Астанада «Рухани қазына – 2023» фестивалінің жабылу салтанаты өтіп, жеңімпаздарды ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі дипломдармен және ақшалай сыйлықпен марапаттады
Бір жеті уақытқа ұласқан фестивальдің салтанатты ашылуына Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитетінің төрағасы Күміс Сейітова құттықтап, барша қатысушыларға ақ жол тіледі.
Биылғы жылы әділқазылар алқасының қарауына кітапхана саласы бойынша 78 өтінім, мәдени демалыс ұйымдарынан 70 өтінім, музей саласынан 25 өтінім келіп түскен екен. Байқау 16 номинация бойынша өткенін де айтып өткен жөн болар.
Өнер қайраткерлері мен мәдениет саласының үздіктерінен тұратын қазылар алқасы үміткерлердің еңбектеріне баға беріп, сарапқа салды.
Біздің облыстан үздік деп танылған мәдениет саласының қызметкерлері де аталмыш фестивальде бақ сынап қайтты. Бастысы бірнеше күнге ұласқан фестиваль аясында білікті мамандардан шеберлік сабақтарын өтіп, тәжірибе алды. Сонымен қоса Астана қаласының мәдени орындарына экскурсия жасау мүмкіндігіне де ие болды.
Осы жолғы фестивальден біздің облысымыздың қызметкерлері де құр алақан қайтпады. Л. Толстой атындағы Қостанай ОӘҒК көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтармен жұмыс жөніндегі бөлімінің қызметкері Анастасия Степанова “Рухани қазына – 2023” мәдениет және өнер ұйымдары мен қызметкерлерінің республикалық фестивалінде «Айрықша қажеттіліктері бар азаматтарға арналған кітапхананың үздік қызметкері» номинациясының жеңімпазы атанды.
Анастасия Владимировна мемлекеттік тілді өз ана тілімен қатар меңгерген жан. Бұл жолы да өзінің жұмысын арнайы видео ролик арқылы қазылар алқасының алдында мемелекеттік тілде ұсынып, абыроймен қорғап шықты. Өз мамандығына ғашық жан жұмыс барысында кедесетін әрбір қиындықпен күресе біледі. Сонымен қатар бүгінгі күні өзі жұмыс істейтін бөлімнің жұмысы өз алыдына ерекшелігі бар екенін де жасырмайды.
– Мен бала күнімнен кітапқа құштар болып өстім. Оқуды да ерте үйрендім. Бұл тағдыр болар бәлкім. Сондықтан болар кітапханашы мамандығын еш ойланбастын таңдадым. Алғашқы мамандығым информатик, осы сала бойынша кітапханада біраз уақыт инжинер-техник болып жұмыс істедім. Дегенменен, кітапханашы болудағы арманыма қол жеткізгім келетін. Осы ретте Алматы қаласындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетіне оқуға түсіп бала күнгі арманыма қол жеткізіп, кітапханашы ретінде екінші білімімді алдым. Қазір жұмыс барысында көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға тақырыптық көрмелер ұйымдастырамын. Бірнеше жоба аясында облысымыздың маңызы зор даталарына байланысты аудио жазбалар дайындаймыз. Сонымен қатар облысымызда көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға араналған бірнеше жобалар жүзеге асуда.Көру проблемалары бар адамдар арнайы кітапханалық қызметке мұқтаж. Тапсырмалардың бірі – ақпаратты осы оқу тобына барынша қолжетімді ету. Осы мақсатта біз “облысымыздың күнделікті өмірі” жобасын іске қостық. Зағип және нашар көретін азаматтар үшін мерзімді баспасөзден мақалаларды оқудың аудиожазбалары, оның негізгі бағыты “Туған жер-Туған ел”. Мақаланы таңдау кезінде маңызды оқиғалар, мерейтойлық күндер, тарихи аспектілер және т.б. ескеріледі. Содан кейін айдың соңында бедерлі-нүктелі қаріппен брошюра шығарылады.
Мен мерзімді басылымдардағы мақалалардың библиографиялық сипаттамасымен айналысамын. Сондай-ақ, мен жүйелі және алфавиттік каталогтарда карталарды орналастырамын және өңдеймін.Үлкейтілген жалпақ баспа және Брайль шрифтімен жасалған шағын формадағы нұсқаулықтарды, басылымдарды шығарамын. Сонымен қатар кітапханада Парасат жолы жобасы жұмыс істейді, оның аясында түрлі мамандықтағы адамдармен кездесулер – әңгімелер өтеді. Осы еңбегімнің нәтижесін республикалық фестивальде қорғап шықтым. Өз мамандығым бойынша жетістікке жету мен үшін үлкен қуаныш, деді Анастасия Степанова.
Аталмыш фестиваль 2018 жылдан бастап жыл сайын өткізіліп келеді. Бұл – өңірлердегі кітапханалар, музейлер мен мәдени ошақтардың жұмысын жетілдіріп, қызметкерлерін ынталандырып отырған біргей бастама.
Жан ШАЙМЕРДЕН, суретті ұсынған Анастасия Степанова
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77