Біздің Қостанай

Өңір мақтанышы

Қазақстанның халық әртісі Елубай Өмірзақов хақында

Таран ауданының тумасы

Қазақ өнерінде есімдері алтын әріппен жазылған ерекше тұлғаның бірі – біздің даңқты жерлесіміз Елубай Өмірзақов екендігі айдан анық. Мәдениетімізді өркендетуде өшпес іздерін қалдырған Серке Қожамқұлов, Қапан Бадыров, Әнуар Боранбаев секілді дарынды өнер өрендерін де жақсы білеміз.

Біздің Елубай ағамыз 1899 жылы 1 қаңтарда облысымыздың Таран ауданында дүниеге келді. Оның аты-жөні театр өнерінің негізін қалаушыларының бірі ретінде де баршаға мәлім.

Көрнекті тұлға айтулы актер болды. Негізінде ол өзіміз Би аға деп ардақ тұтатын Бейімбет Майлиннің ықпалын көп көрген. Себебі, ол келешек өнер адамының талантын ерте танып, оны баулыған және оқуға тартқан.

Сол кездері Бейімбет ағамыз ауылдық жерде ұстаз болған екен. Дарынды жас 1919 жылы «Қызыл керуен» труппасының жұмысына белсене атсалысып, өзінің бойындағы талант ұшқынын айналасындағыларға көрсеткен.

Сол кезеңдердегі жастардың білімге деген құштарлығы ерекше болатын. Осы сөзіміздің нақты дәлелі ретінде ол 1923-1925 жылдары Орынбор қаласындағы қазақ халық ағарту институтында оқыды.

Даңқты актердің актерлық қырлары сол өзі білім алған Орынбор шаһарындағы Свердлов атындағы клуб жанынан ұйымдастырылған әуесқойлар труппасының «Еңлік Кебек» және «Малқамбай» деп аталатын спектакльдерінде Абыз бен Малқамбайдық рөлдерін шеберлікпен орындап, көрермендердің тарапынан ерекше ілтипатқа ие болған-ды.

Осы өзіне деген ықылас оның сенімділігін, театр өнеріне деген қызығушылығын барынша арттырды. Тынымсыз ізденіс үстінде болды.

Көзі қарақты оқырман 1925 жылы бұрынғы астанамыз Қызылорда қаласында Қазақ мемлекеттік драма театры құрылғандығын білсе керек. Онда бірқатар білікті өнер майталмандарының қатарында талантты жерлесіміз Елубай Өмірзақов та алғашқы ұлт театрының ірге тасын қаласуға айтарлық үлесін қосты.

Содан кейін ол қазіргі Алматыдағы Қазақ мемлекеттік академиялық және опера балет театрын ұйымдастырушылардың бірі ретінде де көпке мәлім. Аталған өнер ордасы 1934 жылы көрермендерге есігін айқара ашқан болатын.

Мысалы, ол қазақтың классик жазушысы Мұхтар Әуезовтың және И. Коцевтің «Айман-Шолпан», Бейімбет Майлин мен Евгений Брусиловскийдің «Жалбыр» деп аталатын музыкалық спектаклінде халық өкілдері болып табылатын Жарас пен күзетші Қайрақбайдың бейнелерін сомдады.

Есімі филармонияға берілді

Ол сонымен 1930-1940 жылдары театр сахнасында актерлік шеберлігін шыңдаумен қатар радио мен филармонияда эстрадалық концерттер мен кино өнерін дамытуға айрықша үлесін қосып, сан қырлы дарын иесі екендігін іс барысында дәлелдеді.

Мәселен, ол әйгілі халық батыры Амангелдінің, содан кейін осы аттас фильмде өзінің қайталанбас өнер адамы екенін көрсете білді. Атақты қаламгер Мұхтар Әуезовтың «Түнгі сарын» және «Абайында» Жарас пен Дәркенбайдың да бейнесін өте сәтті шығарды.

Оған1952 жылы КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты мәртебелі атағы берілді. Бұл оны ерекше шабыттандырды.

Егер оның ойнаған рөлдерінің санын есептейтін болсақ, өте қомақты. 150-ден астам кейіпкерлерді жүректерге жеткізе білді. Олардағы шығарған рөльдердің бәрін баяндап шығу да мүмкін емес.

Ол өз замандастарының алдыңғы қатарында болды. Актердің шеберлігі сахнадағы қимыл-қозғалысынан, әрбір кейіпкерінің мінезі мен табиғатын ашудан ерекше байқалып тұратын.

Нағыз сахна суреткері ретінде оның есімі мәдениет тарихында алтын әріптермен жазылып қалды. Өзінің бүкіл дене бітімін құбылтып, шын беріле ойнайтын атақты тұлғаның 1938 жылдан бастап киноға түсе бастағанын да айтып өткеніміз абзал.

Осы арада сөзіміз нақты болу үшін бірқатар деректер мен дәйектер де келтіре кетелік. Мысалы, ол «Абай» әнінде Ерденнің, «Дала қызында» Ақтамбайдың, «Атамекенде» бақсының бейнелерін жеріне жеткізе ойнады.
Даңқты жерлесіміздің шеберліктері ескерусіз қалмады. Оған 1968 жылы Қазақ КСР мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағы да берілді. Ардақты ағамыз кешегі атың өшкір сұм соғысқа да қатысты.

Онда қазақ деген ұлттың намысын бермей алғы шепте болды. Отан үшін от кешкен жауынгерлерге мәдени қызмет көрсетіп, олардың рухын көтерді. Патриоттық сезімдерін оятты.

Тұлғаның әншілік өнері де кейінгілерге өнеге болатын. Мысалы, ол халық әндері «Шәпибаяу» «Кербесті», «Нақ-нақ», «Қыздар-ау», «Заулатшы-ай» секілді туындыларды жеріне жеткізе орындайтын.

Оның өнерге сіңірген еңбегі кезінде мемлекет тарапынан лайықты бағасын алды. 1931 жылы өзі секілді сахна шеберлерінің қатарынан қазақтың алғаш режиссері Жұмат Шанин екеуі театрдың бес жылдық мерейтойына байланысты Қазақстанның тұңғыш халық әртісі атағына ие болды.

Ол арамызда жоқ болғанмен, қазақ халқы оны әрқашан да өздеріне үлгі тұтады. Кейінгі жастар оған еліктейді. КСРО және Қазақстан мемлекеттік сыйлықтарының иегері тұрған Алматыдағы үйінің қабырғасына мемориалдық тақта орнатылды.

Осы қалада оның есімінде көше де бар. Қостанайлық бауырлар да ардақты ұлын ұлықтап, осындағы өнер ордасы болып табылатын үлкен филармонияға есімін берді. Кезінде ол Ленин ордені және бірқатар медальдарға ие болды.

Сондай-ақ 1969 жылы Қостанай қаласының құрметті азаматы атағы беріліп, өңірдегі беделді тұлғалардың қатарында ілтипат жасалды.

Оразалы Жақсанов


Много сидишь в социальных сетях? Тогда читай полезные новости в группах "Наш Костанай" ВКонтакте, в Одноклассниках, Фейсбуке и Инстаграме. Сообщить нам новость можно по номеру 8-776-000-66-77