Социум

Оқушылардың арасында электронды темекі сәнге айналған

Бүгінде темекінің бұл түрін жас айырмашылығына қарамай тапсырыс арқылы алуға болады

Қазақта «Адамға сынықтан өзгенің бәрі жұғады» деп бекер айтылмаса керек. Үлкендерге еліктеу, жасынан үлкен көрінуді қалап, үйіндегі  аға, әпкелерінің істегенін қайталағанды ұнататын жасөспірімдерді жақсы түсінеміз. Бірақ олар әрдайым үлкендердің жақсы қасиеттерін алып, өздеріне өнеге етіп жатса әңгіме басқа. Бірақ бүгінде қала көшелерімен келе жатып алдыңда жоғары сынып оқушыларының қазіргі сәннің көкесіне айналып тұрған электронды темекінің түтінін бұрқыратып бара жатқанын көп байқайтын болдық. Бұл әрине, енді ғана қалыптасып келе жатқан баланың ағызасын улап, денсаулығының нашарлауына әкеліп соғатын жағдай.

Мектеп оқушыларының арасында  электронды темекіге әуестенуінің саны артып бара жатқанына қарағанда, бұл бұйымның қаншалықты қолжетімді екенін түсінесің. Осы ретте, оқушылардың темекіге әуестігін қадағалайтын және темекімен көзге түскен жасөспірімдерге қандай шара қолданылатынын білу жергілікті полиция қызметіне хабарласып білген едік.

Біз хабарласқан полияция қызметкерлері жақын арада қаламыздағы №19 жалпы білім беретін мектебінде  оқушылар үшін темекінің зияны мен мектеп маңында темекі шеккен жағдайда қандай жаза қолданылатыны жөнінде айтылатын арнайы дәріс өтетіндігін хабарлады. Сөйтіп, №19 жалпы білім беретін мектептің 8 «а» сынып оқушыларына арналған бұл дәріске біз де қатыстық. Бұл шараны қарамағына сол №19 жалпы білім беретін меткеп кіретін полицияның оңтүстік бөлімінің жасөспірімдермен жұмыс жөніндегі инспекторы Диана Насанбаева өткізді. Ол мұнда оқушыларға мектеп ішінде және жанында темекі шегіп көзге түскендердің ата-анасына 45 945 теңге көлемінде айппұл салынатынын түсіндірді. Сонымен қатар, егер оқушы темекі шекті деген жағдаймен бірнеше рет көзге түсетін болса, сол мектептің тізіміне алынатындарын да айтып өтті.

-Біздің басты мақсатымыз  оқушыларға мектеп территориясында темекі шегудің қаншалықты заңсыз екені мен оның денсаулық зияны жайын айтып түсіндіру. Осыған байланысты ай сайын жұмыстар жүргізіліп тұрады. Мен істейтін бөлімнің қарамағына кіретін осы №19 мектепте биылғы оқу жылында 8 оқушының бір рет ғана темекі тартқаны жайында факті орын алды. Мұндай жағдайда мектеп директоры, психолог маман, сынып жетекші болып тәрбие жұмыстарын жүргізеді. Сондай-ақ мектеп төңірегінде оқушының темекі шеккені анықталған жағдайда оның ата-анасы мектепке шақырылып, 45 945 теңге көлемінде айыппұл төлейді. Мектеп ішінде немесе маңында темекі тартқан оқушылардың ата-анасына салынатын айыппұл былтырғы жылдың жазында өскен болатын.

Әрине, мектептің ішінде де сыртында да бейне бақылау бар. Мектептің дәретханаларында ғана бейне камера жоқ. Көбісі осы дәретханаларға кіріп, темекі шегуге тырысады. Мұндай жағдайда иіс арқылы  оқушының темекі шеккенін білуге болады. Мысалы, дәлізде темекінің исі байқалса, бірден бейне бақылаудан кімнің соңғы рет дәретханаға кіріп шыққанын қараймыз. Сөйтіп, темекі шегіп жүрген оқушыны анықтаймыз. Оның ата-анасын мектепке шақырып тиісті жұмыстар жүргіземіз. Бұл мектепте темекі шегіп бірнеше рет көзге түскен оқушылар жоқ,-дейді жасөспірімдермен жұмыс жөніндегі инспекторы Диана Насанбаева.

Сондай-ақ инспектордың дәрісін тыңдаған 8 «а» сынып оқушысы Артем Олексенконы сөзге тартқанымызда, ол:

-Мен темекіні тартып көргім келді. Сөйтіп, қаламыздағы дүкендердің біріне барып, еш кедергісіз сатып алдым. Шыны керек, бірнеше рет темекі шектім. Электронды темекілерді де кез-келген  уақытта ғаламтордан тапсырыспен алуға болады. Бір сөзбен айтқанда темекіні ешқандай қиындықсыз сатып алуға мүмкіндік бар. Мен тек әуестініп бірнеше рет темекі шеккенім болмаса, қазір бұл жаман әдеттен аулақпын. Өзім салауатты өмір салтын ұстанамын. 9 жасымнан бері футболмен айналысамын,-деді.

Міне, осы мектеп оқушысының сөзінен-ақ кәмелеттік жасқа толмағандардың ешқандай қиындықсыз табак өніміне қол жеткізе алатынына көзіміз жетті. Осыдан кейін көшеде электронды темекі тартып бара жатқан оқушыларды жиі көруіміз де таңданатын дүние емес.

Бұл ретте №19 жалпы білім беретін мектептің педагог-психологымен әңгімелесіп, оқушылардың жаман әдетке бой алдыруларының басты себебі неде екенін сұраған болатынбыз.

-Мектеп оқушылары қашан да үлкендерге еліктейді. Әсіресе, жоғары сынып оқушылары өтпелі кезеңде жаман қасиеттерге бой алдырады. Атап айтатын болсақ, темекі шегу, ішімдікке әуестік. Оқушылардың темекіге әуес болуының себептеріне тоқталатын болсам, ол алдымен еліктеушіліктен орын алатын жағдай. Бастауышты аяқтап, жоғары сыныпқа ауысқан оқушылар өздерін бірден ересек адамдай сезінгісі келеді. Біз жоғары сыныпта оқимыз, өстік деген ойда жүреді. Сөйтіп жан-жағындағы ересектерге еліктей бастайды. Темекі шегіп, ішімдік ішсе өздерін ересек адамдай сезініп, сол өмірлеріне риза болады. Бұл жаман әдеттердің олардың денсаулығына қаншалықты зиян екеніне мән бермейді.

Оқушыларды мұндай жаман әдеттерден аулақ ұстау мақсатында біздің мектепте айына бір рет темекінің зияндығы жайында дәріс беріледі. Балалардың бұл жайында ойын сұрап білеміз. Сол арқылы олардың әуестіктерін де білуге болады. Бұл мақсатта сынып жетекшілері де ауқымды жұмыс атқарады.

Енді міне, өзіңіз көріп отырғандай бүгінде электронды темекілер сәнге айналып отыр. Оның өздеріне ұнайтын иістерін таңдап, күнделікті тапсырыспен алдырып шегулеріне ешқандай тосқауыл жоқ. Сондықтан ерте жастан, оқушылар осы сәнті темекі түріне тәуелді болып кетеді. Қазіргі таңда қыздар арасында да осы электронды темекі үлкен сәнге айналған.

Бұл жағдайды мектеп ұжымы, ата-ана болып қолға алу керек. Бала тәрбиесінде әрдайым бірінші кезекте отбасы яғни ата-ана тұрады. Мектеп ұжымы олардың жат қылықтардан аулақ болып, білімге ден қоюына көңіл бөледі. Сондықтан мектепте біз болып, үйде ата-ана болып балалардың ерте жастан никотинге тәуелділігімен күресетін болсақ, үлкен нәтижеге қол жеткізер едік. Бұл жерде де ата-ана тәрбие беру үшін, өздері үлгі болуы керек. Мысалы, әкесі өзі темекі шегіп тұрып, жоғары сыныпта оқитын ұлына сен темекі шекпе деп айтса, оның өнегесі қайда. Ұл бала әкеге, қыз бала анаға қарап өседі. Сондықтан ата-ана бірінші кезекте баласының темекі, ішімдік сынды жат қылықтарға бой алдырмаулары үшін осындай дүниелерді өздері де қолданбауы керек. Сонда ғана бала менің әкем ішпейді, темекі шекпейді мен неге әкеме ұқсап сондай адам болмаймын деген ойға келеді. Содан кейін ғана ол өз тәрбиесіне мән беріп, бойын жаман әдеттерден аулақ ұстайтын болады.

Балаға тәрбие беру үшін алдымен ересектер өздерін тәрбиелі ұстауы қажет,-дейді аталмыш білім ордасының педагог-психологы Алена Файруллина.

Адам бойында жақсы әдетпен қоса жаман әдет те бірге жүреді. Оны бойыңнан аластату, жамандықтан қашу санаға байланысты болса керек. Ал жасөспірімдердің жаман әдетке бой алдыруна келетін болсақ, мұнда да бірінші кезекте тәрбиенің қалыс қалғанын түсінеміз. Дені сау, тәрбиелі ұрпақ еліміздің жарқын болашағы екенін бүгін түсініп, осы мақсатта қоғам болып әрекет етсек ертеңімізге күмінсіз сенім артар едік.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА

Суретті түсірген Алина БЕКМҰХАМБЕТОВА

 


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77