Біздің Қостанай Образование

«Келешек мектептері»: болашаққа бастар білім ордасы

2023 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасымен Қазақстанда мектептер салуға бағытталған ұлттық жоба – «Келешек мектептері» бағдарламасы іске қосылды. Жобаның басты мақсаты – оқушы орындарының тапшылығын жою, мемлекеттік тілде сапалы білім алуға мүмкіндік жасау және заманауи, жайлы білім беру ортасын қалыптастыру.

Бүгінде бұл жоба Қостанай облысында толық жүзеге асырылды. Облыстық білім басқармасының мәліметінше, бағдарлама аясында өңірде 4500 орынға арналған 6 мектеп салынды. Қазір олардың барлығы пайдалануға беріліп, оқушыларға есігін ашқан.

Атап айтқанда, мемлекеттік тілде білім беретін жаңа мектептер Қостанай ауданының Заречный ауылында, Арқалық қаласында, облыс орталығында қарқынды дамып жатқан «Аэропорт» және «Береке» шағынаудандарында, Әулиекөл ауданының Құсмұрын ауылында 300 орындық мектеп және Рудный қаласында 900 орындық жаңа мектеп ретінде ашылды.

– «Келешек мектептері» жобасының техникалық жабдықталуы аналитикалық ойлау мен IT-құзыреттерден бастап, зерттеушілік және шығармашылық қабілеттерге дейінгі дағдыларды қалыптастыруға жағдай жасайды. Бұл мектептер заманауи интерактивті жабдықтармен және пәндік кабинеттермен қамтамасыз етілген, оқушылардың жан-жақты дамуына ықпал ететін жарқын әрі ойластырылған дизайнға ие, – дейді Білім басқармасының баспасөз хатшысы Анна Лазарева.

Бұл – жаңа буын мектептері. Мұнда бастауыш, орта және жоғары буын оқушыларына арналған жеке блоктар қарастырылған. Оқушылардың танымдық қызығушылығын арттыру және ғылыми-зерттеу мәдениетін қалыптастыру мақсатында робототехника кабинеттері, компьютерлік сыныптар және STEM-зертханалар жұмыс істейді.

Сонымен қатар, оқушылардың физикалық дамуына да ерекше көңіл бөлінген. Бірнеше спорт залы, хореография залдары, белсенді ойын алаңдары, заманауи асханалар, медициналық кабинеттер қарастырылған. Ерекше білімді қажет ететін балалар үшін арнайы санитарлық тораптар мен лифтілер орнатылған.

Мектеп кітапханаларында мемлекеттік тілдегі оқу құралдары мен көркем әдебиеттердің мол қоры жинақталған. Ыңғайлы оқу залдары мен коворкинг аймақтары оқушылардың үзіліс уақытын тиімді әрі қызықты өткізуіне мүмкіндік береді. Мұның барлығы – өскелең ұрпақтың жан-жақты дамуына бағытталған маңызды қадам.

Сапалы білім мен ұлттық тәрбиенің тоғысқан ордасы

Осындай заманауи талапқа сай бой көтерген білім ордаларының бірі – 1200 орынға арналған №31 жаңа «Келешек» мектебі. Бүгінде бүл жерде бір ауысымда 1197 оқушы мемлекеттік тілде білім алуда.

– Ұжымда 87 педагог қызмет атқарады, оның ішінде 3 педагог-шебер бар. Кәсіби жолын дәл осы білім ордасынан бастаған жас мамандар да бар. Биыл ғана жоғары оқу орнын тәмамдап, диплом алып келген жас ұстаздар үшін жаңа мектеп – үлкен мүмкіндік пен жауапкершілік алаңы, – дейді директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Зоя Койтбаева.

Мектептің басты ерекшелігінің бірі – заманауи инфрақұрылым мен оқушыларға қауіпсіз, жайлы орта қалыптастыруға басымдық берілуі. Ғимаратта екі бөлек кіреберіс қарастырылған. Бірі – бастауыш сынып оқушыларына, екіншісі – 5-10 сынып оқушыларына арналған.

– Бұл оқушылардың мектепке келуі мен сабақтан тарауы кезіндегі кептелістердің болдырмауға көмектеседі. Сондай-ақ, жас балалар арасындағы қысым көрсету және буллингтің алдын алып, қауіпсіз психологиялық орта қалыптастыруға ықпал етеді, – деп түсіндірді Зоя Әбдіғаппарқызы.

Ғимаратта инклюзивті оқыту кабинеттері де жұмыс істейді. Қазіргі таңда бұл жерде ерекше білімді қажет ететін 2 оқушы білім алуда.

– Әрқайсысына жеке ассистент бекітіліп, олардың оқу процесіне бейімделуіне жан-жақты қолдау көрсетіледі. Олардың еркін қозғалысы үшін арнайы лифт те орнатылған. Мұның барлығы білім беру ұйымында тең мүмкіндік пен қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған, – деп мәлімдеді мектеп әкімшілігі.

Басты артықшылықтардың бірі – техникалық жабдықталудың жоғары деңгейі. Заманауи білім беру талаптарына сай мұнда STEM зертханасы мен робототехника кабинеттері толық қажетті құралдармен қамтылған. Бұл кабинеттер оқушылардың ғылыми-зерттеу дағдыларын дамытып, оқыту процесін жаңа деңгейге көтеріп отыр.

Ал көркем еңбек пәні үшін тігін тігу, ас әзірлеу кабинеті және ұл балаларға арналған шеберхана қарастырылған. Қыз балалардың тағам дайындау барысында ас үй комбайны сынды заманауи техникаларды қызығушылықпен меңгеріп жатқанын байқауға болады. Тігін кабинеті де компьютерленген тігін машинасы, мата шеттерін өңдеуге арналған кәсіби құрылғылармен жабдықталған. Қыз балалар осы мүмкіндіктерді пайдаланып, өз қолдарымен киім тігіп, тіпті арнайы дефиле де ұйымдастырыпты.

Оқушылардың жетістіктері де аз емес. Робототехникадан, пәндік олимпиадалардан қалалық, облыстық деңгейде жүлделі орындар болса, тоғызқұмалақтан республикалық жетістіктерге жеткен. Ал мектептің айтыскер оқушысы «Жыр керуені» республикалық айтысына жолдама иеленіпті.

Мектепте оқушылардың шығармашылық және зияткерлік қабілеттерін дамытуға бағытталған түрлі үйірмелер де жұмыс істейді. Олардың қатарында домбыра, синтезатор, барабан және бас гитарадан құралған ВИА ансамблі ерекше көзге түседі. Сондай-ақ, ерекше қызығушылық тудыратын үйірмелердің бірі – қуыршақ театры. Мұнда оқушылар өз қолдарымен қуыршақтар жасап, сахна декорацияларын әзірлеп, толыққанды қойылымдар қояды. Бір жылдың ішінде олар «Мақта қыз бен мысық», «Бауырсақ», «Үйшік» секілді танымал ертегілерді сахналап үлгерген.

Жалпы бізде 20 үйірме бар. Мысалы, ән, би, ұлттық құндылықтарды дәріптейтін тоғызқұмалақ пен асық ату үйірмелері де тұрақты жұмыс істейді. Ал «Ұшқыр ой алаңы» дебат клубы оқушылардың еркін пікір айтуына, сыни ойлау қабілетін дамытуға және шешендік өнерін шыңдауға мүмкіндік береді, – деп толықтырды Зоя Әбдіғаппарқызы.

Білім ордасының негізгі бағыттарының бірі – этноэкологиялық тәрбиеге негізделген ұлттық құндылықтарды дәріптеу. Мақсаты – ұлттық құндылықтарға сүйене отырып, инновациялық бағытта жұмыс істейтін заманауи мектеп қалыптастыру. Осы мақсатта мектепте «Тәрбие – тал бесіктен» атты жоба жүзеге асырылып келеді.

– Жоба аясында біз білім алушылардың бойына салт-дәстүрге құрметті және отбасылық тәрбиенің маңызын сіңіруге тырысамыз. Ол тек тәрбие жұмысын ғана емес, оқу процесін де қамтиды. Мектебіміздің әр бұрышы этностильмен рәсімделген. Кіреберісте жартылай киіз үй орнатылды, әр кабинетте ұлттық ерекшелік сақталған: кей кабинеттерде шаңырақ бейнеленсе, басқасында ою-өрнекпен безен дірілген бұрыштар бар, – дейді деп атап өтті мектеп директорының орынбасары.

«Келешек мектептері» – бұл тек жаңа ғимарат емес. Бұл – болашаққа сапалы білім арқылы саналы ұрпақ тәрбиелеуге бағытталған нақты қадам.

Назгүл АЗАТҚЫЗЫ,
суреттерді ұсынған №31 ЖББМ


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77