Образование

Ұрпағымыз қазақ тілінде білім алса – ұлтымыздың жарқын келешегі болмақ

 Соңғы үш жылда қаламызда мемлекеттік тілде білім беретін мектептер мен бала бақшадағы қазақ топтардың саны артқан

Қостанай жұртшылығы орысша ойлап, орысша сөйлейді. Жалпы, Қостанай облысы десең, «қазақша білесің ба» дейтін ұғым қалыптасқан аймақпыз. Оны өзіміз Ресейге жақын жатқаннан шығар деп пайымдап алдық. Бірақ қазақ Ресейге жақын жатса, Өзбекстанға жақын жатса да қазақ болып қалуы керек емес пе.

Сондықтанда баршамыздың көңілімізде жүретін бір сауал Қостанай жерінде балалардың басым бөлігі қазақша білім ала әлде орысша оқи ма? Бұл сауалдың кез-келген оқырманды толғандыратыны белгілі. Сондықтан биылғы жаңа оқу жылы басталғалы тұрған сәтте қазақ тілінде білім алуға қанша бала ниет білдіріп отырғанын сұрап, қазақ сыныптарының санын білген едік. Сауалымызды Қостанай қаласының білім бөліміне жолдап, жауабын да алдық.

Бүгінде мемлекеттік тіл саясатын іскеасыру шеңберінде қаланың білім беру жүйесінде мемлекеттік тілде оқитын балалардың санын арттыру мақсатында  Жол картасы жүзеге асырылуда екен.

Осылайша, соңғы үш жылда мемлекеттік лицензиясы бар ұйымдар желісі өскен. 2019 жылы қалада мемлекеттік тілде оқытатын №28 мектеп-гимназия ашылды. Сонымен қатар, 2022 жылы №115 аралас мектептегі орыс тілінде оқытатын сыныптарды біртіндеп шығару аясында толығымен мемлекеттік тілде білім беруге көшетін көрінеді.

Сондай-ақ, 2019 жылдан бастап «Юбилейный» және «Аэропорт» шағын аудандарында №29, №27, жалпы білім беретін  жаңа мектептер ашу есебінен аралас мектептер саны артқан.

Осылайша, Қостанай қаласының білім беру ұйымдарының желісі бүгінгі күні 36 білім беру ұйымынан тұрады. Оның ішінде 8 мемлекеттік тілде оқытатын мектеп (№24 мг, 28,№9 ОМ, 10, 15, 20, СМГ,№115 ЖББМ), тағы 8 аралас тілде оқытатын мектеп (ЧНМ, 11, 17, 18, 27, 29, ДОМ, 115). Үстіміздегі жылы мемлекеттік тілде оқытатын 1-сынып физика-математикалық лицейі базасында да ашылады.

2021-2022 оқу жылының қорытындысы бойынша мемлекеттік тілде оқитын оқушылар саны 5839 оқушыны құрап отыр. Бұл 282 қазақ сыныптарының жиынтығы.

Мемлекеттік тілде оқытумен қамтуды ұлғайту мақсатында қаланың 9 мектебінің базаларында бастауыш сынып оқушылары үшін 2500-ден астам оқушыны қамти отырып, ұзартылған күннің 115 тобы ашылған. Олар (№9 ЖББМ, №10 ЖББМ, №11 ЖББМ, №15 ЖББМ, №18 мектеп-гимназия, № 20 ЖББМ, №28 мектеп-гимназия, №115 ЖББМ).

Қазақ сыныбына кішкентайынан бала бақшада қазақ тобында тәрбиеленген бүлдіршіндердің баратыны белгілі. Қазақ сыныбының көп болуы балалақшадағы қазақ топтарының санымен тікелей байланысты. Баласын қазақша оқытамын деген ата-ана бірінші кезекте баласын бала бақшадағы қазақ тобына беруі керек.

Бүгінде қаламызда бала бақшалардағы балалардың қаншасы қазақ топтарына барып жүргенін талдау барысында  қазақ балаларының 58 пайызы қазақ топтарында тәрбиеленіп жатқаны белгілі болды. Бұл 7055 баланың ішінде  4077-сін құрайды. Сондай-ақ бұл көрсеткіш тұрақты өсуде көрінеді. Егер 2019 жылы 20 бөбекжайда мемлекеттік тілде сөйлейтін 95 топ жұмыс істесе, бүгінде бұл 24 бөбекжай-балабақшасы базасында қазақ тілінде 126 топ бар екен.  Бұл көрсеткіш  соңғы үш жыл ішінде топтар саны 31 бірлікке артқанын (бұл шамамен 600 бала) көрсетеді. Атқарылған жұмыс есебінен бүгінгі күні топтардың қазақ және орыс тілдерінде білім алу арақатынасын теңдестіруге мүмкіндік туды. Мысалы, №8 бала бақшада 2019 жылы орыс тілінде жұмыс істейтін 10 топқа тек мемлекеттік тілде жұмыс істейтін 2 топ болса, бүгінде мұнда мемлекеттік тілде сөйлейтін 5 топ болып отыр. Ал орыс тілінде 7 топ бар.

Жоғарыдағы көрсеткіштерден бала бақшаларындағы қазақ топтарға балаларын әкеліп жатқандардың саны артып отырғанын байқаймыз. Соңғы уақытта қызық тілінде білім оқытатын білім ордаларының саны да артқан. Бұл біз үшін қуанышты жағдай.

Келешекте қазақша ойлайтын, сөйлейтін, түсінетін ұрпақ қалыптастыра алсақ – еліміздің жарқын келешегіне нақты қадам жасаған болар едік. Бүгін қазақша білім алған бала – ертеңгі елінің, халқының, тілінің  шын жанашыры болары хақ.

Аягөз КӘКІМЖАНОВА

Суретті қалалық білім бөлімі ұсынды


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77