Наурыз – ежелден тазару мен жаңару мейрамы. Көктемнің келуімен табиғат түлеп, тіршілік атаулы қайта жанданады. Сол себепті халқымыз бұл мерекені тек табиғаттың ғана емес, адамның да рухани жаңаруының белгісі ретінде қабылдаған. Бүгінде Наурызнама аясында аталып өтетін 19 наурыз – Жаңару күні осы терең мағынаны айқындай түседі
Наурызнамаға енгізілген бұл атаулы күнді көшет егу дәстүрімен байланыстырып жатады. Жалпы, көктемгі жаңару кезеңінде ағаш отырғызу, үй-жайды тазарту, бұлақ көзін ашу сияқты игі істерді жүзеге асыру халқымыздың көне дәстүрлерінің бірі. Мұның бәрі жаңа жылға, жаңа күнге жаңарып, тазарып қадам басуды білдіреді. Сонымен қатар, бұрын ескі-құсқы заттарды шығарып тастап, отпен аластау рәсімі де жасалған. Бұл жамандық пен ескі әдеттерден арылып, жаңа өмірге жол ашудың белгісі ретінде қабылдаған.
Бүгінде Наурыз мейрамы жаңаша леппен тойланып жатыр. Алайда жаңаша дегенде ата-бабадан қалған дәстүрді жаңғырту, оның мән-мағынасын жастарға ұғындыру десек дұрысырақ болар. Себебі тарихи деректер мен этнографтардың еңбектерінде Наурыздың тек бір немесе үш күнмен шектелмегені айтылады. Қазақ халқы көктем мерекесін бірнеше күн бойы атап өтіп, әр күнге ерекше мән берген.
Биыл ел бойынша шамамен 1,5 мыңға жуық мерекелік іс-шара ұйымдастырылмақ. Әр күннің арнайы тақырыптық бағыты бекітіліп, ұлттық дәстүрлер мен мәдени құндылықтарды насихаттауға ерекше көңіл бөлінеді. Наурызды жаңа форматта атап өту 2024 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен бекітілген. Ол Наурызды тек бір күндік мереке ретінде емес, адамдардың жүздесіп, игі істер істеп, жаңарып, қоғамдағы татулық пен келісімді нығайтатын кезең ретінде қабылдаған тарихи дәстүрге негізделеді. Онкүндіктің әр күні қоғамның негізгі құндылықтарын айқындайтын жеке тақырыпқа арналады. Сол дәстүрдің жалғасы ретінде Наурызнамада белгіленген 19 наурыз – Жаңару күні.
Бұл күні еліміздің әр өңірінде түрлі шаралар ұйымдастырылып, халықты игі істерге шақыратын бастамалар жүзеге асырылады. Ағаш отырғызу, сенбіліктер өткізу, айналаны тазарту, табиғатты қорғау – барлығы да жаңару мен жасампаздықтың белгісі. Бұл күннің әрбіріміз үшін ерекше мәні бар. Жаңа мүмкіндіктерге жол ашып, тың бастамаларға көз жібереміз. Наурыз тек табиғаттың жаңаруын ғана емес, адамзаттың рухани жаңғыруын, ұрпақтар сабақтастығын, ұлттық дәстүр мен мәдениеттің қайта жандануын білдіреді.
Қазақстанда Наурызды атап өтудің өзіндік ерекшеліктері бар. Көпшілік бұл күні ұлттық тағамдар дайындап, дастарқан жайып, туыстарымен, көршілерімен қауышады. Кейбірі табиғат аясына шығып, туған жердің сұлулығын тамашалайды. Осындай сәттерде адамдардың бір-біріне деген шынайы қамқорлығы мен жылылығы қоғамдағы бірлікті нығайта түседі.
Сондықтан да Жаңару күні – тек мерекелік дата емес, ол жаңа бастамалардың, ізгі ниеттердің және ортақ болашаққа деген сенімнің белгісі. Көктеммен бірге келген бұл күн әр адамға жаңа мүмкіндіктер мен жарқын үміт сыйлайды.
«Анам бар жақсыны сандықтан шығаратын» Рысты Ерденқызының естелігі
«Көбісі бұл күні ағаш егу керек деп жатады. Мен өзім Торғай жерінде өскендіктен наурызда көшет отырғызып жатқанды көзіммен көрген жоқпын. Мүмкін бұл дәстүр оңтүстік жақта көбірек болған шығар. Біздің өңір салқындау ғой, ағаш та өсе қоймайды. Сондықтан бізде ондай нәрсе көп болмаған сияқты.
Бала кезімде жаңару күні Торғай өңірі жылы болып тұратын. Айт кезінде, Наурызда ауыл адамдары киіз үй тігіп, сонда жиналатын. Сол бір кездер ерекше есте қалыпты. Аналарымыз арқан керіп, сандықта сақтаулы тұрған барлық жақсы киімдерін, маталарын, әшекейлерін шығарып, сол арқанға іліп қоятын. Үйге келген адамдарға дастарқан жайылып, жаңағы ілінген дүниелердің арасынан сақина, мата сияқты заттарды беріп жататын. Бұл да бір қуанышпен бөлісу сияқты еді. Оның бәрі өткен ғасырдың алпысыншы жылдары болатын. Сол кезде мен мектептің төртінші сыныбында оқып жүрген бүлдіршін едім. Үлкен кісілер келіп, оларға арнайы қыстан сақтап қойған сүр сыбағаны қазанға салып, асатын. Қарындағы сары майды дастарқанға қоятын. Үлкендерге құрмет ретінде киім тігетін мата беретін. Адамдар бір-бірімен құшақтасып, көрісіп жататын. Ауыл іші ерекше бір жылылыққа толы болатын. Менің ойымша, жаңару деген тек табиғаттың жаңаруы ғана емес, адамның да заманға сай жаңаруы, ойының толықсып, кемелденуі деп білемін».
Жаңару күнінде гүл отырғызуды дәстүрге айналдырған
Бұл күні біреулер ағаш отырғызса, енді біреулер үйін тазалап, жаңа істерді бастайды. Ал Шынар Жабатаева үшін жаңару күнінің өзіне тән дәстүрі бар, ол бұл күні гүл егеді.
– Мен өзім үйде де, далада да гүл өсіргенді жақсы көремін. Өсімдіктерге күтім жасап, олардың жайқалып өскенін көру маған ерекше қуаныш сыйлайды. Наурыздың жаңару күні де мен үшін ерекше мереке. Бұл күн табиғаттың жаңарып, тіршіліктің қайта жанданатын кезеңі ғой. Сондықтан осы күні міндетті түрде бір жақсы іс жасағым келеді. Кейде тал егуге мүмкіндік бола бермейді, бірақ үйде гүл отырғызамын, – дейді Шынар.
Гүлге деген ерекше ықыласы оның үйінен бірден байқалады. Шынардың айтуынша, үйіндегі өсімдіктер саны жыл сайын көбейіп келеді. Тіпті ол өз үйінің бір бөлмесін толықтай гүлдерге арнаған.
– Үйімде гүл өте көп. Тіпті бір бөлмені түгелдей гүлге толтырдым десем болады. Қазір ол бөлме шағын оранжерея сияқты. Онда гүлдің бірнеше түрі өсіп тұр. Әр гүлдің өз күтімі бар, соған қарай баптап, суарып отырамын. Жүрген жерімде түрлі гүлдердің бір жапырағын алып тамырлатып, отырғыза қоямын, – дейді ол.

Шынардың айтуынша, гүл өсіру тек әуестік емес, көңілге тыныштық сыйлайтын іс. Жасыл желекке қарап, табиғаттың тынысын сезінгендей боласың.
– Менің ойымша, жаңару күні тек табиғаттың ғана емес, адамның да жаңаратын уақыты. Сондықтан әркім осы күні бір игі іс жасап, табиғатқа қамқорлық танытса, айналасын көркейтуге үлес қосса жақсы болар еді, – дейді ол.
Шынында да, көктеммен бірге келген жаңару әр адамның жүрегіне жаңа үміт пен жаңа күш береді. Ал бір тал егу немесе бір түп гүл отырғызу – табиғатқа деген қамқорлықтың ең қарапайым әрі ең әдемі көрінісі. Наурыздың Жаңару күні құтты болсын!
Ая ӘБДІЛДА,
суреттерді кейіпкерлер ұсынды
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77
