Без рубрики Культура

Қостанайда «SERALY Film Festival» республикалық қысқаметражды көркем фильмдер фестивалі өтті

Бұл кең көлемде ұйымдастырылған шара қазақ өнерінің серкесі Сералы Қожамқұловтың 125 жылдық мерейтойына арналды

Тобыл-Торғай төрінде тұңғыш рет Қазақ КСР Халық әртісі, театр және киноның аса көрнекті актері Сералы Қожамқұловтың 125 жылдығына арналған «SERALY Film Festival» республикалық қысқаметражды көркем фильмдер фестиваль-байқауы өтті. Сералы Қожамқұлов – қазақ театр өнерінің бастауында тұрған әйгілі тұлға, сахна саңлағы, ұлт киносының жарық жұлдызы, мақтаныш тұтар даңқты жерлесіміз. Өнер майталманының мерейтойына орай, биыл ел бойынша көптеген түрлі іс-шара өтті. Осының барлығының лайықты қорытындысы осы кинофестиваль. Жас дарындарға жол ашқан, қабілетті жандарға дем беруді мақсат еткен бірегей жоба. Байқауға өтінім қабылдау 2021 жылғы тамыз айында басталып, желтоқсанға дейін жалғасты. Бағы мен бабын сынап көруге ниет еткен үміткерлер аз болған жоқ. Қазақстанның әр түкпірінен 40 қатысушының материалы қабылданыпты. Алайда, «Жүйріктен де жүйрік бар» демекші, олардың ішінен 4 номинация бойынша жеңімпаздар анықталды.. Жеңімпаздарды марапаттау үшін С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық драма театры басшысы Досхан Сәкен мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театр және кино актрисасы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Алтынай Нөгербек  келді.

Осы орайда Серке Қожамқұловтың туған қызы П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің аға оқытушысы, П.Чайковский атындағы Орта Азия халықаралық байқауының лауреаты  Марьям Қожамқұлова арнайы келгенін атап өткен жөн.

Мерейтой қарсаңында Қостанай жеріне табан тіреген Мәриям Қожамқұлова әкесі Сералы Қожамқұловтың туған жеріне барып қайтты. Атақты кеңес актері Қарабалықтан шыққаны белгілі. Осынау ауданда музыка мектебі және оның құрметіне аталған көше бар. Мәриям апай осы мектеп оқушыларына, ал оның серігі Наргиз Тамабекқызы музей қызметкерлеріне шеберлік сабағын өткізді. Кездесу барысында көптеген ізгі лебіздер мен тілектер айтылды.

Фестиваль аясында қазақстандық кино және театр актрисасы Алтынай Нөгербектің  «Психофизикалық әрекет» атты шеберлік сағаты І.Омаров атындағы облыстық қазақ драма театрында өтті. Алтынай Бауыржанқызы қазіргі қазақ сахнасы мен экранының жарық жұлдызы. Өнерде аналар бейнесінің әдемі галереясын жасап келе жатқан талантты актриса. Ол театр әртістерімен кездесіп, өзінің мол тәжірибесімен бөлісті. Өнер иесі театр және кино әлемінің қызығы мен қиындығы турасында әңгіме өрбітті.

Қазақ өнерінің серкесі Сералы Құжамқұловтың 125 жылдық мерейтойына орай өткен шарада еліміздің түкпір-түкпірінен қатысқан кіл мықтының ішінен ең мықтыны таңдау оңай болмағаны белгілі. Сонда да сайыс болған соң жеңімпазды анықтап, марапаттау парыз. Қабылданған 40 қатысушының материалының ішінен 4 фильм арнайы номинация бойынша жеңіске жетті. «Үздік оператор» номинациясы бойынша Шымкент қаласынан қатысқан дарынды жастардың бірі Фархат Саипов жүлдегер атанып, 300 мың теңге сыйақыға ие болды. «Үздік режиссер» номинациясын Қостанай қаласынан Есбол Жатқанов  жеңіп алды. Ал «Үздік сценарий» номинациясын  Жарқын Тлеухор Нұр-Сұлтан шаһарынан қатысқан дарынды жас қанжығасына байлады. Ал «Қысқаметражды Үздік фильм» номинациясы бойынша 500 мың теңге сыйақы Алматы қаласынан қатысқан Рүстем Дастанұлына бұйырды.

Марапаттау рәсімінде «Үздік фильм» номинациясын табыс еткен Мариям Құжамқұлова жиналған қауымның алдында әкесі жайында естеліктерімен бөлісті.

-Әкем көп жұмыс істеді. Өнер адамының үнемі ізденіс үстінде жүретіні белгілі ғой. Бірақ ол жұмысбастылықпен отбасын ұмытқан емес. Біз отбасында 7 баламыз. Әкемізден өнегелі тәрбие алып өстік. Оның айтқан ақылы жадымызда сақталып қалды. Өнер адамының әрдайым білімін толықтырып, тәжірибесін арттырып отыруы қажеттігін жиі айтып отыратын. Әкем отбасымыздың тірегі, дос-жаран, туыс-туған үшін құрметті де сыйлы жан бола білді. Әрдайым түзу жүрді. Өз ісіне адал, еңбекқор жан еді. Балаларына өзінің бойындағы осынау асыл қасиеттерді сіңіре білді. Бәріміз де білімді де білікті маман ретінде қалыптастық. Тек ғана біздің ғана емес, қазақ ұлтының мақтанышына айналған әкеміздің атына кір келтірмей, түзу жүріп, анық басуды мақсат еттік.

Міне, әкемнің 125 жылдық мерейтойына орай Алматыда, Жезқазғанда және туған өлкесі Қостанай жерінде кең көлемде іс-шара ұйымдастырылып отыр. Қуанышымда шек жоқ. Қостанай жеріне табан тіреп, әкемнің құрметіне арналған шараға қатысқаным маған ұмытылмас әсер қалдырды.

Әкемнің атын ұлықтап отырған Қостанай жерінің басшылығына және  облыстық мәдениет басқармасына айтар алғысым шексіз,-деді.

 

Фестивальде үздік деп танылған 4 қысқаметражды фильмдерде отбасылық құндылық, баланың ана алдындағы парызы,  баспанасын ойынға тігіп отбасын далада қалдырып, өзі қашып кеткен ойынқұмар әкенің әрекеті және спорттың баскетбол түріне ерекше қызығушылық танытқан інісінің үздік спортшы атануына өз үлесін қосқан ағасының еңбегі сынды тәрбиелік мәні зор тақырыптар көтерілген. Қай фильм болса да қараған жанға өнеге боларлықтай, терең ой салатын дүниелер. Сондықтан бұл еңбектерді қарап шыққан жөн дер едік.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА

Суретті түсірген Әбіл ДОСЖАНОВ

 


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77