Қостанайдың кішкентай Нұрсұлтаны

Қостанайдың кішкентай Нұрсұлтаны

немесе бүлдіршін Сыздықовтың болашағы жарқын

Бүгінде еліміздің экономикасы қарыштап, дамыған елдердің арасында үлкен құрметке бөленуі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың салиқалы саясатының жемісі десек орынды болар.

Кешегі Кеңес Одағы ыдырап, мемлекетіміз өз алдына дербес, тәуелсіз ел болған жылдары халықтың әл-ауқатын жақсарту бағытында қаншама жұмыстар атқарылды. Әрине, ол кездері қай салада болмасын қиындықтар кездесті. Бірақ уақыт өте бәрі де көрген түстей болып артта қалды.

Міне, осынау ауыр кезеңдерде Президент болып сайланған Нұрсұлтан Назарбаев елімізді қиындықтан алып шықты. Өзінің нағыз туған жері мен халқы үшін туылған азамат екендігін көрсетті. Осы жайларды республикамыздағы барша жұртшылық ұмыта қойған жоқ. Түрлі басқосуда мемлекет басшысының кемеңгерлігін айтып келеді.

Өздеріңіз де білесіздер, қазір Қазақстан деген ынтымағы жарасқан мемлекетті дүниежүзінде білмейтіндер жоқ. Аз уақыттың ішінде Елордамыз Астана жер бетіндегі ең көрікті де сұлу шаһарлардың қатарына қосылды. Мұның бәрі де Елбасының еңбегі екендігі белгілі.

Біздің ұлтымыз өте ырымшыл. Елінің нағыз намысын ту етіп ұстаған көрнекті тұлғаларының есімін ұлдарына қояды. Ертең өскенде мемлекет басшысындай аса көрнекті тұлға болсын деген ізгі ниетпен республикамызда қаншама Нұрсұлтан дүниеге келіп, олардың алды туған жері үшін аянбай қызмет атқарып жатыр.

Бұлар жөнінде республикалық басылымдарда жазылып, теледидарларда көрсетіліп жатқаны да баршаға аян. Біздің киелі Қостанайда да мұндай ырыммен Нұрсұлтан деген ардақты есімге ие болған ер балалар баршылық.

Бүгін солардың бірі кішкентай әрі сүп-сүйкімді Нұрсұлтан жайлы әңгімелемекпіз. Ол әлі бүлдіршін болғанмен көп жайдың мәнісін түсінеді. Отбасындағыларға: «Мен өскенде Президент Нұрсұлтан атамдай мықты азамат боламын» деп бәрін де қуанышқа бөледі.

Менің бүгінгі кейіпкерім 3 жастағы Нұрсұлтан шын мәнінде ғажайып бала. Ол Қостанай қаласына іргелес жатқан Дружба ауылында ғұмыр кешіп жатыр.
Осынау сүйкімді бала осыдан үш жыл бұрын яғни 2014 жылы қаңтар айында дүниеге келді. Әрине, сол кездегі әкесі Олжас пен анасы Жансаяның қуанышында шек болған жоқ. Өйткені, біздің қазақ ұл баланы ерекше құрмет тұтқан. Сол кезде бұл киелі шаңырақта көпке дейін ұмытылмастай басқосу да өтті.

Негізінде ол отбасындағы екінші бала екен. Соған қарамастан әпкесі Жанеркеге көмектесіп, өзі де әлі сәби болса да қолына қалам алып, білімге құштарлық танытып жүр. Әсіресе, тақпақтарды жаттауда алдына жан салмайды.

Отбасында Нұрсұлтан туылғаннан кейін оған қандай есім береміз деген мәселемен үйдің мүшелері ақылдасты. Сол кезде Олжастың жасы үлкен Гүлбаршын есімді апасы ерекше түс көргендігін айтыпты.

Бұл түсінде Гүлбаршын өзі қолына ұстап отырған ер баланың жанына Елбасы келіп, «балаңыздың халі қалай?» деп сұрапты. Содан көп өтпей дүниеге келген Олжастың ұлының есімін Нұрсұлтан деп қойыпты.

Әрине, Олжас пен Жансая оған қуанып, төбелері көпке жеткендей болды. Сол шақалақ Нұрсұлтан қазір әке-шешесінің көз қуанышы. Ата-әжесінің ең жақсы көретін немересі.

Қостанайдың кішкентай Нұрсұлтаны бұл күндері бала бақшаға барады. Қазірдің өзінде ол өзінің алғырлығы және зеректігмен көзге түсіп, баршаны тәнті етіп келеді.

Өзі күнде тағылым алатын тәрбие орнындағы түрлі мәдени шаралар онсыз өтпейді. Ол негізі мінезі салмақты, көп сөйлемейтін, орнықты бала. Бірақ бір естігенін ұмытпай қайталайды.

Бұл да болса оның жадының мықтылығын көрсетеді емес пе. Өзі өнерге өте бейім. Сазды әуен естілсе билей жөнеледі. Тақпақтарды жатқа айтып, тыңдармандарға жеткізе біледі.

Тәрбиешілері де оның қабілетіне дән риза. Өйткені, кез-келген мереке жақындағанда кішкентай Нұрсұлтаннан үлкен үміт күтеді. Үстіне киген сахналық костюмдері де өзіне әдемі жарасады. Тілі де балдан тәтті.

Болашағынан үлкен үміт күттіретін киелі шаңырақ иелері үшін Тұңғыш Президент күні ерекше мереке болып табылады. Сол күнге ерте бастан әзірлік жасап, дастархан жаяды, оған ағайын-туысқандар жиналады.

Балдырған Нұрсұлтан да сол күні үстіне әдемі киімдерін киіп, басқосқан кісілерге тақпақ оқып, дайындаған биін ұсынады. Үлкенді-кішілі қауым оған қол шапалақтап құрмет көрсетеді.

Біз сөз соңында бүлдіршінге ертең өскенде Нұрсұлтан атаңдай әлемге танымал тұлға бол, туған жерің мен елініңнің кісілігі жоғары азаматы бол деген ең іздік тілегімізді білдіреміз.

Редакция НК

оставить комментарий

Создать профиль



Войдите в свою учетную запись