Біздің Қостанай Правопорядок

«Жеңіл жұмыс». Ауыр жазаға апарады

Қазіргі қоғамда нашақорлық – тек жеке адамның мәселесі емес, тұтас ұлттың болашағына қауіп төндіретін әлеуметтік дерт. Әсіресе жас буын арасында зиянды әдеттердің таралуы алаңдатарлық жағдай.

Бір сәттік қызығушылық кейбір жастарды өмірлік қателікке жетелеп, қайтымсыз салдарға алып келуде. Сондықтан нашақорлықтың алдын алу – бүгінгі күннің басты міндеттерінің бірі.

Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, осы жылдың алғашқы 3 айында есірткіге қатысты 82 құқық бұзушылық фактісі тіркеліп, заңсыз айналымнан 200 келіден астам есірткі заты тәркеленген.

– Өткен жылдың осы кезеңінде 137 факті тіркелсе, биыл бұл көрсеткіштің төмендегені байқалады. Ол – жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыстардың нәтижесі. Дегенмен жастар арасында синтетикалық есірткі қолдану мәселесі әлі де өзекті. Көбіне олар есірткіні жасырын түрде таратуға тартылып жатады. Бұл – қылмыстық тізбектегі ең төменгі буын болғанымен, жауапкершілігі өте ауыр. Есірткі таратқаны үшін ҚР Қылмыстық кодексінің 297-бабына сәйкес 5 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған, – дейді Қостанай облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Әсел Сексенова.

Бұл бағытта қоғам назарын аудартқан оқиғалардың бірі – 2023 жылы университет қабырғасында өткен ашық сот процесі. Онда колледждің студенттері болған 2 қыздың есірткі таратуға қатысты қылмыстық ісі қаралған болатын. Аталған іс жас толқынға сабақ болсын деген мақсатта ашық ұйымдастырылды. Сот үкімімен кінәлілерге 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған еді. Бұл – бір сәттік қателіктің адам тағдырын қалай өзгертіп жіберетінінің айқын көрінісі болды.

– Өткен жылы олардың жазаларын өтеп жатқан түзету мекемесіне барып, «Курьер» атты деректі фильм түсірдік. Қыздар өз әрекеттеріне қатты өкінетіндерін айтып, көз жастарына ерік берді. Бар болғаны 2 ай есірткі таратушы болып «жұмыс» істеп, 2 млн теңге тапқанымен, сол оңай табыстың өтеуін бүгінде темір тордың арғы жағында өткізіп, өмірінің ең маңызды жастық шағын жоғалтып отыр, – дейді полиция подполковнигі Әсел Сексенова. – Сонымен қатар, олардың қатысуымен А.Байтұрсынұлы атындағы ҚӨУ-де телекөпір ұйымдастырылды. Оған 500-ге жуық студент қатысып, онлайн форматта сұрақтарын қоя алды. Бұл – жастарға ой салу мақсатында өткізілген маңызды профилактикалық іс-шара болды.

Есірткі саудасы – интернеттегі жасырын қауіп

Бүгінде есірткі саудасы көбіне интернет арқылы жүзеге асуда. Бұрын қолдан қолға берілсе, қазір тіке байланыссыз тәсіл кең таралған. Яғни, сатушы мен алушы бір-бірін көрмейді, барлық әрекет әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы жүргізіледі. Бұл жүйеде негізгі рөлді есірткі затын таратушылар атқарады.

Студенттер әдетте жұмысты әлеуметтік желілер арқылы іздейді. Осыны пайдаланатын қылмыстық топтар түрлі платформаларда «жеңіл табыс» ұсынады. Ол күніне 3-4 сағат ғана уақыт алатын курьер жұмысы болуы мүмкін. Алайда оның артында біз ойлаған пицца, суши немесе басқа да сәлемдемелерді жеткізу емес, есірткі тарату секілді заңсыз әрекет тұруы мүмкін, – деп түсіндірді Әсел Қайсарқызы.

Осындай сілтемелер арқылы өткен жастар арнайы Telegram-боттарға тап болып, есірткі тасымалдау туралы ұсыныс алады. Алайда мұндай сәтте тоқтап, құқық қорғау органдарына жүгінуге немесе ересектерге айтуға толық мүмкіндік бар. Соған қарамастан, кейбір жастар бұл қадамға бармай, керісінше заңсыз әрекет жолын таңдайды. Полиция қызметкерлерінің айтуынша, мұндай интернет-ресурстар күнделікті бақылауға алынып, анықталған сілтемелер бұғатталып отырады. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты түрде жүргізілуде.

Сонымен қатар, полиция қызметкерінің айтуынша, мұндай интернет-ресурстар арқылы кәмелет жасына толмаған жастарды әдейі алдап, «ешқандай жауапкершілік болмайды» деп сендіреді. Алайда бұл – шындыққа жанаспайтын ақпарат. Шын мәнінде, есірткі тарату бойынша қылмыстық жауапкершілік 16 жастан басталады, ал кейбір ауыр жағдайларда 14 жастан бастап қарастырылады.

Алдын алу – басты міндет

Құқық қорғау органдарының мәліметіне сүйенсек, есірткі қылмысының алдын алу бағытында ауқымды жұмыстар тұрақты түрде жүргізіледі. Жыл басынан бері 300-ге жуық профилактикалық іс-шара ұйымдастырылып, оның ішінде дәрістер, акциялар, семинарлар, спорттық жарыстар және ата-аналар жиналыстары өткізілген.

Тағы бір маңызды бағыт – есірткіге қатысты жарнамаларды жою. Қала көшелерінде, подъездерде және үйлердің қабырғаларында жазылған күмәнді сілтемелердің барлығы – заңсыз есірткі саудасына апаратын жол. Осыған байланысты еріктілер мен студенттердің қатысуымен арнайы акциялар ұйымдастырылып, мұндай жазбалар өшірілуде.

Жыл басынан бері осындай 6 акция өткізілген. Соңғы акциялардың бірінде 140-қа жуық адам қатысып, нәтижесінде тұрғын үйлердің кіреберістері, қабырғалары мен есіктеріндегі заңсыз жазбалар толықтай тазартылған.

Мамандардың айтуынша, мұндай жазулардың барлығы – есірткі сатуға бағытталған сілтемелер. Көп жағдайда адамдар олардың мәнін түсінбей, қызығушылықпен өтіп жатады. Ал бұл өз кезегінде қауіпті заңсыз әрекеттерге әкелуі мүмкін.

– Қазіргі таңда облыс көлемінде профилактикалық жұмыстар күшейтілді. Біз оқу орындарында дәрістер өткізіп, түрлі бейнероликтер көрсетіп, есірткінің зияны мен қауіпін түсіндіруге тырысамыз. Кейбір ата-аналар «біздің балалар мұндайды білмейді, қажет емес» деп жатады. Ал шын мәнінде жастар бұл сілтемелердің заңсыз екенін түсінбей, қызығушылықпен кіріп, өздері байқамай қауіпті жолға түсіп кетеді. Сондықтан да біздің мақсатымыз – оларға есірткінің зиянын түсіндіру және заңсыз әрекеттерден сақтандыру, – дейді полиция қызметкері.

Өткен жылы есірткінің заңсыз айналымына қатысты 5 кәмелетке толмаған жасөспірім ұсталған. Оның біреуі есірткі таратқаны үшін жауапкершілікке тартылса, қалғандары 9-10 сынып оқушылары есірткіні заңсыз насихаттағаны үшін ұсталған. Бұл көрсеткіш жастар арасындағы мәселенің әлі де өзекті екенін көрсетеді.

– ҚР Қылмыстық кодексінің 299-бабында есірткіні заңсыз насихаттау үшін жауапкершілік қарастырылған. Бұл – үйлердің қабырғаларына, қоршауларға, подъездерге түрлі сілтемелер мен жазулар қалдырып, есірткіні жарнамалайтын тұлғаларға қатысты. Мұндай әрекеттер үшін 3 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген, – дейді Әсел Сексенова.

Мамандардың айтуынша, жастардың қылмысқа баруының басты себебі – «жеңіл ақшаға» қызығу. Алайда мұның соңы бір ғана нәтижеге әкеледі – ол темір тор.

Сондықтан жастарға ең басты кеңес – күмәнді ұсыныстардан аулақ болу, әлеуметтік желілердегі белгісіз сілтемелерге өтпеу және заңсыз әрекеттерге бармау. Өйткені уақытша табыс өмір бойғы өкінішке айналуы мүмкін.

Назгүл АЗАТҚЫЗЫ,
суреттерді Қостанай
облысы ПД ұсынды


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77