Культура

Алғаш рет «Абай күні» аталып өтілді

Осыған орай кітапханада «Абай дана, Абай дара қазақта» деп аталатын виртуалды әдеби кеш өтті

Бүгін елімізде алған рет «Абай күні» аталып өтілді. Осы мерекеге орай Л.Толстой атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында философ, ақын, аудармашы Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арналған «Абай дана, Абай дара қазақта» деп аталатын виртуалды әдеби кеш ұйымдастырылды.
Тағылымы мол кеште хәкім Абайдың өмір жолы туралы ой қозғалды.

Аталмыш кешке Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, белгілі ақын Жолбарыс қажы Баязид, Қостанай қаласының құрметті азаматы, көрнекті ақын Нағашыбай Мұқатов және А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ-нің тіл және әдебиет теория кафедрасының аға оқытушысы Шынар Исланбекқызы қонақ ретінде қатысты. Қонақтар ұлы ойшылдың діни философиялық ойларына, өмірбаянына және шығармашылығына кеңінен тоқталды.

– Бүгін алғаш рет «Абай күнін» атап өтіп отырмыз. Елімізде осындай мерекенің пайда болғанын білгенде қатты қуандық. Халқымыздың мақтанышы Абайдың өмір жолын келешек жастарға кеңінен таныту мақсатында аталмыш мерекенің маңызы зор деп ойлаймын.
Сондықтан осы мерекеге орай оқырмандарымыздың арасында тағылымды әдеби кеш ұйымдастыруды жөн көрдік. Мұнда өңіріміздің ақын-жазушылары келіп өздерінің ой-толғамдарымен бөлісе келе, Абайдың көпшілік біле бермейтін қырлары жайында жан-жақты баяндады, – дейді кешті ұйымдастырушы өлкетану бөлімінің кітапханашысы Айтжан Италмасов.

Әдеби кеш онлайн форматта өткеннен кейін қала тұрғындары үйлерінде отырып, Абай жайында көп мағұлымат алды. Олар кешке арнайы шақырылған қонақтарға өздерінің көкейлерінде жүрген сауалдарын қойып, тұшымды жауап алды. Осылайша Абайға арналған кеш өте қызықты да мағыналы өтті.
Өңіріміздегі карантин режиміне байланысты аталмыш кітапхананың қызметкерлері онлайын кештер өткізуге әбден машықтанып алған.

Олар бүгінде белгілі тұлғаларға арналған кештерді еш қиындықсыз ұйымдастырып, өздерінің тұрақты оқырмандарына жан-жақты мәлімет беріп отыр.

Бұл әдеби кешті кітапхананың ютубтағы ресми каналынан тамашалауға болады.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77