Социум

Қыруар қаржы жұмсалған аялдамалардың жай-күйі қандай?

Қостанайда жуырда ғана пайда болған жылы аялдамалар қаңғыбастар жиналып жылынатын орынға айналуда. Аязды күндері қостанайлықтар үшін автобус күту оңай емес. Ал, жазда салқын, қыста жылы болады деген аялдамалардың игілігін тұрғындардан гөрі көше кезбелері көріп жатыр.

Қала бойынша әзірге әр тарапқа бір-бір жылы аядама орнатылды. Алайда, қыруар ақша жұмсалған аялдамалар қолқаны алатын иіс, лас, одан қала берді бұл жерде түнеп шыққан қанғыбастар ішіп-жеп тағам қалдықтарын, бос бөтелкелерін тастап кетеді.

Тұрғындардың айтуынша бұл жылы аялдамалар қанғыбастардың үйіне айналғандай.

– Мен, күнделікті жұмыстан үйге ораларда «Балалар әлемі» аялдамасынан автобусқа отырамын. Бұған дейін бұл жерде аялдаманың белгісі ғана болған еді, тіпті күрке де болмады. Міне, биылғы жылы көптен күткен жылы аялдама да орнатылып халық қуанышқа бөленіп еді. Енді көңіліміз су сепкендей болып отыр. Жылы аялдамаға кіріп жылынбақ түгелі жанына жақындауға жиіркенішті. Қай уақытта болмасын іші-сырты толған қаңғыбастар. Бұған дейін қалада қаңғыбастар азайған екен ғой деп ойлайтынмын, жылы аялдамалар пайда болғалы қаланың қақ ортасынан бұлар енді жол бермейтін болды. Тіпті, өткендері қақаған аязда қаншама халық балаларымен далада автобус күтуге мәжбүр болды. Жылы аялдаманың іші қоңсы иіс, шыны есігі айбақ-сайбақ кір. Оның бәрі осы кезбелердің кесірі. Өздері адамдардан қымсынбайды да өз үйлерінде жатқандай ұйықтап жатқандарын да көрдік. Аялдамаларға бір мезгіл патрульдік рейд жүргізілсе. Шамалы болса да мұндай жағдайлар азаяр ма еді, – деді қала тұрғыны Данагүл Дүйсенова.

Біз де өз тарапымыздан қала ішіндегі жылы аялдамалардың жағдайын қарап шыққан болатынбыз. Ең лас, әрі кезбелердің көп шоғырланған жері қала орталықтарынан кездесті. Бұрындары топ-тобымен Досжанов көшесінің бойындағы «Балабақша» аялдамасының артындағы жылу жүйесінің бойында және «Радуга» аялдамасында отыратын кезбелердің қазір біреуі де жоқ. Бәрі де жылы аялдамалардан орын тапқан.

– Біздің «Аэропорт» шағын ауданына да жылы аялдама орнатылғанына қуаныштымыз. Біздің шағын аудан қаладан тысқары орналасқаннан болар әзірге кезбелердің жүргенін көрмедім. Аялдамамыз таза әрі жылы. Халық игілігін көріп отыр, – деді шағын ауданның тұрғындары.

Сондай-ақ, қаңғыбастар қаланың көркі мен мәдениетіне нұсқан келтіру мен қатар түрлі ауырулардың таралуының басты нысаны екені де белгілі.

Жан ШАЙМЕРДЕН, суретті түсірген автор


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77