Культура

Республикалық «Музейлер шеруі» акциясы аясында «Музей түні» өтті

Әлеуметтік желі арқылы көрермендер өзге аймақтағы музейлерді тамашалауға мүмкіндік алды

Еліміздің егемендігі күніне орай Қостанай облыстық Ы.Алтынсариннің мемориалдық музейі Республикалық «Музейлер шеруі» акциясы аясында «Музей түнін» өткізді.

Әлеуметтік желінің тікелей эфирі арқылы өткен шараға біздің өңірден бөлек, Нұр-Сұлтан қаласындағы «ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасының кітапханасы» ММ, Семей қаласындағы Абайдың «Жидебай-Бөрлі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейі және Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың Ақтөбе облыстық мемориалдық музейі қатысты.

– Биылғы жыл музей қызметкерлері үшін де жеңіл тиген жоқ. Дегенмен де, желтоқсан айының басында ҚР Тұңғыш Президенті күні мен ортасында Тәуелсіздік мерекесі екені баршаға аян. Рухани ошақ ретінде маңызды мейрам қарсаңында «Музейлер шеруі» акциясына атсалысуды жөн көрдік. Әлеуметтік желіні пайдалана отырып, тікелей эфир арқылы көрермендерімізге тақырыпқа лайықты онлайн экскурсия жасадық, – деп атап өтті Қостанай облыстық Ы.Алтынсариннің мемориалдық музейінің директоры Марғұлан Оспанов.

Іс-шараның шымылдығы Тәуелсіздік күніне арнайы дайындалған бейне роликпен түрілді. Екінші кезекте Елбасы атындағы музейден сарапшы Құмар Жүнісов тікелей желігі қосылып, «Тұңғыш Президент және Тәуелсіз Қазақстан» тақырыбында музейге онлайн экскурсия жасады. Шараны тамашалаған көрермендер, Елбасы кітапханасының экспозициясындағы мұрағаттық құжаттардың, оқиғалар мен қабылданған шешімдердің тарихи мән-маңызымен танысуға мүмкіндік алды.

Алаш астанасы болған Семей қаласындағы Абайдың «Жидебай-Бөрлі» мемлекеттік қорық-музейін ғылыми қызметкері Азамат Қажыбай «Алаш арыстары» тақырыбында онлайн экскурсия жүргізді.

Әлеуметтік желінің тікелей эфирлік уақыты 1 сағаттан аспайтындықтан, бірер минут үзіліс жарияланып қайтадан жалғасты. Эфирдің жалғасында Кеңес Одағының Батыры Әлия Молдағұлованың Ақтөбе облыстық мемориалды музейі тікелей желіге шықты. Ғылыми қызметкер Айнагүл Уразова «Қазақтың үш батыр қызы» тақырыбында экскурсия жүргізді.

Қазақстанның Тәуелсіздік тұғырын орнатуға қазақтан шыққан білімді ұлы тұлғалар себепкер болды. Сол тұлғалардың алғашқылары қазақ халқының жеке мемлекет болып тілі, діні, ділін жоғалтпай одан ары қарай дамытуы үшін білім мен өнер, ғылым мен техниканы игерудің жолын көрсетіп білім ошақтарын, яғни қазақ даласында тұңғыш халықтық мектептер ашқан Ыбырай Алтынсарин тұр. Қазақстан Республикасының Тәуелсіз ел болу жолындағы Ы.Алтынсарин ашқан мектептерінің маңыздылығы туралы, Қостанай облыстық Ы.Алтынсарин мемориалдық музейінің экскурсия жүргізушісі Шынар Досмағанбетова экскурсия барысында баяндап берді.
Жиын сонында, спикер Марғұлан Оспанов қорытынды сөз сөйлеп, атсалысқан музейлер ұжымына алғысын айтып, эфирді аяқтады.

Сералы МЫРЗАБАЙ
Суретті түсірген Әбіл ДОЩАНОВ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77