Социум

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеме жасады

Елімізде Төтенше жағдай мерзімі 11 мамырға дейін ұзартылды

Мәлімдемеде елде орын алған түрлі жағдайларды Президент адами тұрғыдан дұрыс түсінетінін жеткізген.

– Қауіпті вирус Қазақстанда кең жайылып кетпеуі үшін осындай күрделі, бірақ аса қажет шешім қабылдадым. Соның арқасында індет жаппай таралған жоқ. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да, халықаралық сарапшылар да Қазақстанның іс-қимылын оң бағалап отыр. Елімізде қатаң карантин шаралары енгізіліп, қоғамдық көліктің жұмысы тоқтатылды. Мекемелер мен кәсіпорындардың басым бөлігі қашықтан жұмыс істеу режиміне көшті. Көшелер, тұрғын үйлер дезинфекцияланып, науқастарға дәрігерлік көмек көрсетілуде, – деп атап өтті Президент.

Төтенше жағдай кезеңінде азаматтарға қолдау көрсету шарасы тоқтаған жоқ. Дәл бүгінгі күнге дейін 4 млн 250 мың азаматқа қаржылай көкем көрсетілген. 570 мыңнан астам адамға азық-түлік таратылған.

– Жалпы, 1,1 миллионнан астам адамды азық-түлікпен қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз. Елбасының бастамасымен құрылған «Біргеміз» қорынан қаржы бөлінді. «Nur Otan» партиясы белсенді жұмыс атқаруда. Сәуір-мамыр айларында 1,6 миллионнан астам адамға коммуналдық төлем үшін көмек көрсетіледі. Азық-түліктің жеткілікті болуына және оның сапасына қатысты ұдайы мониторинг жүргізілуде. Елімізде азық-түлік тапшылығы жоқ. Жергілікті билік органдары әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын бақылауда ұстап отыр. Біз індетпен күрестің алдыңғы шебінде жүрген дәрігерлерді қаржылай қолдап жатырмыз. Денсаулық сақтау министрлігі және әкімдер басқа да медицина қызметкерлеріне көмек көрсету үшін шаралар қабылдауда. 1,6 миллионнан астам адам, 11,5 мың шағын және орта бизнес өкілі несиелерін кейін төлеуге мүмкіндік алды. Бұл жалпы алғанда 360 миллиардтан астам теңгені қамтиды, – деді Мемлекет басшысы.

Бүкіл әлемді жайлаған індеттің кесірі 3 миллионға жуық адамға тиді. Көрсеткіш күн санап өсуде.

– Вирус жұқтырғандардың саны 3 миллионға жуықтады. Бұл көрсеткіш өсіп бара жатыр. Пандемияның екінші кезеңі басталып кетуі де ықтимал. Қазақстан індеттің шарықтау шегінен өткен жоқ. Ахуалдың бақылаудан шығып кету қаупі бар. Өкінішке қарай, кейбір аймақтарда, әсіресе, Алматыда вирус жұқтырған дәрігерлер және медицина қызметкерлері өте көп. Сондықтан, солардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін шұғыл шаралар қабылдануда. Мәселенің анық-қанығын зерттеп, бұған жол берген басшылардың жауапкершілігін қарау керек. Мұндай жағдайларға жол бермеу қажет. Қауіпсіздік шараларын қатаң сақтаған жөн. Онсыз болмайды. Олай етпесек, індеттің жаңа ошақтары пайда болуы мүмкін. Коронавирусқа жеңіл-желпі қарауға болмайды. Карантин талаптарынан бір сәтте бас тартсақ, дертті қайтадан өршітіп аламыз. Коронавирус – адамның денсаулығына қатер төндіретін өте жұқпалы дерт. Мұны бүкіл әлем мойындап отыр. Ал, оны жоққа шығарып, жұртқа жалған ақпарат таратудың арты жақсылыққа апармайтыны белгілі. Бұл – азаматтарымыздың денсаулығына нұқсан келтіретін әрекет.

Еліміздегі қазіргі ахуалға байланысты және Мемлекеттік комиссияның ұсыныстарын негізге алып, мен Төтенше жағдай режимін биылғы 11 мамырға дейін ұзарту туралы Жарлық шығару жөнінде шешім қабылдадым. Бұл – біз бастан өткеріп жатқан күрделі кезеңнің талабы. Заңға сәйкес 11 мамырда Төтенше жағдай режимі аяқталады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Сондай-ақ, мәлімдеме барысында Мемлекет басшысы індетпен күрестің алдыңғы шебінде жүрген азаматтарға алғысын білдірді.

– Халықтың қауіпсіздігі үшін жанкештілік танытып жүрген дәрігерлер мен медицина қызметкерлеріне, құқық қорғау органдарының өкілдеріне және әскери қызметшілерге алғыс айтамын. Қауіп-қатерге қарамай мұқтаж жандарға көмек қолын созған волонтерлерге де ризашылық білдіремін. Сондай-ақ, халыққа жедел және шынайы ақпарат таратып жүрген журналистер қауымына алғыс айтамын, – деді Президент.

Сонымен қатар, азаматтарды бос сөз бен жалған мәліметке жол бермеуге шақырды.

Сералы МЫРЗАБАЙ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77