Социум

Бастысы ортақ достар мен салауатты өмір салтын қалыптастыру

«Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығы бүгінгі күні қаламызда белсенді түрде жұмыс істеп тұр. Мемлекеттен қаржыландырылатын орталық зейнетке шыққан қостанайлықтардың спорт, өнермен шұғылданып, уақытты тиімді өткізуіне мүмкіндік береді. «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығының жұмысын «SYNERGY» қоғамдық қорының Руслана Бровченко жүргізіп отыр, ол биылғы жылғы жобаның грантын ұтып алған.

«Белсенді ұзақ өмір сүру» жобасының мақсаты – Қостанай қаласында тұратын зейнеткерлік жастағы адамдарды әлеуметтендіру, білім беру, психологиялық, сауықтыру, спорттық және бос уақытты өткізу арқылы өзіне-өзі қызмет көрсету және белсенді жүріп-тұру қабілетін сақтаған қарт адамдардың белсенді өмір салтын қолдау. Күтілетін нәтижелер: көрсетілетін қызметті алушылардың физикалық және психологиялық денсаулығының жай – күйіндегі оң өзгерістер, сапалы ұзақ өмір сүрудің негізі ретінде олардың өмірлік тонусы мен әлеуметтік белсенділігінің артуы.
Бүгінде бөлінген қаражатқа байланысты қаламыздағы барлық зейнет жасындағы қарттарды жаппай қамту мүмкін емес. Сондықтан шаһарымыздың орталығы мен КСК шағын ауданында тұратын зейнеткер ғана қамтылған. Сонымен қатар, «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығы КСК шағын ауданында орналасқан кітапхананың №3 – Северный филиалында және қалалық ардагерлер кеңесінің филиалында жұмыс істеуде.

– Бұл бағдарлама еліміздің бірнеше аумағында кең ауқымда жүзеге асуда. Біздің қаламызда аталмыш жобаны «SYNERGY» қоғамдық қоры ұтып алғандығын естіп-білген соң бірден хабарласып, қалалық ардагерлер кеңесімен бірлесе жұмыс істеулерін ұсындым. Өздеріңіз білетіндей қаламыздың ардагерлері үшін мұндай жұмыстар өте пайдалы әрі тиімді. Мысалы, Совет заманында белсенді болған жандар қазіргі күннің өзінде белсенді. Сондықтан бұл жобаның берері мол. Руслана Витальевнаның бүгінгі жобасы жан-жақты, зейнеткерлер үшін өте тиімді. Бұл жерде әрбір жан өзіне жақын іспен айналысу мүмкіндігіне ие, – деді қалалық ардагерлер кеңесінің төрайымы Татьяна Искандирова.

– Біздің «Белсенді ұзақ өмір сүру» жобамыздың бастау алғанына бір айдың көлемі болды. Бұл негізінен ұлттық жоба. Жұмысымыз желтоқсан айына дейін жалғасатын болады. Қазір екі аумақ бойынша 57 зейнеткермен 5 бағыт бойынша жұмыс істеп отырмыз. Оның ішінде компьютерлік, құқықтық сауаттылық, шығармашылық қолданбалы өнер, сауықтыру сабақтары, психологиялық қолдау көрсетілетін болады. Әр бағыт бойынша мамандармен келісімшартқа отырдық, олар кестеге сәйкес жұмыс істеуде. Әзірге қаламыздағы зейнеткерлерді толық қамту мүмкіндігі жоқ. Дегенменен, бізге келушілердің саны көп. Олар өздеріне жақын саланы таңдап отыр. Соның ішінде жалғызбасты немесе мүгедек жандар өздерін қоғамның бір мүшесі ретінде сезінулері үшін жұмыс жасалуда. Әр саланың өз ерекшелігі бар. Соның ішінде мәдени, сауықтыру іс-шараларынан бөлек қарттар үшін психологиялық қолдаудың орны ерекше. Шығармашылық қолданбалы өнер саласында қол моторикасын дамыту, сурет салу, бояумен шұғылданады.

Сауықтыру саласы бойынша би, йога, тыныс алу гимнастикасы, дәрігерлермен кездесу ұйымдастарылады. Құқұқтық сауаттылық бағыты бойынша ХҚКО, банк қызметкерлерімен, адвокаттармен кездесіп кеңестер аламыз. Өйткені қарттар мемлекетіміздің бүгінгі тыныс-тіршілігімен таныс болулары керек. Заңды ақпаратпен қанық болулары керек. Сондықтан әрбір бағыт зейнет жасындағы жандардың ігілігі үшін жұмыс істеп отыр, – дейді жобаның жетекшісі Руслана Бровченко.

Жан ШАЙМЕРДЕН, суретті ұсынған
Руслана БРОВЧЕНКО


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77