Культура

Қостанайлық өнерпаздар «Сәлем, Елорда» І республикалық фестивалінде өнер көрсетті

Алғашқы рет ұйымдастырылып отырған онлайн фестивалдың ауқымы кең

Е. Өмірзақов атындағы Қостанай облыстық филармонияның ұжымы «Сәлем, Елорда» І республикалық фестивалінде өнер көрсетті.

Елімізде тұңғыш рет ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастыруымен қолға алынған онлайн форматтағы фестивалге бүкіл облыс өнерпаздары қатысатын болады.

Фестиваль аясында, әр облыс өздерінің өнері мен мәдени жетістіктерін кеңінен насихаттап, озық үлгідегі орындаушыларды дәріптейді. Сондай-ақ, бұл жоба «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясында ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, 2020 жылғы республикалық маңызға ие мерейтойлар мен жергілікті атаулы даталарды қамтитын болады. Атап айтар болсақ, Әбу-Насыр әл-Фарабидің 1150, Алтын орданың 750, Ұлы Абайдың 175, Шәмші Қалдаяқовтың 90, Ұлы Жеңістің 75 жылдық мерейтойларының мәртебелерін асқақтатып, Қазақстан халқы Ассамблеясының ширек ғасырлық мерекесінің мерейін тасытпақ.

Астықты өлкенің ауыз толтырып айтарлықтай мерейлі мерейтойлары баршылық. Айталық, келер жылы Ыбырай Алтынсариннің туғанына 180 жыл. Мерейтойдың бастауы ретінде қаламыздың орталығынан Ыбырайға арналып мүсін орнатылды. Абылай ханның ақ туы астында жорыққа бірге қатысып, жігерлі жырларымен жауынгерлер рухын жаныған тарихи тұлға Тәтіқара жыраудың 315 жылдығын атап өтіп жатыр. Сондай-ақ Қостанай биылғы жылдың республикалық маңызға ие болған мерейтойларымен қатар Шоқан Уәлихановтың 185, Міржақып Дулатовтың 135, Әблахат Еспаевтың 95 жылдық мерейлі мерекелерін атап өтуде.

– Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі мен ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ұйымдастыруымен «Сәлем, Елорда» І республикалық өнер фестивалінде Е.Өмірзақов атындағы Қостанай облыстық филармониясының ұжымы өнер көрсетті. Аталған іс-шара облыс өнерпаздарына өз өнерлерін жан-жақты көрсетуге тамаша мүмкіндік берді деп айтар едім. Қостанай облыстық филармонияға енді келген жаңа басшы ретінде, фестивальде өнер көрсеткен басқа облыстардың филармония өнерпаздарының жұмыс деңгейін бақылау мүмкіндігіне ие болдым. Әртістеріміз де фестивальде өнер көрсеткен барлық облыс әртісерінің шығармашылық өнерін асқан қызығушылықпен тамашалап, біраз тәжірибе алды деп ойлаймын. Біз үшін фестивальдің құндылығы өте зор. Жақында біз Нұр-Сұлтан қаласына Гала-концертке шығамыз. Онда фестиваль қатысушылары марапатталатын болады, – деп атап өтті Е.Өмірзақов атындағы Қостанай облыстық филармониясының басшысы Сүндет Байғожин.

Айта кетейік, барлық концерттік бағдарламалар алдымен Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің YouTube арнасынан көрсетіліп, кейіннен «Qazaqstan» ұлттық арнасының өңірлік филиалдарында жариялауға жолданады.

Сералы МЫРЗАБАЙ
Суретті ұсынған филармония қызметкері


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77