Культура Новости

Айтыстың ақтаңгері – Айбек Қалиев айтыстың бас жүлдесін иеленді

Бейімбет Майлиннің 125 жылдығына орай «Бейімбеттің биігі» атты республикалық айтыс өтті

Қостанайда Бейімбет Майлиннің туғанына 125 жыл толуына орай «Бейімбеттің биігі» атты реупубликалық ақындар айтысы өтті.
Дүбірлі аламанға Тобыл-Торғай өңірінің жеті ақынымен, республиканың әр өңірінен жеті ақын қатысты. Айталық, Е. Дәулетұлы, С. Құсанбаев, Ш. Сезімхан, Ж. Жұпархан, М. Сұлтанхан, А. Бейсенғалиев, Ә. Ережеқызы және жерлес ақындардан айтыстың ақтаңгері А. Қалиев, М. Оспанов, С. Өтелбаева, М. Байзақов, М. Ізтілеу, Т. Өтепбаев, Б. Сағынтаев сынды салмақты сөз айта білген айтыс ақындары қатынасты.

Айтысты Мұқағали Мақатаев атындағы сыйлықтың иегері, ақын, ҚР Мәдениет қайраткері, Халықаралық айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының төрағасы Жүрсін Ерман жүргізді.
Айтысқа Қазақстанның халық ақыны Әсия Беркенова, ҚР Жазушылар одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор, ақын Аманжол Әлтаев, А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ профессоры, филология ғылымдарының кандидаты, ҚР мәдениет қайраткері, ақын Ақылбек Шаяхмет, балалар әдебиетінің көрнекті өкілі, әдебиеттанушы, «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Елдос Тоқтарбай қазылық жасады.

Ашылғанына көп ұзаманған «Жастар сарайы» ғимаратына айтыс сүйер ағайынды жиған аламанның ашылу салтанатында облыс әкімінің орынбасары Марат Қонысбайұлы сөз сөйлеп, өңір басшысы Архимед Бегежанұлының аранайы құттықтауын жеткізді.

– Құрметті ағайын, баршаларыңызды қасиетті Тобыл-Торғай жеріндегі өнер мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша Қостанайда республикалық айтыс өткізу дәстүрге айналды. Осы жолғы айтыс қазақ әдебиетінің классигі, көрнекті қаламгер Бейімбет Майлиннің мерейтойына арналып отыр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен жазушының есімі, оның туған ауылына берілді. Би-ағаның есімін қастерлеуге байланысты нақты жұмыстар әлі де жалғасын табатын болады, – делінген құттықтау хатта.

Сөз тізгігін қолына алған Жүрсін Ерман Би-ағаң жайлы лебізін жеткізді.

– Айтыс – концерт емес. Сурыпсалма ақындар ойға келген сөзді ірікпей, халық күткен дүниелерді ортаға салады. Бұл айтысты «Nur Otan» партиясы қолдап, Қостанай облысы әкімдігі ұйымдастырып отыр. Төл өнеріміздің партия қамқорлығына алынғанын айта кету керек. Бүгінгі сөз бәйгесі қазақ әдебиетінің бәйтерегі Бейімбет Майлинге арналып отыр. Қазақтың үш бәйтерегінің қайсысы болса да, ұлты үшін аянбай еңбек етті, сол үшін қиянат көрді. Солардың бірі – Би-ағаң қазақ өмірінің суретін жасап берді. Оның «Раушан коммунист», «Шұғаның белгісі» сынды өміршең шығармалары әлі күнге дейін маңызын жоғалтпады. Қазақтың рухын іздегендердің барлығы Алаштың арыстарына соқпай өте алмайды. Сол себептен де қазақтың рухын іздеген ақындар сахнаға шығып отыр, – деді Жүрсін Молдашұлы.

Алғашқы күні айтыс сүйер қауымға сүбелі сөз, өрелі өлең өріп ықыласына бөленген 8 ақын ақырғы айналымға жолдама алды. Олар – Айбек Қалиев, Мейірбек Сұлтанхан, Серік Құсанбаев, Әсел Ережеқызы, Салтанат Өтелбаева, Айнабек Бейсенғалиев, Шұғайып Сезімхан және Тоба Өтепбаев. Айтыстың екінші күні Салтанат Өтелбаевамен жұпталған өскемендік өрелі ақын Серік Құсанбаевтың қарсыласынан бәсі басым болды. Ал, суырып салманың саңлағы Мейірбектің ұпайы дарынды замандасы Тобадан үстемірек шықты. Елордалық Әсем Ережеқызы Оралдың ақыны Айнабектен айласын асырды. Алаштың сүйікті ұлына айналған Айбек Қалиев сахнаға шыққанда қошемет ерекше болды. Жүрсін Ерман Ақтаңгер ақын Айбек Қалиев пен ширақ ойлы Шұғайып Сезімханды ортаға шақырды. Атйыс барысында Айбек Қалиев облыс орталығындағы кітапханалардың біріне есімі беріліп, музей ашылып, шығармалары шет тіліне аударылуы керек екенін өлеңмен өріп жеткізді. Екі ақын да әр қайырым сайын халықтың дуылдаған қошеметіне бөленіп отырды.

Аздаған үзілістен соң қорытынды шығып, марапаттау рәсіміне кезек берілді. Ең әуелгі кезекте шабыттандыру сыйлығына лайық деп танылған ақындар – Медет Байзақов, Ерлан Дәулетұлы, Марғұлан Оспанов, Мамай Ізтілеу және Батырлан Сағынтайға 200 мың теңгеден табысталды. Айнабек Бейсенғалиев пен Тоба Өтепбаевқа Омар Шипин атындағы арнайы сыйлықты 400 мың теңгеден иеленді. З-орынды Салтанат Өтелбаева мен Шұғайып Сезімхан бөлісіп, әрқайсысына 500 мың теңгенің сертификаты тапсырылды. 2-орын Әсем Ережеқызы мен Серік Құсанбаевқа бұйырып, 600 мың теңгеден жүлде алды. 1-орын 1 млн теңге Мейірбек Сұлтанханда. Ал бас жүлдені Айтыс ақтаңгері Айбек Қалиев жеңіп алды. Жерлесіміз «Лада Гранта» автокөлігін тақымына басты.

Сералы МЫРЗАБАЙ
Суретті түсірген Бағдад АХМЕТБЕКОВ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77