқан өнер саңылағы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Нұрлан Өнербаев Тобыл-Торғай жеріне арнайы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдың мерейтойына орай табан тіреген болатын.

Ұлы бабамыздың мерейтойы өтеді дегенді естіген әнші бірден киелі торғай жұртшылығына әннен шашу шашуды жөн көрген. Бірақ апат айтып келмейді. 5 қыркүйек Ахмет Байтұрсынұлының туған күнінде бастау алмақшы болған ұлы той кейінге шегерілді. Осы тойға орай мерекелік ән кешін дайындап, Қостанай жеріне табюан тәреген Нұрлан Өнербаев Арқалық қаласында кеш өткізіп, Ахмет Байтұрсынұлының ауылы Ақкөлге жүргелі тұрғанда Әулиекөл ауданында шыққан өрттің салдарынан өңірде төтенше жағдай жарияланып, мерейтойыдың кейінге шегерілгенін естіген. Сонда да әнші Қостанай жұртшылығымен амандаспай кетіп қалуды жөн көрмей «Жастар» сарайында өзінің «Айтылмаған бір әнім бар» атты жеке шығармашылық кешін берді.

-Мен тілсіз жаудан жапа шегіп, көңіліне қаяу түсіп, мұңайып, қабырғасы қайысқан халықты демеу үшін, бір уақыт көңілдерін бөліп, әсем сазды әніммен тербюеу үшін саханаға шығып тұрмын.

Сіздердің табиғат апатынан жапа шегіп, көңілдеріңіз түсіп, мұңайып жүргендеріңізді менің жүрегім жақсы сезініп тұр. Сіздерге алдымен Алла төзім берсін. Тек жақсылыққа сеніңіздер. Өртенген орман орнына келеді, көк қайтадан көктеп шығады. Гүл қайтадан жайқалады. Өртенген үйлер қайтадан салынады. Оған ешкімнің күмәні жоқ. Сіздер сияқты менің жүрегіме тигені қаншама уақыт дайындалған ұлтымыздың ұлы перзенті, қоғам қайраткері, «Алаш» арысы Ахмет Байтұрсынұлының дүбірлі тойының кейінге шегерілгені. Бірақ әр нәрсенің өзінің орны, уақыты болары хақ. Сондықтан алдымен еліміз, халқымыз аман болсын.

Тойдың кейінге шегерілгенін жүректеріңізге, көңілдеріңізге қатты қабылдамай тек жақсылыққа сеніңіздер. Міне, сондықтан мен бүгін сіздердің бір аудандарыңызда өрт болып жатқанда, қалалаларыңызда өлең айтып, би билеу үшін келген жоқпын. Мен Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойына өз үлесімді қосу үшін келген едім. Менің бүгін әндерімнің көптішігі мұңды, жүрекке жақын болмақ. Сондықтан бір уақыт ән тыңдап, көңілдеріңізді бір демдеп алуларыңыз үшін бүгінгі кешімді назарларыңызға ұсынып отырмын,-деді Нұрлан Өнербаев.

Әнші Қостанай елінде соңғы рет 1992 жылы барлық аудандарды аралап жеке концертін бергенін есіне алды. Одан кейін тек мерекелік кештерге келіп ғана кеткенін атап өтті. Содан бері араға 30 жыл салып Қостанай жұртшылығының алдында жеке шығармашылық кешін беріп тұрғанын жеткізді.

-Расымен де менің Қостанай жеріне келіп арнайы жеке шығармашылық кешімді бермегеніме 30 жыл болған екен. Осы уақыт ішінде менің шығармашылығым жан-жақты дамып, қоржыныма жаңа әндер қосылды. Бүгін осы әндерді сіздердің назарларыңызға ұсынамын,-деді әнші.

Бала кезімізде енді ғана тәй-тәй басып, қалыптасып келе жатқан қазақ эстрадасында Нұрлан ағамыздың жұлдызы биік еді. Ол кісінің алғашқы әндерінің бірі «Ауылым» әнін ауыл жастары қосыла шырқап жүрген кез еді. Сол ауылымды әнші қоңыр даусымен барлық көрермендердің жүрегін тербей орындалды. Осы әнмен кеш ашылды.

Одан кейін, әнші қазақтың аңызға айналған тұлғасы Ахмет Байтұрсынұлы жайында кейбір деректерге тоқтала келе, оның барлық қазақтың әкесі, бабасы екенін атап өтті. Барлық әкелер, бабалар үшін «Әкеге сағыныш» әнін орындады. Осыдан кейін ақ жаулықты асыл аналарымызға арнап ән шырқады.

Кешке жиналғандардың көпшілігі егде кісілер. Самайын ақ шалған қариялар болды. Сол кісілердің бірін сөзге тарқанымызда:

-Маған Нұрлан баламның әні, қоңыр үні ұнайды. Тілі таза, жаны таза қазақтың қара баласы. Жастайынан осындай мәнді де мағыналы әндер орындап шықты. «Ауылым» әнін жаңа бірге қосылып шырқадым. Өзімде өнерден құр алақан емеспін. Әншілігім бар. Бірақ кәсіби әнші болып, сахнаға шыққан жоқпын. Тұрмыс құрып ошақ қасы, бала тәрбиесімен отырдым. Міне, енді қартайған шағымды сүйікті әншілерімді тыңдап, солардың кештеріне барамын. Маған қоңыр дауысты әншілер ұнайды. Бұл ерекше керемет кеш болды,-дейді қала тұрғыны Мәскура Жанкишева.

Әншінің кешіне тек Қостанай жұртшылығы ғана емес, осы концертке арнайы келген ағайындар да болды. Солардың ішінде сахнада ән айтып тұрған әншіге гүл шоғын сыйлаған апаларымыздың бірі осы кеш үшін Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы келгенін жеткізді.

Кеш жанға жайлы атмосферада өтті. Жиналған қауым рухани байып, бір демалып қалғандарын әншінің құрметіне ұзақ қол шапалақтап,  өздерінің алғыстарын білдірді.

Сондай-ақ кешке сатылған билеттерден түскен қаражаттың жартысы Әулиекөл ауданында өрттен жапа шеккен отбасыларға көмек ретінде берілетінін әнші атап өтті.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА

Суретті түсірген Лариса БОЖКО


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77