А.Байтұрсынұылының 150 жылдық мерейтойына орай тіл оқытушылары арасында өткен сайыстың басты мақсаты-ересектерге қазақ тілінен сабақ берудің сапасын арттыру болды
Үстіміздегі жылы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтіп жатқан Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы аясында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Тіл саясаты комитеті, Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен Тараз қаласында тіл оқытушыларының арасында өткен республикалық байқау өз мәресіне жетті.
Байқауға әр өңірден жүзден жүйрік атанған 12 үміткер қатысты. Жыл сайын дәстүрлі сайыс әдіскер ғалымның тіл оқыту, үйрету саласындағы еңбектерін зерделеу арқылы оның тіл меңгеруге қатысты ұтымды әдіс-тәсілдерін анықтауды және насихаттауды, сонымен қатар оқытушылардың кәсіби біліктілігін жетілдіре отырып, ересектерге қазақ тілінен сабақ берудің сапасын арттыруды, өзара тәжірибе алмасуды мақсат тұтады.
Бұл мерейтойылық білім мен білік сынағы түсетін кезекті бәйгенің биылғы басты ерекшелігі-Ахмет Байтұрсынұлының әлемдік деңгейде аталып өтіп жатқан мерейтойы аясында өткендігі болса, осындай жүрекке жылы тиген тағы бір тұсы-қойнауы құт, мыңдаған талант туған жомарт, жұмақ мекен, мәдени-рухани құндылыққа бай өлке, әйгілі Әулиеата өңірінде, соның ішінде тарихымыздың темірқазығы Таразда өтуі болып отыр.
Сондай-ақ аталмыш байқаудың жаппай бұқаралық мазмұнға ие болуының және бір мәнісі, қатысушылар бұдан біраз бұрын Facebook желісіндегі tilqazyna парақшасына өз бейнесабақтарын жариялап, тіл тағдырына немқұрайлы қарамайтын қалың оқырман қауымға пікір білдіруге мүмкіндік туғызды. Сол себепті сайыстың алғашқы кезеңінде әр үміткер өзін бірден таныстыруға көшіп, қазақ тілін оқытудағы өзінің жинақтаған тәжірибесі негізінде авторлық бағдарламасын ұсынса, қазылар алқасы өз кезегінде түйінді пікірін білдірді.
Байқаудың келесі кезеңі АхметБайтұрсынұлының зерттеушілік мол мұрасына, еңбектеріне,соның ішінде оқыту әдістемесінің мазмұнына, оның ғылыми тұжырымдарына, сонымен қатар қазіргі заманғы тіл үйретудің соңғы технологиялары мен әдіс-тәсілдеріне арналды.
Қатысушылар қалаған ұяшықтағы жоғарыда аталған бағыттар бойынша алдын ала дайындалған сұрақтарға санаулы минуттар ішінде жауап беріп отырды. Байқаудың соңғы шешуші кезеңі арнайы сынама топтың қатысуымен жағдаяттық түрде өтті. Үміткерлер тіл үйренушілерге сөйлеу әрекетінің төрт түрі бойынша (оқылым, жазылым, тыңдалым, айтылым) тапсырмалар беріп, аудиториямен жұмыс жасау қабілетін сынаққа салды. Әсіресе, тапсырманы оорныдауға топ мүшелерін белсенді қатыстыру жағы қатаң ескерілді.
Бірнеше кезеңнен тұратын байқауға қатысушылар, бұрынғы жылдармен салыстырғанда, Ахмет Байтұрсынұлының есіміне құрметпен қарап, ерекше көңіл-күймен тыңғылықты дайындалып келгенін байқатты.
Кілең дүл-дүлдер арасынан жеңімпаздарды анықтау оңайға түспегені белгілі. Қостанай облысының атынан барған «Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Айнұр Миркемелова жүлделі 3-ші орынды жеңіп алды.
– Байқау жоғары деңгейде өтті. Өзім бұл сайысқа екі айдай дайындалдым. Бізге басында сұрақтар ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының шығармашылығы төңірегінде болады деген еді. Бірақ кейін байқау талабы өзгеріп, қазақ тілін оқыту әдістемелік бағдарламасынан да көп сұрақтар қоылды. Байқауға дайындық барысында ұлт ұстазының көптеген еңбектерін ақтарып, білімімді барынша жетілдірдім. Осы ізденісімнің арқасында жүлделі орынға ие болдым.
Өзім сияқты тіл оқыту мамандарымен кездесіп, тәжәрибе алмастым. Тың мәліметтермен таныстым. Ерекше әсер алдым. Мұндай кең көлемде өтетін байқаулардың тіл оқытушылары үшін маңызы зор деп білемін,-дейді байқау жүлдегері Айнұр Миркемелова.
Сайыс қорытындысы бойынша Бас жүлдені Қызылорда облысынан келген оқытушы жеңіп алса, 1-ші орынға Жамбыл облысының оқытушысы жайғасты. Екі 2-ші орынды Қарағанды мен Ақтөбе облыстарынан келген оқытушылар бөлісті. Ал үш 3-ші орынды Қостанай, Павлодар, Ақмола облыстарынан барған оқытушылар иеленді.
Міне, осылайша Ахмет Байтұрсынұлының ізімен тіл оқытуда еңбек етіп жүрген оқытушылар өздерінің білімдері мен тәжірибелерін республикалық деңгейде дәлелдей білді.
Аягөз КӘКІМЖАНОВА
Сурет «Тілдарын» оқыту орталығынан алынды
Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77